Жаңалықтар

ЖАПОНИЯНЫҢ ЖАҢА ЖОЛЫ

ЖАПОН ПАВИЛЬОНЫ «SMART MIX WITH TECHNOLOGY» ТАҚЫРЫБЫНДА КҮНШЫҒЫС ЕЛІНІҢ ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ КҮШ-ҚУАТЫН ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІГІН ӘЛЕМ НАЗАРЫНА ҰСЫНБАҚ.

erm_7918

Өзінің даму жолында Жапония энергетикаға қатысты мәселелерімен бірнеше рет бетпе-бет келді. Жапония экономикасы 1960 жылдары қарқынды дамыды. Энергия шикізатын көп мөлшерде импорттау мен индустрияландыру нәтижесінде халықтың тұрмыс деңгейі айтарлықтай көтерілді. Алайда 1970 жылы өңделмеген мұнай бағасы кенет қымбаттап, жапон экономикасына нұқсан келтірді. Осы сәтті пайдаланып, Жапония энергия үнемдейтін автокөліктерді, тұрмыстық техниканы шығарды. Сонымен қатар, атом энергетикасы сияқты баламалы энергия көздерін пайдалану арқылы табиғи қоры аз мемлекет мұнайға негізделген экономикадан алшақтауды мақсат тұтты. Энергетика саясатына қарай ығысып, Жапония дамудың жаңа жолын бастап кетті.

erm_7926
Ал жаһандық жылынудың алдын алу мақсатында көмірқышқыл газының бөлінуін азайтуды қолға алды. Нақтырақ айтсақ, жаңартылатын энергия көздері саласындағы технологияларды әзірлеуді бастады. Бастапқыда өндірістік және көлік жүйесіне енгізілген энергия үнемдеу әрекеті кейін халықтың өмір сүру салтына айналды. Нәтижесінде билік Жапония экономикасын қалыпты деңгейде сақтай отырып, энергия тұтынудың өсімін азайтуда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді.
2011 жылы болған зілзала мен цунамиден кейін мемлекеттің энергетика саясатында жаңа бағыт ұстанудың қажеттілігі туындады. Энергия шикізатынан кейін Жапония жинаған тәжірибесі мен технологиясын қолданып, қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Жапонияның бұл саладағы алар белестері әлі алда дейді ұйымдастырушылар.

erm_7976 Елдің энергетика саласында туындаған мәселелер мен оларды шешу жолдары жапондықтардың павильонында көрініс тапқан. Алғашқы екі аумақ тақырыпты тереңінен түсінуге арналса, павильонның үшінші аумағында келушілер жапондықтардың үйде энергияны қалай үнемдейтінін тамашалай алады.
Жапония ұлттық павильонының комиссары Накамура Томиясуның айтуынша, ұйымдастырушылар көрмеге сутекті жанармаймен жүретін көлікті алып келуге дайын еді. Алайда әуе компаниясы қауіпсіздік шараларын ескере отырып, бұған рұқсат берген жоқ.
– Негізінде, бұл – кәдімгі көлік. Ерекшелігі – газ шығатын түтіктен су ағып отырады. Сол судың дәмін татып көрсеңіз де болады, тап-таза, тұп-тұнық. Мұндай көліктер қоршаған ортаны мүлдем лас­тамайды. Toyota және Honda сияқты әлемдік маркалар екі-үш жыл бұрын сутекті көліктерді шығара бастады, – деді ол.

erm_7928
Жапон тілінде «моттайнай» және «ариготай» деген сөздер бар. Бұл жапондықтар кез келген нәрсені шүкіршілікпен қабылдап, қолда барды соңына дейін ұқыпты пайдалану керек деген пәлсапаға келеді. Қағида энергияны тұтынуға да қатысты. Жапонияның табиғи ресурстары аз. Алайда энергетика саласына ерекше көңіл бөліп, технологияларды дамытып, мемлекет өзі қоршаған ортадан энергияны алуды сәтті игерді.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button