Ақтаңдақтар ақиқатыБасты ақпарат

Болыстың болмысы

немесе Спан Макин туралы не білеміз?

Бәйбішесі Орынжаннан Әбілғазы ғана қалған болатын, басқа балалары түрлі себептермен шетінеп кеткен.

Ал баласы Әбілғазыға келсек, ол Гурьевке жер аударылған, одан хабар жоқ. Оның баласы Ермак сол жылдары нағашыларының қолында қалады, кейін Мәскеуде инженерлік оқу оқып, Талдықорғанның зауытына жұмысқа орналасады, одан туған қыз бүгінде Астрахан ауданында тұрады.

Атамыздың екінші әйелі, әжеміз Батимадан 2 қыз, 1 ұл: Мәриям, Кәмила, Олжабай дүниеге келеді.

Батима әжеміз атамыздан 40 жас кіші болған. Бәтима әжемізді 1920 жылдардағы аумалы-төкпелі заманда әкесі Жардың Әбдірахманы атамызға 17 жасында аманатқа берген Олжабайдан біз тараймыз, 10 бала – 8 ұл, 2 қыз.

– Батима әжеңіз жайында толығырақ айтып берсеңіз. О кісінің көзін көрдіңіз бе? Атаңыз туралы айтқан әңгімелері есіңізде ме?

– Атам туралы көп сөйлей қоймайтын. Ол кісі екінші рет басқа бір кісіге тұрмысқа шыққан. Соған байланысты болса керек. Онда біз кішкентаймыз, көп нәрсенің байыбына бара бермейтін, үлкендердің әңгімесіне құлақ түре қоймайтын шағымыз ғой.

Әкеміздің 1947 жылы мектеп бітіріп жатқандағы фамилиясы Спанов емес, Әбдірашов болыпты. Ғажайып Өтегенұлы деген мұғалімі оны байқап қалып: «Жоқ, бұлай болмайды, сен Спанның баласысың, Спанов боласың деп, құжат аларда қолынан жетектеп апарып, өзінің фамилиясын қайтартқан екен. Ал бірақ, қыздарының бәрінің фамилиясы Әбдірашов боп жазылып кетті. Бұлай болу себебі, сол әлгі «бай баласы» дегеннен үрейленіп туындаған жайт болса керек.

– 1947 жылдар, қудалау саясатының ызғары әлі де басыла қоймаған кезі еді ғой.

– Жоқ, о кезде мұндай әңгімелер аздап болса да ұмытылыңқырай бастаған еді. 1928-1941 жылдар аралығына дейін комсомолға өтетін адамның «тегі кім?» деп түп-тұқиянына дейін қалдырмай тексеретін заман еді.

Содан Олжабай әкемізден 10 баламыз. Негізі анамыз 12 құрсақ көтерген, екеуі кішкентайында шетінеп кеткен. «Батыр ана» атағына ие анам педучилище бітірген, мұғалім болған. Жаз бойы жұмысы оқушылар лагерінде өтетін. Бізді де апаратын. Судың жағасы. Қаланың іргесіндегі Мичурин ауылы. Мұнда «Урожайный» деген пионер лагері болатын.

– Түріңіз атаңыздан аумай қалғандай, қатты ұқсайтын сияқтысыздар?

– Атамыздың қолдан салынған портреті болатын, отбасымен, әжемізбен, кішкентай қыздарымен бірге түскен фотосы да есімде, үйдің қабырғасында ілініп тұратын. Мәриям есімді үлкен қызы Оразақ ауылының бөлімшесінде тұрды, портрет фотолары сол кісінің қолында еді. Бірақ өкінішке қарай, ол мұра өртеніп кетті, сақталмады. Фотолар көне, сонау 30-жылдардың естелігі еді.

Ал мына фотосы Омбыдағы архивтен алынды. Онымен қоса мұнда атамыздың шаруашылығы жайында мәліметтер көп екен, қанша соқасы, қанша арбасы болған, тағы да басқа дүние-мүліктері туралы біраз мағлұмат келтірілген.

– Әжеңіз басынан кешкен қиындықтары туралы айтатын ба еді?

