Басты ақпаратТағзым

Жаралы жылдар тарихы тереңде жатыр

Бүгіндері өркендеуге бет алған еліміздің өткені өксікті күндерге толы екені тарихтан аян. Басқасын айтпағанда, 1921-37 жылдары Кеңестік өкіметтің қазаққа қарсы жүргізген сұрқия саясатының салқынын көзі қара, тілі сары-ала ұрпаққа қарап әлі сезінесің.

Қатыгез империяның қолдан жасаған ашар­шылығы мен қуғын-­сүргіні болмағанда бұл күні төл тіліміздің мәртебесі биік, мәуелі әдебиетіміздің құ­ла­шы кең, ата дәс­түріміздің ая­сы ауқымды болар ма еді? Ең бас­­тысы, саны 40-50 миллионға жуық­тайтын, шалқып-тасыған ұлыс болып ұйысып отырар ма едік?
Қызыл қырғынның қазақ халқына тартқызған тауқыметін өзге халықтар көрмеді. Тіпті қылышынан қам тамған Қытай императорлары 1757 жылы жоңғарды қырғанда 1 миллиондай адам ажал құшыпты. Ал қазақ жерінде, 1921-1922 жыл­дардың өзінде-ақ, сойқан жүйенің сойылынан 1 млн 700 мың адам қаза тапты. 1932-1933 жылдары 2 млн 200 мың адам ашаршылықтан көз жұмды.

Осылайша, 1920-1930 жылдар аралығында аштықтан, кәмпескелеуден, қуғын-сүргіннен қазақтар 4 миллионға жуық адамынан айырылды. Оның сыр­тында миллиондаған қазақ өзге елдерге қоныс аударып кетті. Демографтар 1 млн 30 мың адам шетел асқан деген дерек келтіреді. Олардың 616 мыңы сол жақтарда қалып қойса, 414 мыңы қайта оралған екен. 1926-1929 жылдары Ресейдегі қазақтардың саны 2,3 есеге, Өзбекстанда 1,7 есеге, Түрікменстанда 6 есеге, Тәжікстанда 7 есеге, Қырғызстанда 10 есеге көбейген.

