Басты ақпаратТаным

Тұңғыш ұшқыш тағдыры



Адамзат қоғамына ХХ ғасырдың басында қызмет ете бастаған авиа­ция латын тілінде құс деген мағына береді екен. 1903 жылдың 17 желтоқсанында америкалық ағайындылар Райт әлемде бірінші рет өздері құпия жағдайда жасаған ұшу аппаратымен аспанға көтеріледі. Тура 30 жылдан соң аспан әлеміне қазақтың алғашқы ұшқышы Жолдасбек Нұрымов самғады. Осыған қарап, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш кім деген салмақты сауалдың жауабын тапқандай болдық.

Жолдасбек Нұрымов 1912 жылы Сырдария ауданына қарасты №3 (қазіргі Аманкелді) ауылда өмірге келіп, жастайы­нан жетім қалып, әкесінің ағасы Қалмұхаммедтің қолында тәрбиеленеді. Ғылым мен білімге құштар бала алты жасында ұшып бара жатқан
аэропланды көргеннен кейін, аспан әлеміне құштарлығы арта түседі. Асыл арманы Балашов қаласындағы ұшқыштар даярлайтын авиациялық училищеден (1931 ж.) бір-ақ шығарады. Училищені үздік дипломмен бітіріп, екінші дәрежелі ұшқыш мамандығын алып, сол оқу орнында ұшқыш-инс­труктор ретінде жұмысқа қалдырылады.
1934 жылдың соңында Нұрымов өз өтінішімен Солтүстік Сібір Азаматтық әуе флотына ауысып, оған жастарға білім беру мен ұшқыштар жұмысын басқару міндеті жүктеледі. Қыстың қа­қаған аязында, күндіз-түні, қалың тұманда ешқандай байланыс құралынсыз ұшып үйренген Жолдасбектің тәжірибесі ұштала түседі. 1935 жылы шілде айында ол Петропавл қаласының таулы аймағында №270 ұшқыштар отрядын құру үшін сонда ауыс­тырылып, П-5, ПР-5, АНТ-9 ұшақтарымен ұшуды үйренеді.
Ж.Нұрымов жайлы алғашқы мақала «Пропеллер» газетінің 1936 жылғы 8 тамыздағы №22 санында «Нурымов – первый пилот национал в нашем управлений» деген тақырыпта суретімен жарияланды. Ұлы Отан соғысының алдында 300 мың шақырым қашықтықты артқа тастаған тәжірибелі ұш­қыш соғыста да сансыз ерлік жасады. 1941 жылы Солтүстік Батыс майданында бомбалаушы әуе полкінің командирі ретінде Киев, Харьков, Ворошиловград бағытында әскери тапсырмаларды орындады. 1942 жылы Жолдасбек Нұрымов Волгоград шебіне ауыстырылады. Білікті ұшқышты №102 әуе полкінің командирі етіп тағайындайды. Кезекті әскери тапсырмасын орындау барысында жаудың МЕ-109 истребителі Нұрымов­тың ұшағын атып түсіреді. Тәжірибелі ұшқыш ауыр жараланғанына қарамастан, ұшақты кеңес әскерінің алдың­ғы шебіне қондырып үлгереді. Әскери ауруханада ем­деліп шығып, ол қайтадан майдан шебіне аттанады. 1943 жылы әскери тапсырмадан келе жатқанда жаудың төрт бірдей истребителінің шабуылына тап болады. Олардың бірін атып түсіріп, өзі қарсыластың снарядынан ауыр жараланады. Соған қарамастан ұшағын кеңес жеріне қондырып, өзі есінен танып қалады. Бес айдай әскери ауруханада емделіп, 1944 жылдың шілдесінде денсаулығының жарамсыздығына байланыс­ты майданнан қайтарылады. Ж.Нұрымовтың бұл ерлігі Ж.Алтайбаевтың «Қанатты батыр» (Социалистік Қазақстан, 1 қаңтар 1944 жыл) атты мақаласында толық баяндалған. Майдан шебінде көрсеткен ерлігі үшін Жолдасбек Нұрымов «Қызыл Ту», І дәрежелі «Отан соғысы», екі мәрте «Қызыл жұлдыз» ордендерімен және медальдармен марапатталады. 1945 жылы медициналық комиссия Нұрымовтың денсаулығын тексеріп, ұшуға рұқсат береді. 1946 жылдың ақпанынан бастап Алматы қалалық №7 ұшатын көлік тобына ұшқыш болған Нұрымовты біршама уақыттан кейін ұшқыштар тобының командирі етіп таға­йындайды.


