Басты ақпаратМәдениет

Туған жерге ту тіккен



Ұлттық академиялық кітапханада белгілі жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әлібек Асқаровтың «Туған жерге туыңды тік» деген шығармашылық кеші өтті. Кеш аясында қаламгердің баспадан жаңа жарық көріп, сиясы кеппеген кітаптарының таныстырылымы болды.

Елордадағы «Фолиант» баспасынан шыққан шыққан бұл дестелер – «Көккөл», «Аспантау», «Шанағаты», «Шабанбай», «Қазығұрт», «Мұзтау», «Қайырымды үміт мүйісі немесе Жер шетіне саяхат» деп аталған бірнеше жинақтан құралған. Бұл көркем дүниелер көзіқарақты оқырман жіті таныс. Өйткені оның бәрі кезінде «Егемен Қазақстан» газетінде басылған.
Кешті белгілі қаламгер, ҚР Парламент Мәжілісінің депуататы Сауытбек Абдрахманов жүргізді. Жаңа кітаптардың лентасын академик Сейіт Қасқабасов пен ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов қиды.
Әлібек Асқаров исі түркінің атажұрты саналған Алтайда өмірге келген. Жастайынан табиғаты ғажайып өлкенің бар асылын бойына сіңірген. Алтайдың асқақ бейнесін одан шыққан Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімханұлы секілді дарынды қаламгерлер әр қырынан суреттеді. Бірақ Асқаров оларға еліктемеді. Жаңаша өз сүрлеуін салды.
Кітапқа кірген дүниелерді қызығып оқисыз. Мәселен, «Көккөл немесе қарлы асуда қалған ауыл» атты жазбасында сонау соғыстың сұрапыл жылдарында адам аяғы сирек түсетін тау басындағы Көккөл кеніші туралы айтады. Қысы-жазы ақтүтек боран соғып тұратын жерде жұмыс істеген адамдардың өмірін мұңлы шермен баяндайды. «Шанағаты» деген жинақта еліміздің ең суық нүктесі саналған Марқакөл өңіріндегі елді мекен туралы әңгіме болады. Бұл жерде қыс айларындағы 40-50 градус суық – әдепкі жағдай. Тіпті бір жылдары осы ауылда 62 градус суық тіркелген. Жалпы, автордың шығармалары мазмұны дерекке бай, өрнекті тілмен өрілген.
Кеш барысында жаңа туынды жайында академик Сейіт Қасқабасов, Сұлтан Оразалин, Абай Тасболатов, Намазәлі Омашев, Серік Тұрғынбек, Шәрбану Бейсенова және Серік Негимов сөз алып, кітап иесіне ақжарма тілектерін жеткізді.

Азамат ҚҰСАЙЫН

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button