Басты ақпарат

Төрткүл дүние көз тігеді



6 шілде күні еліміздің бас қаласы – Астананың 20 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Бұл мерекеге орай елордамыз шетелден және өңірлерден 1 миллионнан аса туристерді қабылдауға дайын.

АСТАНА – БЕЙБІТШІЛІК ҚАЛАСЫ

Сыртқы істер министрлігінде Астананың 20 жылдығына арналған іс-шаралар таныстырылды. Жиынға қала әкімі Әсет Исекешев, Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, G-Global басшысының орынбасары Мұрат Қарымсақов қатысты.
Қайрат Әбдірахмановтың айтуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың халықаралық статусына ерекше мән береді. «Елорданың жаһандық дипломатиядағы миссиясы, қазіргі күрделі мәселелерді реттеудегі маңызы мен ұстанымы, әріптестік байланыс орнатудағы рөлі аса маңызды. Астана мерейтойы – ұлттық әрі халықаралық ауқымды оқиға. Сыртқы істер министрлігі елорданың 20 жылдығына дайындықты бастады» дей келе, министр мырза жиналған қауымды мерекеге белсене атсалысуға шақырды.
5 маусымда министрлік ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы­ның кітапханасымен және қо­­­рымен бірлесіп, «Астана – бей­­бітшілік қаласы» атты халықаралық конференция ұйым­дастыруды жоспарлауда.
Бұл шара – тек Астана үшін маңызды емес, өз мемлекетімізді таныстыруға тамаша мүмкіндік. Келелі жиында өңірдегі және әлемдегі қауіпсіздік және даму мәселелері талқыланып, қалаға «ақылды» технологияларды енгізу мен елорданың қаржы, сауда және көлік инновациялық хабы ретіндегі даму жоспары сөз болады.
Сондай-ақ, министр шетелдегі қазақстандық елшілер еліміздің өнер майталмандарының қатысуымен концерттер, фотокөрмелер, түрлі конференциялар, Астанаға арналған өзге де іс-шаралар өткізіп жатқанын айтты.

МИЛЛИОН ТУРИСТ КЕЛЕДІ

Сөз кезегі тиген Астана әкімі елорда мерейтойына орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктерінің қолдауымен 600-ден астам ауқымды мерекелік бағдарлама дайындалғанын айтты.
Әсет Исекешев елорда 2018 жылы шетелден және аймақтардан келетін 1 миллионнан астам турис­терді қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. «Қонақтарды қарсы алуға қалада 200 қонақүй мен 1100 қоғамдық тамақтану орны әзірленген. Әуежайдың жаңа терминалы мен жаңа теміржол вокзалы қабылдауға дайын. Негізгі шаралар өтетін орындарға шаттл автобустары қатынайды. 1-10 шілде аралығында құқық қорғау органдарының 2,5 мың қызметкері күшейтілген режімде жұмыс істеп, қауіпсіздік жіті қадағаланады. Одан басқа, Ұлттық ұлан сарбаздары жұмылдырылады. Қажет болған жағдайда, 13 медициналық мекеменің көмегіне жүгінуге болады» деді қала басшысы.
– Елорда күніне орай 7 жаңа саябақ пен гүлзар ашылып, 40 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 157 мың шаршы метр алаңға гүл егіледі. Аула аймақ­тарын, қоғамдық алаңдарды абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. 20 жылдық қарсаңында 100-ден астам аула тапсырылса, жыл соңында аула саны 400-ге дейін жетеді. Мұның барлығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жеке инвесторлардың қаражатымен абаттандырылмақ. Елорданың бір топ өнерпазы ел аймақтарына арнап «Астанадан ақ тілек» мерекелік бағдарламасын ұсынады, – деп жоспарлармен бөлісті Әсет Исекешев.
Шаһар басшысы шетелдік дип­ломаттарды 2-3 шілдеде Мемлекет басшысының бастамасымен өтетін «Global Silk Road» Жібек жолы елдерінің қала әкімдері
форумына шақырды. Бүгінде оған 51 елден 1500 қатысушы тіркелді. Форумға әлемнің түк­пір-түкпірінен саяси, ғылыми және іскерлік топтардың өкілдері, әртүрлі қалалардың әкімдері бас қоспақ. Astana Finance Days аясында «Астана» халық­аралық қаржы орталығының тұсаукесер рәсімі болады.
Астана қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының бастығы Болат Мажағұлов 600-ден астам мәдени-спорттық шаралар туралы кеңінен мәлімет берді. «Астананың 20 жылдығын атап өтуде ұлттық болмысты сақтау­ға бағытталған шаралар көптеп ұйымдастырылмақ. Әкімдік 1 шілдеде «Қазақ елі» монументі алаңында Ұлттық домбыра күнін атап өтеді. «Көшпенділер әлемі» этнофестиваліне Түркия, Болгария, Венгрия, Башқұртстан, Қыр­ғызстан елдері қатысады. Одан басқа, «Астана Арқау», «Spirit of Astana» музыкалық фестивальдері, «Қазақстан Барысы» турнирі сияқты дәстүрлі шаралар болады. Шет аймақта орналасқан 10 тұрғын үй алабы да мерекелік шаралардан қалыс қалмайды.
Толық мәлімет 21 мамырдан бастап www.astanaday.kz сайтында жарияланады» деді ол.

САУД АРАБИЯ СОФИЯСЫ – АСТАНАДА

Ал G-Global басшысының орынбасары Мұрат Қарымсақов Сауд Арабиясы азаматшасы атанған София роботы Астанаға арнайы келетінін мәлімдеді. Ол Жібек жолы елдері қалаларының мэрлер форумына қатысады. «Роботты құрастырушы Бен Герцель форумға спикер ретінде қатысуға келісімін берді. Меніңше, гиноид Софияның елордаға келуі ең қызықты шаралардың бірі болады» деді G-Global өкілі. Бүгінде J.P. Morgan Chase корпорацияның директорлар кеңесінің төрағасы Джейкоб Френкель, Болгарияның бұрынғы президенті Петр Стоянов, Қытайдың AngelVest қорының ортақ құрылтайшысы Девид Ченнің форумға қатысатындары белгілі деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум жұмысы жемісті болған жағдайда, Жібек жолы елдері қалалары мэрлерінің клубы ашылады. Ғылым, білім беру, әдебиет, туризм, спорт, бизнес, мемлекеттік емес ұйымдардың қауымдастығы да осы алаңда құрылады.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button