1952 жылы Шымкент қаласына көшіп барып, әуежайда диспетчер қызметін атқарады. Қан майданда екі рет ауыр жараланып, елге аман-есен оралған қайран ұшқыш бір бұзақының қолынан қаза табады. Қазақтың алғашқы ұшқышының өмір жолы осындай. Кезінде Кеңес­ Одағының Батыры атағына ұсынылған, бірақ кейбір себептермен бұл атақты ала алмаған Ж.Нұрымовтың соғыстағы ерліктері әлі зерттеле бермек.
Жолдасбек аға елу жылдан астам өмірінде төрт рет некелі болған. 1935 жылы алғашқы жары, сол кездегі Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің хатшысы Ж.Шаяхметовтің әйелінің әпкесі Гүлсім апаны кездестіріп үйленеді.
Екіншісі – Шара, үшіншісі – Ғалима апамыз, төртіншісі кейін Жолдасбек ағаның қызы Ирина арқылы белгілі болған – Юлия Ивановна Киселева.
Жолдасбек ағаның Рита (Риорита), Зарема және Лаура есімді үш қыз дүниеге келеді. Рита өмірден ерте озды. Зарема әкесінің жолын қуып, Д.Қо­наев­тың ұшағында 21 жыл стюардесса қызметін ат­қарады. Лаура Алматы дене тәрбиесі және спорт мектебін тәмамдап, осы салада көп жыл еңбек етеді. Қазір екеуі де Алматыда тұрады.
Қазақтың тұңғыш ұшқышы Жолдасбек Нұрымов тағдыры тұң­ғыш бишіміз Шара Жиен­құлова апамызбен де тоғысады. Қазақ өнерінің жарқын жұлдызы, би падишасы Шара апаның ұшудың бар қыр-сырын меңгерген батыр, жігіттің сұлтаны, қазақтың алғашқы ұшқышы Жолдасбек ағамен отбасылық өмірі сегіз жылдан аспады. Қос тұңғыш перзент көрмей ажырасқан.
Жолдасбек ағаның өмірінің соңғы жылдарын бірге өткізген үшіншi жары Ғалима апа екеуінің Нұрия мен Нұрзия (егіз) және Нұрсұлу eciмдi үш қызы бар. Олар қазір Шымкент қаласында тұрады.
Жоғарыда айтқанымыздай, төртінші жары – Юлия Ивановна Киселева. Оның бipінші күйеyi теміржол инженері қыз­метін атқарып жүріп, «монархиялық мекемелермен байланысы бар» деген жаламен 1930 жылы атылып кеткен. «Халық жауының» әйеліне қосылған Жолдасбек ағаны да осы бip сая­саттың салқыны шарпыса керек (толығырақ «Отан сақшысы»
немесе «Часовой Родины» газетінің 2013 жылғы 12 қыркү­йегіндегі №39 санында).
Юлия Киселевадан 1949 жылы дүниеге келген Жолдасбек аға­ның қызы Новикова Ирина Жолдасбековна КазГУ-дың жур­налис­тика факультетін тәмам­дап, 23 жасында әскери азаматқа тұрмысқа шыққан. Қызмет бабымен Моңғолияда, кейін Ленинград­та тұрған. Қaзip Италияның оңтүстігіндегі Мессина қаласында тұрады. Италияға дейін Санкт-Петербургте муниципалды кеңестің құрамында жүріп, 2003 жылдан шыға бас­таған «Вести стрельны» газе­тінің құрылтайшысы болған. Деректерге қарағанда, Ирина қарындасымыз – муниципалды басқаруды қалыптастыру мен дамыту мәселелеріне қомақты үлес қосқан журналист.
Бір кездесуде сөз орайы кел­генде Иринаға Қазақстан жайлы білетін шығарсың деген сауалыма: – Менің әкем қазақстандық, менің жарты қаным – қазақтың қаны. Ширек ғасыр ішінде тәуелсіз Қазақстанның табыстарын мен сіздерден кем білмеймін. Себебі мен жат жерде жүрмін ғой. Ленинград блокадасының ауыр кезеңдерінде әкеммен бірге болған анам – Юлия Ивановна Киселева ұшқыш әкемнің сансыз ерліктерін, оның азаматтық асыл қасиет­терін құлағыма құ­йып, өмір-бақи Жолдасбек қызы болып жүруімді қатал тапсыр­ған-ды. Сіздер Нұрсұлтан
Назар­баевтай Елбасылары­­ңыз бар бақытты жансыздар, – деп бір түйіп тас­тады.

Қазбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
профессор




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button