– Жоқ, ол кісі өткен өмірі туралы көп нәрсені айта бермейтін. Тілге шешен, ер мінезді, қолы ашық, пейілі кең кісі еді. Тұла бойын таза ұстайтын, тазалықты ұнататын. Қолынан іс келмейтін олақтарды, жалқауларды, түске дейін төсегі жиналмай жататын салдыр-салақ әйелдерді бетің бар, жүзің бар демей көптің алдында сөзбен түйреп тастайтын адуын кісі еді.

Ол кісі атамыздан кейін Әбдіраш деген кісіге тұрмысқа шықты. Қалада Қазан төңкерісіне дейін лапке ұстапты. Әбдіраштың бірінші әйелінен үш баласы болған екен. Онымен айрылысқан. Сосын әжемді алған. 1941 жылы екеуінен Әлиман деген қыз туады. Ол кісі екі жыл бұрын қайтыс болып кетті.

– Спан болыстың туған-туыстарымен, көзін көрген кісілермен араласып тұрды ма? Әлгінде ол кісінің кіндігінен бес ұл тарады деп едіңіз ғой.

– Әрине. Өтегеннің баласы Қабыкен Алматыда министрлікте жұмыс істеді. Сағынбайдың 2 баласы Жезқазғанда шахтер болды. Төлегеннен ұл жоқ, қыз ғана бар. Тоқбергеннен Рапық, Кәріс деген 2 бала бар. Рапығы Бурабайдағы Горный техникумның директоры қызметін атқарды.

– Атаңызбен араласқан белгілі тұлғалардан кімдерді білесіз?

– Мысалы, Сәкен Сейфуллин Спан атамыздың қыстауында аунап-қунап біраз күн демалып кетеді екен. Кезінде Ақмолада атамыздың зәулім үйі болған деседі. Бұл үйде одан басқа да қазақтың зиялылары, игі жайсаңдары болмады деп айта алмаймын. Ол үй қазіргі Сәкен Сейфуллиннің музей-үйімен қапталдаса орналасқан екен.

– Алашорда үкіметі жайында қолыңызда қандай да бір тарихи деректер, құжаттар бар ма?

– Атамыз Алаш өкіметіне қаржылай қолдау көрсеткен кісі ғой. Сәкенге еріп Қорғалжын жақтан, руы Темеш бір жігіт келіп-кетіп тұратын болған. Кейін Семей жаққа көшіп, сол жақта редактор болған сыңайлы. Содан кейін аласапыран заман басталып кетіп, атамыз да, Алашорда да большевиктердің қырына ілігеді.

Мына бір газеттің қиындысы қолыма тиді, толық емес. Нұра (Темеш) болыстығы жайында, Спан болыстың қай уақытта билік еткені жайында жазған – өлкетанушы Юрий Попов деген кісі. Өзі Петербордан-ау шамасы. Бір шеті – Қорғалжын, ал екінші бір шеті – Нұра болыстығы болса, соның ар жағында Жарасбай деп аталатын жер бар еді. Мұнда тоқа руы мен темеш руынан кандидаттар түскен сайлауға, біздерді «феодалдық, керітартпа» деп айтпағаны жоқ, ал ішінде әйел заты да бар қатысқан. Кәдімгідей бәрі болыс, би, ауылнай ретінде заңды түрде 3 жылға сайланып отырған. Атамның Бозшакөл деген жерде жайлауы болатын. Смағұл есімді өзі бай, өзі жомарт үзеңгілес жолдасы болған, оның да қыстауы – Тайтөбеде. Со кісінің бір қыста әлгі төбенің маңайында 150-дей тайы құлындапты (тайдың құлындауы сирек кездесетін құбылыс). Бұл жердің Тайтөбе аталып кету себебі содан.

