Басты ақпаратҚала мен Сала

Тұрғын үйлер тозып кетпесін



Астана қаласы мәслихатында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобаларды іске асыру туралы көпшілік тыңдаулар өтті. Соның ішінде ескі тұрғын үйлерді сүру, жалға берілетін тұрғын үй, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері талқыланды.  

Алдымен баяндама жасаған қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саиповтың мәліметінше, осы жылы 5993 пәтер беру жоспарланған. Әлеу­меттік көмек ретінде несиелік баспана сатып алуға бастапқы жарна болып есептелетін әрқайсысы 1,5 млн теңгені құрайтын 277 тұрғын үй сертификаты берілді. Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз биыл 1000 пәтер беру жоспарланып отыр.

Ал апатты ескі үйлерден тұрғындарды көшіру жоспары жылдарға бөлінген. Аталмыш бағдарлама 2013 жылдан бері іске асырылып жатыр. Сол уақыттан бері осындай үйлердің 4,5 мыңнан аса тұрғыны жаңа үйлерге көшірілген. Жалпы бұл бағдарлама 2029 жылға дейін есептелген. Биыл 4 апатты үйдің тұрғындарын көшіру жоспарланған. Осы уақытқа дейін 2 үйдің тұрғындары жаңа баспанаға көшірілді, қалған екеуі жыл соңына дейін көшіріледі.

Елордада тұрғын үй қорын жаңғырту жұмысы 2011 жылы басталған. Биыл 26 көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізіп, 29 лифт жабдықтарын ауыстыру жоспарланған.

Тағы бір баяндамашы «Өркен қала» ЖШС директоры Рамазан Әсіп басқарма басшысының сөзін толықтыра кетті. Бұл мекеме тұрғын үй қорын жаңғыртумен айналысады. Осы ұйым 2011 жылдан бері осы уақытқа дейін 202 тұрғын үйді жөндеп, 272 лифттің жабдықтарын ауыстырған.

Қалалық мәслихат депутаттары баспанаға қатысты тұрғындардан өздеріне өтініштер түсіп жатқанын айта келе, осы саладағы проблемаларды көтерді.  Депутат Азамат Айтхожин Қошқарбаев даңғылы, 80/1 мекенжайындағы тұрғын үй пәтерлерін жекешелендіру мәселесін қозғады. Оның айтуынша, үйдің тұрғындары үйге ортақ техникалық паспорттың жоқтығын жеткізіп, жертөлелердің заңсыз сатылғанына қатыс­ты бірнеше рет шағымданған. Депутат жауапты мекемелердің басшыларына тұрғындармен жиналыс өткізіп, туындаған мәселелерді талқылап, үйлеріне қатысты проблемалар қалай және қандай ретпен шешілетінін түсіндіруді ұсынды.

Оның әріптесі Владислав Сергеев Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы қасбеттерді жөндеу жұмысын бастағанын атап өтіп, үйлердің қасбеттерін жөндеу кезегін, минималды тарифтер мәселесін айқындау үшін жұмыс тобын құруды ұсынды. Сондай-ақ тарифті қайта қарау мәселесі бойынша Қоғамдық кеңес мүшелерімен отырыс өткізуді ұсынып, осы мәселе бойынша толық ақпарат беру керектігіне тоқталды.

Депутат Сәуле Самидин лифттерді ауыстыруға өтінім беру алгоритмі бойынша ақпарат дайындауды ұсынды. Оның айтуынша, көптеген МИБ төрағалары өтінім беру тәртібін білмейді. Сонымен қатар, келісімшартта лифтке қызмет көрсету кепілдіктерін ескеруді сұрады.

Депутат Қанат Естек «Фаворит» тұрғын үй кешені маңындағы үйлердің тұрғындарынан көптеген шағымдар түсіп жатқанын айта келе, соңғы жаңбырлар кезінде жоғары қабаттардағы көп пәтерді шатырдан аққан су басқанын жеткізді. Депутат аталмыш азаматтардың тұрғылықты жерінде жиналыс өткізіп, олардың барлық сұрақтарына жауап беруді ұсынды. Ал Депутат Мәдина Әжікенова «Бағыстан» тұрғын үй кешенін пайдалануға беру мерзімдері және бөлінген пәтерлер санын сұрады. Депутат Кендебай Адамбеков реновация жоспары, оны іске асыру қандай сатыда тұрғанын сұрай келе, оның 2029 жылға дейін орындалуы және бюджеті жөнінде сұрақтарды қойды. Ал депутат Бекзат Жолжақсынов «Өркен қала» басшысын отандық өндірушілерді қолдауға шақырды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қытай лифттері сатып алынып жатыр.

Қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері өте маңызды екенін атап өтті.

– Мемлекеттік органдар үлкен жұмыс жасады, бірақ қасбеттерді жөндеу бойынша бірқатар ұсыныс бар. Аудандардың әкімдіктерінде декоративті жарықтандыру бағдарламасы әзірленді. Осы бағдарламаны қасбеттерді жөндеу­мен біріктірудің орындылығын қарастыруды ұсынамын. Өткен жылдан бері «Шаңырақ» тұрғын үй кешені бойынша шағымдар көп түсуде. Ондағы лифттер жұмыс істемейді, көптеген бюджеттік пәтерлер жалға берілген, үйдің абаттандырылуы да нашар жағдайда,  – деді Ерлан Каналимов.

Оның айтуынша, қалада иесіз қалған үйлер, пәтерлері аз, шағын отбасылық үйлер бар. Оларда МИБ құру мүмкін емес. Мәслихат төрағасы осы үйлер бойынша шешім қабылдау қажеттігін, жауапты басқарма бұл үйлердің болашағы туралы ұсыныстар енгізуі тиістігін айтты.

– Жақында іKomek 109 қызметі осы жылдың 8 айында сумен және электрмен жабдықтау бойынша келіп түскен өтініштерге талдау жасады. Бұл мәселелер бойынша көптеген шағым түскен. Мәселен, бір үйден 400-470 шағым түскені белгілі болды. Қыс түскенше шағым түскен үйлердің дайындық паспорттарын тексеру керек, – деді мәслихат төрағасы.

Қалалық МИБ орталығының басшысы Гүлвира Әбетова Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы мен «Өркен қала» ЖШС-нің тұрғын үйді жаңғыр­ту бағдарламасын іске асыру барысына көңілі толмайтынын жеткізді. Оның пікірінше, тиісті құжаттаманы дайындау рәсімі тым ұзақ.

«Степной-2» Тұрғын үй кешені МИБ төрағасы Ерлан Қарбаев керісінше, «Өркен қала» ЖШС жұмысы үшін алғысын жеткізді. Дегенмен, бірқатар кемшіліктер барын да атап өтті. Соның ішінде техникалық қабаттарды ПИК алып, пәтерлер ретінде сатып жіберген. Сондай-ақ соңғы уақытта «Управ.дом» қосымшасы ұсынылуда. Алайда барлығы тегін еGov порталымен жұмыс істеуге дағдыланған. «Астанаэнергосбыт» қызметіне үлкен наразылықтар бар. Мекеме ең төменгі сомамен болса да, жазда да жылыту ақысын есептейді. МИБ төрағасы пікір алмасу үшін барлық аудандардың МИБ төрағаларын жинап, отырыс өткізуді сұрады. Отырысты жүргізген депутат Владислав Сергеев барлық мүдделі органдар мен ұйымдардың кездесуі үшін ортақ платформа құруды ұсынды.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button