Басты ақпаратҚала мен Сала

Көктал көркейіп келеді

Астананың шет аймақтарын дамыту – елорданы абаттандырудың маңызды бағыты. Қазақстан Президенті ­Қасым-Жомарт Тоқаев Астана бауырлас қалаларының жазғы форумында сөйлеген сөзінде еліміздің қалалары теңгерімді дамуға тиіс екенін атап өтті.

Бас қаланың тарихи бөлігінде Агроқалашық, Көктал және Көктал-2 тұрғын алаптары, сондай-ақ орман отырғызу учаскесі кенті және төрт саяжай бау-бақша қоғамы орналасқан. Астрахан тас жолының бойымен тұрғын алапқа бет алдық, ұзын көшенің қос қапталындағы қалың ағаштар көңіл қуантады. Көктал бір кездері қала маңындағы С.М.Киров атындағы совхоз ретінде белгілі болған.

Көптеген қала тұрғындары Көктал мен Көктал-2-ні ажырата алмайды. Алайда шын мәнінде, осы екі шағын ауданның арасында символдық шекара ретінде Нұрғиса Тілендиев даңғылы созылып жатыр. Астрахан тас жолымен қаладан елді мекенге қарай шықсаңыз, сол жағыңыздағы Көктал, ал оң жағыңызда Көктал-2 екенін шатастырмаңыз.

Бүгінгі таңда Көктал тұрғын алабында 36 691 адам тұрады, тұрғын алаптың аумағы 3 000 гектарды құрайды. Көктал-2-де 23 980 тұрғын бар, аудан аумағы 500 гектарды алып жатыр.

Қаламен бірге даму байқалады

Тұрғын алапқа кіреберіс­тегі автотұрақта Көктал 2-де он жылға жуық уақыттан бері өмір сүріп келе жатқан такси жүргізушісімен кездесіп, әңгімеге тарттым. Ол еліміздің бас қаласы тарихындағы елорданың шеткі аймағын дамытудың маңызды кезеңін атап өтті.

– Мен елордаға шамамен 10 жыл бұрын оңтүстіктен көшіп келдім және қаламен танысу тарихым Көкталдан басталды. Біздің аудан өмір сүруге ыңғайлы аймақтардың бірі деп сенімді түрде айта аламын. Біріншіден, көптеген ағаштар бар, бұл кез келген үлкен қаланың тұрғындары үшін маңызды. Негізі қоршаған ортаға жайлылық атмосферасын жасыл желектер тудырады. Екіншіден, біздің тұрғын алаптағы жолдар 100 пайыз асфальтталған, тротуарлармен жабдықталған, бұл аймақты қауіпсіз және ыңғайлы етеді. Әрине, біздің өзіміздің емханамыз, мектебіміз және балабақшаларымыз бар. Сондай-ақ бізде шағын және орта кәсіпкерлік белсенді дамып келеді. Қасымызда сізге қажет нәрсенің бәрін қолжетімді бағамен сатып алуға болатын базарымыз бар. Мұның бәрі қалалық қарбаластан алыс, тыныштық пен үйлесімділіктің ерекше атмосферасында орналасқан. Жалпы, Көктал-2-де өмір сүру – нағыз рахат, – деді Балғынбек аға.

Оның пікірінше, елордадан сыртқарырақ орналасқан елдімекендегі өмірдің тағы бір ерекшелігі – жергілікті балалардың белсенді өмір салты. Смартфондар мен гаджеттерде сағаттап отыруды әдетке айналдырған қалалық жеткіншектерге қарағанда біздің балалар үнемі қозғалыста: жазда футбол және басқа да көше ойындарын ойнап денелерін шынықтырса, қыста жеке үйлердің ауласына қардан аққала соғып, әйтеуір тыным таппайды.

– Мұндай дәстүрлер отбасылық байланыстарды нығайтады, балалар виртуалды әлемнен гөрі қарапайым өмірде жүгіріп, секіру арқылы қуанышқа кенеледі. Қыс мезгілдерінде күнделікті жұмыс күндері жұмыстан үйге келгеннен кейін көршілерімізбен қар тазартуға шығамыз, қыздарымызбен қар адамын мүсіндейміз, ұлдарымызбен бірге сырғанақ таулар жасаймыз. Ең бастысы, мұнда балалар үшін алаңдамаймыз, көршілер қаладағыдай емес бірін-бірі жақсы таниды әрі тату-тәтті өмір сүруде, – деді Балғынбек аға.

Қоғамдық көлік бағыты кеңейді

Көкталдық тұрғынмен пікірлесіп болған соң жолда жылы аялдаманы байқадым. Іші тап-таза екен, адамдар автобустың келуін күтіп жылынып отыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, маршруттық автобуспен қала орталығына бару үшін шамамен 30 минуттай уақыт кетеді.

