Басты ақпаратЕлорда тынысы

Төтенше жағдайлар нысандарымен танысты

29 қыркүйекте Астана қаласы мәслихатының кезекті сессиясы өтеді. Онда негізгі мәселе ретінде елордада төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі жүйелі шараларды қолдану мәселелері қаралады. Сессияның алдында депутаттар қалалық Төтенше жағдайлар департаменті нысандарында көшпелі отырыс өткізді.

Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов бастаған депутаттар жедел-құтқару жасағы базасының құрылыс алаңына барды. Нысанды салу 2019 жылы басталып, біраз уақыттан кейін қаржыландырудың болмауынан құрылысы тоқтап қалды. Құтқарушылардың айтуынша, нысан қалаға аса қажет. Мұндай бөлімше Тұран даңғылында орналасқан. Бірақ арнайы техникаға арналған жылы бокстар жоқ.

Жоба бойынша әкімшілік ғимаратты, оқшауланған гараждарды, қоймаларды, қызметтік иттерге арналған тәлімбақтарды, іздестіру иттерін даярлауға және үйретуге арналған алаңдарды, оқу-жаттығу полигоны және қалаға бақылау-өткізу бекетін салу көзделген. Ерлан Каналимовтың айтуынша, мәслихаттың қолдауымен кинология­лық орталықты ашу мәселесі шешілді, ал құрылысы тоқтап қалған жедел-құтқару стансасының басқа ғимараттарына қатысты жобалау-сметалық құжаттамасына биыл түзету енгізу жоспарланған.

Депутаттар жөндеуді қажет ететін екі өрт сөндіру бекетіне де барды. Бұл нысандар өткен ғасырдың 80-жылдары салынған. Көшпелі отырыста нысандар жағдайымен қатар қалалық Төтенше жағдайлар департаменті  қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету, балаларын балабақшаға орналастыру, жалақыларын көтеру сынды өзекті мәселелер талқыланды. Бұл мәселелер қалалық мәслихаттың алдағы кезекті сессиясында қаралады.

Көшпелі отырыстың қорытындысы ретінде қалалық мәслихат депутаттарына «Жеті бөшке» тұрғын үй кешені маңайында өткізілген өрт-тактикалық оқу-жаттығулары көрсетілді. Құтқарушылардың айтуынша, бұл тұрғын үй кешенінде өрт жиі болады. Сондықтан оқу-жаттығулары халық арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және нығайтуға, төтенше жағдайлар туындаған кездегі іс-әрекеттер туралы тұрғындардың сауатын арттыруға, құтқарушылардың өрт сөндірудегі іс-қимылдарын және қаланың тіршілікті қамтамасыз ету қызметтерімен өзара байланысын пысықтауына бағытталған.

Жаттығуларға департаменттің бөлімшелері, соның ішінде 12 техника және жеке құрамның 40 адамы, жол-патрульдік қызметі, қалалық жедел медициналық жәрдем стансасы, «АРЭК» АҚ апаттық қызметі қатысты. Жалпы жыл басынан бері астаналық құтқарушылар 250-ден астам жоспарлы оқу-жаттығу өткізді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button