Елорда тынысы

Тұңғыш падел орталығы ашылды



Әлемде 70-інші және Қазақстанда алғаш рет падел спорты іске қосылды. Орталықтың салтанатты ашылуына Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Испанияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хорхе ­Урбиола Лопес де Монтенегро, Ресей падел федерация­сының президенті Антон Бернацкий, бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев қатысты.

«Баршаңызды еліміздегі алғашқы падел орталығының ашылуымен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым бұқаралық спорттың дамуына көңіл бөлуде. Падел орталығының ашылуы елордамыздың 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Аталмыш спортпен қала тұрғындары шұғылдануы арқылы тек қана елімізде ғана емес, әлемдік деңгейдегі көшбасшылардың біріне айналады деп сенемін» деді Есет Байкен.

Падел орталығы Қабанбай батыр даңғылындағы 47/1-үйде, үстел теннисі орталығы ғимаратының артында орналасқан. Падел федерациясының бас хатшысы Арслан Әбілғазин бұл спорт түрі жас таңдамайтынын айтады.

«Бұқаралық және балалар спортын дамыту мақсатында елімізге жаңа спорт түрі – паделді әкелуді жөн көрдік. Жарты жылдан астам уақытта әртүрлі қиындыққа қарамастан, Астана қаласында алғашқы 4 падел кортын орнаттық. Біз бұл корттарды Испаниядан жасатып әкелдік. Бұл спорттың ерекшелігі, жас таңдамайды. Кез келген адам 1-2 ойнағаннан кейін-ақ үйреніп кетеді. Осы орайда еліміздегі алғашқы бапкерлерді Ресейде дайындап, 1 жаттықтырушыны Испаниядан әкелдік. Біздің мақсатымыз – паделді ел ішінде танымал спорт түріне айналдыру. Алдағы уақытта Алматы қаласында және облыс орталық­тарында падел орталығын ашуды жоспарлап отырмыз» деген ойымен бөлісті ол.

Паделдің барлық құралы үстел теннисі орталығында сатылады. Кортта ойнаудың 1 сағаты шамамен 6-7 мың (бапкермен 10 мың) теңгені құрайды.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button