Сарыарқа ауданы әкімдігінің деректері бойынша қазіргі кезде ауданда барлығы 5 141 абонентті газдандыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 4232 тұрғын үй (Көктал – 1394 үй, Көктал-2 – 571 үй, Агроқалашық – 2267 үй) газға қосылған. Көктал тұрғын алабы бойынша 635 абонентке техникалық шарттар берілді. Ауданда 16 екі қабатты үй мен 11 көпқабатты тұрғын үй кешендері газға қосылған

– Біздің тұрғын алапта автобустар үздіксіз жүріп жатады. Бір қызығы, бізде әртүрлі бағыттар бойынша жүретін маршруттар бар. Жергілікті тұрғындар үшін тікелей маршруттардың болуы, әрине, ыңғайлы және олар көбіне баратын жеріне бір ғана автобусқа отырып жетеді. Бізде № 4, 4А, 46, 64, 71, 81 автобустардың соңғы аялдамалары бар, жақында ЭКСПО ауданына және «Астана-Арена» стадионына жылдам жетуге мүмкіндік берген №49 жаңа бағыт қосылды. Мен ботаникалық бақ аймағында жұмыс істеймін. Жаңа маршруттың пайда болғаны туралы естігенде қатты қуандым, үнемі екі автобуспен қатынайтынмын, ал қыста бұл өте ыңғайсыз, қымбат әрі кейде көп күтуіме тура келеді. Енді № 49 жаңа маршруттың арқасында мен баратын жеріме автобустан-автобусқа отырмай-ақ жете аламын. Қоғамдық көліктер жиі жүретіндіктен, оларды көп күтпейміз. Бұл адамдарға қоғамдық көліктің анағұрлым тиімді екенін аңғартады. Ал жылы аялдамалар ауа райы күрт өзгергенде жауын-шашын мен қарлы бораннан қорғайды, алда қылышын сүйретіп қыс келе жатыр, күн суытады, аяздар болады, сондықтан осындай аялдамалар көбейсе екен, – деді Айжан есімді көкталдық тұрғын.

Жылы аялдамалардың бірі – Қайнар көшесінде, екіншісі Ұлытау көшесінде және қалған екеуі Көктал тұрғын алабындағы әлеуметтік маңызы бар нысандарға, мектептерге, балабақшалар мен емханаларға өте жақын орналасқан. Өйткені дәл осы жерлерде адамдар көп жиналады.

Газдандыру – маңызды мәселе

Аудандағы жекеменшік тұрғын үйлер бір қарағанда бір-біріне ұқсас болып көрінгенімен, олардың әрқайсысының өзіндік ерекше сипаты мен стилі бар. Барлығының қоршаулары бойымен сары түсті орталықтандырылған газ құбырлары тартылған. Ал осыдан 5-6 жыл бұрын аудан әкімімен тұрғындардың есепті кездесулері «Көкталға газ қашан өткізіледі?» деген ең өзекті сұрақтан басталатын. 2021 жылы Көкталға газ келді.

Сарыарқа ауданы әкімдігінің деректері бойынша қазіргі кезде ауданда барлығы 5 141 абонентті газдандыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 4232 тұрғын үй (Көктал – 1394 үй, Көктал-2 – 571 үй, Агроқалашық – 2267 үй) газға қосылған. Көктал тұрғын алабы бойынша 635 абонентке техникалық шарттар берілді. Ауданда 16 екі қабатты үй мен 11 көпқабатты тұрғын үй кешендері газға қосылған.

Тұрғын үй алаптарында орналасқан әлеуметтік саланың 17 объектісін, оның ішінде Көктал-2 тұрғын алабы бойынша: Құсмұрын көшесі, 2 мекенжайда орналасқан №68 мектеп, Қима көшесі, 4 үйдегі № 5 отбасылық денсаулық орталығы, Амантоғай көшесі, 2-дегі № 85 «Мейіржан» бөбекжайын газбен жабдықтау бойынша жұмыстар жүргізілді.

Жергілікті тұрғын Ләззат апа жекеменшік жер үйде тұрады, ол газға қосылғалы бері жағдай түзеліп, бұрынғы қиындықтардың артта қалғанын жасырмады.

– Елордада 2000 жылдан бері тұрамын. Осы уақыт ішінде мен қаламызда газ пайда болса деп армандадым. Астананы газдандыру туралы ақпарат пайда болғаннан кейін алғашқылардың бірі болып газға қосылған мен шығармын. Әрқашан «неге біз үйімізді көмірмен жылытамыз, бізде қор жеткілікті ғой» деп ойлайтынмын. Күнде таңертең және жұмыстан келгеннен кейін, тіпті кейде түнде көмір тасып, пеш жағуға тура келетін. Одан шыққан түтін табиғатты ластайды. Кейде құбырлар қатып қалып, қиналушы едік, жылу үйдің айналасына біркелкі таралмайтын кездер де болды. Бүгінгі таңда бәрі басқаша. Газға қосылғалы бері тұрмысымыз түзелді, үйіміз де таза әрі жып-жылы, – деді Ләззат апа.

Тұрғындар дән риза

Сарыарқа ауданының тұрғын алаптарында Целиноград заманынан бері осында өмір сүріп келе жатқан жергілікті адамдар тұрады.