Ал мына жатқан Тайтөбе ауылы бұрын Майлы ауыл деп аталған. Шежіремен тарқата айтар болсақ, темеш руы ішіндегі малыбаймыз. Қазақта тоғыз атаға жеткен кезде рулар жеке ел боп бөлінеді деген сөз бар емес пе?. Малыбай өзі батыр болған кісі, қазақ-қалмақ соғысы тұсында өмір сүрген болса керек. Жайлауы Нұраның бер жағы, бұрын ол жерді қыпшақтар жайлаған екен. Атамыз болыс болып сайланған соң, Тайтөбеге Майлы деп ат қойған дейді. Жаз жайлауы Нұраның жағасы болған. Әлгі аталған Майлыда атамыздың қой-сиыр ұстайтын фермалары орналасыпты. Жер жыртатын өгіз бен жұмыс аттарын асыраған. Арба жасайтын ұстаханасы болған. Тайтөбе ауылы колхоз болып құрылған жылы аты ауыстырылды. Тайтөбе деген төбешікке келсек, ол қазіргі Ақмола зираты тұрған жерде. Атамыздың жайлауы Киевка, Рождественский совхозының бөлімшесі Ворошиловка жақта еді.

Бүкіл жұмысшысы, жалшысы сонда. Колхоздастыру тұсында атамның жұмысшыларын алып келеді, оған қыпшақтардың ауылын қосады. Сонымен колхоз болады. Колхозға қандай ат береміз дегенде, кейбіреулер «Майлы» деген атауға қарсы шығады. Бұл атаудан тоқшылық исі аңқыған рушыл-байшылдықтың лебі сезіледі дейді. Әйтпесе бүгінгі күні Тайтөбе деп жүргендеріңіз – Ақмола. Ал нағыз Тайтөбе – ол Майлы. Тарихқа үңілсек, оның Майлы-Тайтөбе деген қос атауы болған.

– Атақты көпес Қосшығұловтың шаруашылықтары да болған осы өңірде деген әңгіме бар емес пе ел аузында?

– Бәлкім, солай екені рас та шығар. Арқаның жері ұлан-байтақ, кең көсіліп жатқан шетсіз, шексіз сары дала емес пе? О кезде мына Қосшы деген ауыл жоқ-тын. Оның пайда болуы бертінде ғана, 1958 жылы негізі қаланды. Оған дейін ол жерде 5-6 ғана шошайған үйдің құр сұлбасы болмаса басқа ештеңе болған емес.

Тағы бір айта кететін жайт, атамыздың диірмені болған екен Нұраның бойында, Петровка диірмені делінеді, жан-жаққа егін еккізген, маңайдағы бар темештің игі жайсаңдары осында әкеліп диірменіне бидайын тартқызатын. «Антон диірмені» дегенді Преображенканың переселен хохол-орыстарына салдыртқан көрінеді. Аты орысша демесеңіз, бұл диірмендерге атам қожалық еткен.

– Аты-жөндеріңізді қағазға түртіп алсам бола ма?

– Он баланы ретімен айтатын болсақ: Сәлима Спанова-Темірғалиева (1959 ж), Жазира Спанова (1960 ж), Барлыбай Спанов (1962 ж), Жұманәлі Спанов (1963 ж), Амантай Спанов (1964 ж), Естай Спанов (1966 ж), Жақсылық Спанов (1967 ж), Ералы, Нұралы Спановтар (егіздер, 1969 ж, Ералы қайтыс болған), Болат Спанов (кенжесі, 1970 ж).

– Ашаршылық жылдарының ауыртпалығы жайында естіген тағы қандай әңгімелеріңіз бар?

– Екінші атамыз Әбдіраш Әлсейітов ашаршылық тұсында бүкіл Тайтөбені асырап шыққан дейді. 1932 жылдары осы өңірді мекендеген ашқұрсақ халықты түгел балықпен азықтандырған көрінеді. Астында көк есегі болған. Қысы-жазы көлден балық аулап, ауылды аштықтан аман алып қалған. Жанында Спан атамның сойылсоғары қызметін атқарған, лақап аты Пұшық деген көмекшісі болыпты. Дене тұрқы төртбақ, еңгезердей нән кісі дейді. Өзінің бұла күшіне сенген содырлау адам болса керек. Орыс-казактармен төбелесіп, талай рет қаланың абақтысына жабылған екен. Оны болыс атам бар беделін салып жүріп, басшыларын паралап, босатып алып шығып отырған. Сол Пұшық ақсақал екінші атамызбен бірге балық аулап, оны көк есекпен ауылға тасыған, оны жұртқа теңдей үлестіріп берген. Жығылғанға жұдырық демекші, әлгі көк есекті бір күні ақпан айында қасқыр жеп кетіпті. Сол жылдары қасқыр да қатты ашығып, құтырған деседі. Содан есек жоқ, 3-4 шақырым жерден шананы жаяулап өздері тасыпты. Спан атамыздың Қасқабас деген тағы бір сойылсоғары болған.

