Жаңалықтар

Түбектен жеткен тілекпен…



«Шабыт» шығармашылық сарайында Маңғыстау облысының Астана қаласындағы мәдени күндері аясында ақын, ұстаз Оңайгүл Тұржанның «Теңіздер де шөлдейді» атты әдеби-сазды шығармашылық кеші өтті.

Кешке арнайы келген әдебиетіміздің абызы, Қазақстанның Еңбек ері Әбіш Кекілбайұлы ақын өлеңдеріндегі ерекше­ліктерге тоқталды. Оның есептеуінше, ХХ ғасырда қазақ қыздар поэзиясына үлкен жаңалық әкелген Фариза Оңғарсынованың жолын жалғастырушы ақындардың арасында осы Оңайгүл Тұржанның қолтаңбасы айшықтанып көрінеді.
Фаризаның қолынан сусып кеткен қаламды ұстап қалған Оңайгүлдің өзі осы кешті қара тұтар әпкесінің көзі тірі кезінде жоспарлағанын айтып өтті. Алайда, әпкесі ауыр науқасқа шалдығып жатқанда оны өткізуді ерсі көргендігін, соның сәті енді түскенін жеткізді.
Сонымен, кештің негізгі бөлімі театр­лан­дырылған қойылым түрінде өтті. Табиғатқа тіл бітірген ақын оның кейіпкерлері – теңіз бен құмды, жусанды сөйлетті. Жай сөйлеген жоқ, халқы­мыздың басынан өткен ауыр күндер – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманы, өткен ғасырдың отызыншы жылдардағы қуғын-сүргін жөнінде баяндады. Ардақтымыз – тәуелсіздікті жырлады. Кешегі Сәкен Сейфуллин, Кәкімбек Салықов сынды ақындар өлеңге қосқан, бүгіндері өзекті болып отырған киіктер тақырыбын, Тұмар ханым бастаған амазонкалар ерлігін шолып өтті.
Кешті Тамара Асар, Марат Сафаров, Маңғыстау облыстық филармониясының «Ақжарма» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, күйші Рымхан Әбілханұлы ақын өлеңдеріне жазылған әндер мен күйлермен көркемдеді.

Аманғали ШМИТҰЛЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button