– Елордаға алғаш келген кезде бізге осында қоныстану ұсынылды. Ол кезде үйлер кішкентай еді, бүкіл округ көрініп тұратын және біз көршілерімізді жазбай танитынбыз. 25 жыл ішінде біздің шағын ауданымыз түбегейлі өзгеріп, өсіп, дамуын жалғастыруда. Әр кеш сайын су алу үшін колонкаға баратынбыз. Су толғанша, көршілермен жаңалықтарды талқылайтынбыз. Ол кезде бәрімізде бірдей теледидарлар болған жоқ. Келінмен бірге үйде кешкі ас дайындап, бразилиялық сериалдың жаңа сериясын көру үшін көршінің үйіне жүгіретінбіз. Біз басты кейіпкерлердің әрбір әрекетін шай үстінде бірге талқылап, басқа қалаларда тұратын туыстарымызбен хабарласу үшін көршілес Сарыөзен көшесінде орналасқан қалааралық келіссөздер пунктіне баратын едік. Бүгінде бәрі өзгерді. Қазір көшелеріміз асфальтталды, үйлеріміз газдандырылды және барлығымызға интернет жүйесі қолжетімді болып отыр. Бір кездері арман болған ыңғайлылықтар енді біздің күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналды, – деді Күлән апа.

Қосымша білім орталығы бар

Көктал-2 тұрғын алабында Міржақып Дулатов атындағы № 68 мектеп-гимназиясы орналасқан. Оқу орнында Оқушылар сарайының филиалы болып табылатын «Шұғыла» қосымша білім беру орталығы бар. Ол осы сарайдың бұрынғы директоры, марқұм Ербол Іргебайдың бастамасымен ашылған еді. Мұнда бес білім беру студиясы мен он үш балалар үйірмесі тегін жұмыс істейді. Сабаққа тіркелу онлайн режимінде жүргізіледі, бұл білім беру мүмкіндіктеріне қол жеткізуді одан да ыңғайлы етіп отыр.

«Шұғыла» орталығы 2019 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ашылған болатын.

– Мен көпбалалы анамын. Мен секілді елордалық көптеген аналар балаларының барлығын бірдей үйірмелерге жаздыра алмай қиналып жатады. Алайда «Шұғыла» орталығының арқасында менің бүлдіршіндерім әртүрлі студиялар мен секцияларда оқуға мүмкіндік алды және олар мұнда тегін қатысады. Филиалдың мектепте болуы өте ыңғайлы, – деді Әсем.

«Қорғалжын» саябағы – жанға сая

Мектептің жанында Қайнар және Құсмұрын көшелерінің қиылысында орналасқан «Қорғалжын» саябағы орналасқан. 2022 жылы ол толығымен жаңартылып, қайта құрылды. Жаяу жүргіншілер жолы жөнделіп, айнала тегіс  көгалдандырылды.

Саябақтың ауданы 6 555 шаршы метрді құрайды, ал жасыл аймақтың жартысынан көбі 4261 шаршы метрді құрайды. Мұнда әртүрлі қарағай, шырша, сирень, қарағаш және т.б. көптеген ағаштар отырғызылған.

Саябақ балалар ойын алаңы, спорт алаңы, іс-шаралар алаңы және тыныш аймақ болып төрт аймаққа бөлінген. Өз кезегінде ойын алаңы шағын архитектуралық формалардың мөлшері бойынша 2-ден 5-ке дейінгі және 6-дан 12 жасқа дейінгі балалар үшін екіге бөлінген. Бұл жерде шахмат пен үстел теннисіне арналған арнайы үстелдер бар. Саябақ толығымен жарықдиодты шамдармен, жергілікті суару жүйесімен және жаңа үлгідегі жарықтармен жабдықталған. Мұнда келгендер Қорғалжын ауданының әнұранына айналған «Дудар-ай» әнінің мәтіні жазылған үлкен тақтаны бірден көреді.

– Мен, Көктал-2 тұрғындарының көпшілігі сияқты, Қорғалжын ауылынан көшіп келгенмін. Немерелерім күні бойы осы саябақта ойнайды. Мұнда тіпті түнде керемет әдемі. Жарықдиодты шамдар жанған кезде ерекше әсерге бөленесіз. Күндіз көршілеріммен кездесіп, осы жердегі орындықтарға жайғасып, әңгімелесеміз. Тағы бір қызығы, біздің тұрғын алабымыздағы көшелер Қорғалжын ауданындағы шағын ауылдардың атымен аталады, – деді Рабиға апа.

Қалаға бет алған біз жергілікті тұрғындардың Көкталды не үшін жақсы көретінін түсінгендей болдық. Елордадан сыртқарырақ орналасқан елдімекендегі таза ауа, тыныштық пен жайбарақат өмір, достық пен сыйластық салтанат құрған жерде көршілер бірін-бірі жақсы таниды. Жергілікті тұрғындар үшін Көктал дәл осынысымен қымбат-ау, сірә.

Шынар ХАМИТОВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button