Атамыздың адал еңбегінің, үнемі қара халықтың мүддесіне қызмет еткендігінің арқасы болса керек, сыртынан ғайбат сөз айтып, «арыз жазу, соңына түсу» деген сияқты нәрселер болмаған сияқты.

Елге жасаған тағы бір жақсылығын әңгіменің орайы келіп тұрғанда айта кетейін. Осы арадан 180 шақырым жердегі Құланөтпес деген елдімекеннен бір баланы өз малымен қаржыландырып, Қазанға молдалық жәдит оқуына жіберген екен. Ол кісінің лақап аты – Қарамолла. Осы бертінге дейін өмір сүрді, жасы 100-ге келіп қайтыс болды. Сол кісінің қолында атамыз жайлы біраз құжаттар болған сияқты. Бірақ қолдан-қолға өтіп ол дүниелердің де ізі жоғалған екен. Бірақ әлі де іздестіруді тоқтатпаймыз.

– Өткен ғасырдың 20-жылдары басында Кеңес өкіметіне жергілікті тұрғындар тарапынан түрлі наразылықтар, қарсылықтар болғаны тарихтан мәлім. Бұл жақта ондай толқулар болған жоқ па?

Сондай-ақ 1923-24 жылдары орын алған ашаршылық зардаптарына қарамастан РСФСР-дың әр жерінен Ақмола өңіріне аш-арық жұрттың шұбыра көшкені белгілі.

– Біздің ата-бабаларымыз қоныстанған өңірде негізінен темеш (қуандық) пен қыпшақ руының адамдары тұрғаны жайында жоғарыда айтып өткен сияқтымын. Содан 1922 жылы ашаршылық тұсында мұнда Жаңарқа жақтан алтайлар (қуандық) келе бастады. Атамды сағалап, он шақты отбасы көшіп келіпті. Атам оларға бөліп қоныс алып береді. Қазір ұрпақтары әжептәуір өсіп-өніп, үлкен бір бәйтерекке айналған десек, артық айтқанымыз емес. Бұл жақтың жері қандай шұрайлы, шөбі қандай шүйгін еді, шіркін. Колхоз кезінде аты алты қырдан асып дүркіреп тұрды.

Ақмоланы да келімсектер әуелгіде осы Тайтөбе тұсынан салмақ болған, тіпті қазығын қағып, жерін белгілеп те қойған деседі. Сөйтіп жүрген кезде көктемде су тасып, арғы бетке өте алмай қалады. Романовтардың 200 жылдығы қарсаңында жоғарыға «қала салып жатырмыз» деп ақпар беру үшін жанталасып, станицаны бергі бетке салуға мәжбүр болады. Мына жақта Есіл есіле көсілсе, ана бетте сыңғыры бөлек Нұра жатыр жарқырап, қай тұсынан болсын сырттан жау шаба алмайды. Қазіргі Астанамыздың, бұрынғы Ақмола – Целиноградтың тарихында әлі де бүктеуі жазылмаған, қабаты аршылмаған қатпары терең алуан сырлар қаншама…

Келешекте атамызға Тайтөбеде, Қосшыда көше атауы берілсе екен деп армандаймыз. Өйткені атамыздың сүйегі осы Тайтөбеде жатыр ғой.

Әңгімелескен

Ғазиза ИСАХАН,

Астана қаласы мемлекеттік архивінің ғылыми-зерттеу және ақпараттық-түсіндіру қызметінің басшысы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button