Әрине, олар табиғи өсім жолымен емес, аштық пен кәмпескелеуден қашып, бас сау­ғалап барғандар арқылы өскені даусыз.
Зұлымдық империясының халқымызға келтірген тағы бір залалы – ұлттың ұлы перзенттерін ашық айдында тұншық­тырып, қазақ өркениетінің алтын тамырына балта шабуы. Алаш арыстары бастаған қазақтың марқасқалары қасіреттің қақпасына қамалып, көгермей көктей сола берді.
Құдайға қарсы қоғам құрып, дінді апиын деген Кеңестік жүйенің алғашқы жылдары тек қазақтың ұл-қыздары ғана емес, тіл мен діні, әдебиеті мен мәдениеті қуғын көргені тағы бар. Мәселен, ХХ ғасырдың 20- жылдарынан бастап дінді қудалау мықтап қолға алынды. Талай мешіт пен медресе қирап, ат қораға айналды. Сталиндік қуғын-сүргіннің басында ұлтшыл, алашшыл деген сылтау тұрса, оған діншіл деген сылтау тағы қосылды. Жазығы жоқ болса да, талай молда атылып, талай қажы түрме азабын көрді. Сол жылдары белсенділер Абайды «бай, кулак, феодал, діншіл» деп айтып жатса, «бісміллә» деп сөз бастаған ақындарымыздың шығармалары басылмады. Әйгілі Ыбырай Алтынсариннің «Бір Аллаға сыйынып, кел, балалар, оқылық!» деп басталатын өлеңінің алғашқы жолы санадан да, кітап беттерінен де өшірілді. Ал, шын мәнінде, 1884 жылы Ы.Алтынсарин «Шариғат әл-Ислам» деген кітап шығарған екен. Бірақ бұл еңбекке кеңестік кезеңде тыйым салынды.
Әйгілі Қожа Ахмет Ясауидің еңбектерін материалистік көзқараста болмағандықтан, тіпті айтуға да болмайтын еді. Кейінгі ақындарымыздың жырларында Алланың аты аталса, ол еңбектер кітап болып басылмады. Сол кездері талай діни және әдеби кітаптар құрыды. Ғасыр басында Пайғамбарымыздың өмірін, хадистерін, Құран аяттарын, хикаяларын жырлайтын еңбектер көп еді. Қазақтардың арасында «Шәкір-Шәкірат», «Хасен-Хуссейн», «Хадиша қыз», «Хазірет әлінің жорықтары», «Төрт шадияр», «33 мың сахаба» туралы жырлар кең таралған болатын. Бәрі де елді имандылыққа тәрбиелейтін шығармалар еді. Бұл кітаптар мен жырлар исламнан бастау алған, ислам тарихындағы нақты оқиғаларды сипаттайтын. Бірақ олардың көбі бізге жетпей қалды. Өйткені сол кездегі саяси жүйе олардың көзін жойды.
Қуғын-сүргін тақырыбын қоз­ғағанда ескере кететін өте ауқымды мәселе, біз күні бүгінге дейін оны жиырмасыншы ғасыр­дың 30-50 жылдардың арасындағы оқиғалар ретінде ғана қарастырып келеміз. Шын мәнінде, Алаш ұрпағына өзгелердің тізе батыра бастауы көшпенділердің ұлы империялары тарих сахнасынан кеткен соң басталған.
Жалпы қазақты, тіпті күллі түркі тектес халықтарды қуғындау өте ертеден басталса керек. Ресей империясының талай бауырлас халықтарды қуғындап, тілінен, дінінен, жерінен айырғаны белгілі. Қазақ та сол бауырлас халықтардан аз қиындық көрген жоқ. Өзгенің боданы болып жүрген кезде қазақ өзінің шынайы болмысынан айырылып қалған сияқты. Отаршылдар біздің санамызды өзгерткені сонша, жиыр­масыншы ғасырдың ортасында қазақтар өздерінің бұрынғы бабаларын сауатсыз, жалқау, қыздарын малға сатып, қараңғылықта өмір сүрген деп бағалайтын болған. Отаршылдар қазақтың байлары пасық, кедейі жасық деп үйретті бізге.
Бабаларымыз мемлекет құрмаған дегенді де үйретті. Егер баһадүр бабаларда мемлекет болмаса, Шығыстағы Қытайдың зәресін алып, алты мың шақырымдық қорған тұрғызуға мәжбүр еткен ғұндар қайдан шықты?! Парсы патшаларын талай тізе бүктірген сақтар қайдан келді? Шекарасы жоқ болса, Ғұн патшасы Мөде хан қытайға тұлпарын, сұлу әйелін беріп тұрып, бір түйір тасты бермеймін деп соғыс ашпаса керек-ті.
Қазақ сауатсыз болған болса, бабалардың жазған көне түркі жазулары қайдан шықты деген сауал да туындайды. Сонымен бірге отаршылдар қазақтың араб әліпбиін жақсы меңгергендігін ешқашан айтқан емес. Олар қазақтың оқу-тоқуы жоқ деп сипаттау арқылы біздің санамызда өзімізді төмен санайтын ұғымды қалыптастырды. Қазақ қыздарын малға сатты деп үйретті бізді. Шын мәнінде, қалың мал ұғымы қалыңдықтың анасына көрсетілген сый болғанын, қызға қатысты 47 деген ұғымның, малдың саны емес, сәбидің ана құрсағында өсіп жетілетін 280 күніне қатысты ұғымдар екенін де ұмыттырды. Ал жеңгесін алса, құмарлығы үшін емес, ағасы өлген соң бауырлары жетім қалмасын деп үйленді. Әйтпесе, қазақта Рим мен Византия императорлары сияқты туған қарындасына үйленген арсыздар болмаған. Отаршылдар қазақ қала салмаған деп үйретті. Егер қазақ қала салмаса Оңтүстіктегі сансыз қалаларымыз, бүгінде Алаштың бас қаласы Астананың іргесіндегі Бозоқ қаласы, Атыраудағы Сарайшық сияқты қалалар қайдан шықты деген сауалдар туындайды. Егер осы ұғымдардың өзін талдасақ, Кеңес империясы кезінде қазақты, тіпті күллі түркі халықтарын бейшара қылып көрсету саясаты жүргізілгенін, халықтың санасы мен танымын өзгерткенін байқаймыз.
Қазір қазақтың өзі де, қандай жаман бір қылықты байқап қалса, «қазақпыз ғой» дейтін болды. Оны тіпті мақтаныш көретін кезіміз де болады. Немістердің тиянақтылығын айтып аламыз да, үнемі кешігетін әдетімізді «қазақпыз ғой, кешікпесек бола ма» деп ақтаймыз. Шын мәнінде, «Уәде – құдай аты» деген бұрынғы қазақ кешігуді, тиянақсыздықты мақтан көрді деймісіз?! Қазір жалқаулық танытсақ та мақтанамыз. Отаршылдар бабаларымыздың негізгі күн көрісі болған мал шаруашылығын беталды көше беру деп үйретті бізге. Әйт­песе ат құлағы көрінбес боранда жылқы бағу, алты ай қыста мыңдаған малды аман сақтап қалу оңай болды деймісіз?! Қазақтың көші-қоны да, айтқанға оңай болғанымен, іс жүзінде үлкен қажырды қажет ететін іс екенін бізге айтқан жоқ. Отарлаушылар қазақ дінге нашар болды деп үйретті. Ақ патша дәуірінде қазақты іштен іріту үшін ислам дінінің өзін теріс түсіндіретін миссионер-молдаларды жіберіп отырды. Олар қазаққа исламның «Отанды сүю – иманнан» деген қағидасын емес, «патшаға бағын» деген қағидасын насихаттады. Олар қазақты жарқын болашаққа бастаған жоқ, керісінше қараңғылыққа, надандыққа бастады. Қазақ сол кезде метрополияның тапсырмасын орындап жатқан, шариғатты өзгерте беретін, жетпістегі, сексендегі шалдарға он сегіздегі қыздардың некесін қия беретін молдаларға деген жеккөрінішін мақалдармен жеткізді. «Тай жаманы жорға болады, адам жаманы молда болады», «Өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді», «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деген мақалдар сол кездері пайда болса керек. Ал жалпы «молда» – ғұлама деген сөз. Қазақтың қариялары қолына су құйған кезде «Балам, молда бол» деп бата берген.
Зобалаңға толы жылдардың деректері әлі ашылып біткен жоқ. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, 1925 жылы дін адамдары, 1928 жылы ірі байлар, 1931 жылы ұлтшылдар, 1934 жылы солшылдар жаппай атылып, асылып, жазаланды. Осы тұста ескеретін бір жағдай, ірі байлардың қатарына қолында 300 ұсақ малы бар адамдар да кіріпті. Ал қазақтың орта шаруасының өзінде одан да көп мал болғанын ескерсек, зұлматты жылдардың ұлтқа келтірген зардабын шамалай беруге болады.
Әрине, біз келтірген деректер жүрекке қаяу түсіретін ауыр мәліметтер екені шындық. Бірақ мұндай оқиғалар қазақтың тарихында болды. Ол – ақиқат. Сондықтан біз өткенге – салауат айтып, алдағы өмірдің жайын ойламасақ, келер ұрпақтың алдында қарыздар болып қаларымыз хақ!

Жарқын ҚҰЛАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button