Басты ақпарат

Тұрғындар бюджет қаражатын бөлуге қатыса ала ма?



Астана ТВ арнасының Elorda LIVE бағдарламасына қатысқан Сарыарқа ауданының әкімі Ерғали ­Егемберді қала тіршілігі, инфрақұрылымды жетілдіру, адами капиталды дамыту сияқ­ты өзекті мәселелер турасында баяндап берді.
Әкім «Бюджетке қатысу» қанатқақты жобасы аясында аудан тұрғындарының жергілікті бастамаларды қолдау мақсатында бюджет қаражатын қайда жұмсайтындарын өздері шешетіндігі туралы айтты.

– Сарыарқа ауданы 1998 жылы 6 мамырда құрылған екен. Қазір ауданда тұрғындар саны қанша? Өзіңіз басқарып отыр­ған әкімшілік аумақтың тыныс-тіршілігі туралы айтсаңыз.
– Сарыарқа ауданы елордамыздың қара шаңырағы десек болады, Астананың іргетасы қаланған сәттен бастап талай тағдыршешті саяси шешімдер, ірі қадамдар осы біздің ауданнан бастау алған. Аудан Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен 1998 жылы 6 мамырда құрылған болатын. Ол кезде Сарыарқа ауданы мен Алматы ауданы ғана болды. Соңғы 1 қазандағы мәлімет бойынша, бүгінде Сарыарқа ауданында 335 мың тұрғын бар. Аудан аумағы 68 мың гектар, оның ішінде аудан үш тұрғын алаптарынан құрылған. Ол – Көктал 1, Көктал – 2, Агроқалашық. Мәліметтерге тоқталсақ, 938 көппәтерлі тұрғын үйлер, 12 мың жеке үйлер, 540 аула, 215 шақырымға созылған 315 көше бар; 168 әлеуметтік мекеме бар, оның 26-сы – емдеу, 142-сі – білім саласында; сондай-ақ 36 тынымбақ, 7 театр, 1 мұражай, 1 концерт залы, 19 спорт нысаны, 15 ескерткіш бар. Сарыарқа ауданы бұрынғы тың игерушілер тоқтаған жер болғандықтан, тұрғындардың негізгі бөлігі осы ауданда қоныс­танған.
– Аудан халқының саны 335 мың деп жаңа өзіңіз айтып кеттіңіз, 2000 жылдары қала бойынша жалпы тұрғындар саны 300 мыңның ар жақ, бер жағы болатын. Президентіміз Қ.Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында қоғамдық диалог, ашықтық мәселесін көп айтты. Халықтың мұң-мұқтаж тыңдай біліңдер деді, биыл көптен шешімін таба алмай келе жатқан қандай мәселені шештіңіздер?
– Аудан тұрғындарымен ашық диалог жасаудың негізгі құралы – азаматтарды қабылдап, олармен кездесулер ұйымдастыру. Ақпан айынан бастап жеке қабылдаулар өткізіп, оған қосымша үш тұрғын алапқа мысалы, Көктал 1-де №40, 41 мектепте, Көктал 2-де №68 мектепте, Агроқалашықта №20 мектепте көшпелі қабылдаулар өткіздік; өзіміздің әкімшілікте әр бейсенбі сайын өзім бар, орынбасарлар, бөлім меңгерушілері бар ақпан айынан бастап 11 800 тұрғынды қабылдадық. Ол жерде талай өтініштер, шағымдар тыңдалды, 21 қарашада республика бо­йынша өткізілген шара бо­йынша қала әкімінен бастап қасымыздағы үш аудан бар, қалалық басқармалар бар, азаматтарды бірыңғай қабылдауларды өткіздік, одан бөлек, 8 қазанда халық үніне құлақ асатын тапсырма келген болатын. Сондай-ақ Президент Қ.Тоқаевтың төрағалығымен елорданы одан әрі дамыту жөніндегі мәжілісте аудан әкімдері кеңседе отыра бермей жаяу жүріп, тұрғындармен кездесіп, тұрғындар өмірінен хабардар болу керек деген тапсырмалар берілген болатын. Қазір сол бағытта жұмыс жасап жатырмыз, екіншісі, әлеуметтік желілер бойынша, яғни қазіргі таңда заманға сай әлеуметтік же­лілерде 22 мыңнан астам әртүрлі деңгейдегі өтініштер мен тілектерге байланысты кері байланыс орнатылған. Үшіншісі, өздеріңізге белгілі, ikomek мониторингтік орталықтың көмегімен жылдың басынан бері 11 мыңнан астам өтінімдер өз шешімін тауып келеді. Оның 3-4 бағыты бар, көбі, яғни 50 пайызы – 5 жарым мыңдай өтініштер коммуналдық шаруашылық мәселелер; абаттандыру мәселелері бойынша 27% – үш мыңдай өтініш келіп отыр. Тіршілікті қамтамасыз ету бойынша – 13%, ішкі саясат мәселесі бойынша – 7%; осындай 3-4 бағытпен жұмыс жасап жатырмыз.
– Әлеуметтік желілерден көрдік, қоғамдық қабылдау акциясы аясында қала әкімі Алтай Сейдірұлы бастаған аудан әкімдері ауқымды шара өткізіп, халықпен кездестіңіздер. Негізінен, көп қойылатын сұрақтар коммуналдық шаруашылыққа қатысты сұрақтар дедіңіз, бұл жерде пәтер иелері кооперативтеріне қатысты мәселелер ме?
– Коммуналдық шаруа­шылық мәселесін атап өту керек, жаздың кезінде аулалаларды абаттандыру бар, қоқыс жинау мәселелері бар, ПИК мәселелері бар. Сонымен бірге Сарыарқа ауданында үйлер де, көшелер де ескілеу, электр шамдар болмауы, подъезд жиналмауы, есік алдына тал отырғызылмауы мүмкін, осындай мәселе көп. Бр айта кетерлігі, біздің Сарыарқа ауданының азаматтары өте белсенді. Тек қана шағым емес, өздерінің ұсыныстарын айтады, мәселені қалай шешуге болатынына дейін айтып көмектесіп отырады.
– Қала халқының саны күн санап өсуде, осыған байланысты мектепте оқушылар саны да артуда. Оларды білім ошағымен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешіліп жатыр екен?
– Сарыарқа ауданы бойынша 32 жалпы орта білім беретін мектеп бар. Бүгінгі таңда Көктал-2 тұрғын алабында 500 орындық № 68 мектеп салынды, №40 мектеп бар, оның қасында тағы салынып жатыр. Жангелдин көшесіндегі №60 мектептің қасында да 550 орындық тағы бір мектеп салынуда. Оқжетпес – Бөкеев Агроқалашықта 1200 орындық мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр, ендігі жылы Алла қаласа, бітіреді. Ескі теміржол вокзалы жақта Қарасай батыр – Бұланты деген жерде де бүгінгі таңда 1200 орындық мектептің жобасы басталды. Адам саны көбейіп жатыр. Қай өңірде болмасын, адам баласына жақсы мектеп, жақсы оқу орны табылса дейді, жыл сайын 20-30 мың халық елордаға келіп жатыр. Оның бәрі түсінікті, балабақша, мектеп жетіспеушілігі бар, тағы қай жерде мектептер жетіспей жатыр деген 4-5 орынды қала әкіміне ұсындық, Мәскеу көшесінде үш ауысымдық №14 мектебіміз бар, №40,41 мектептерді айттым, №65,67 мектептер бар, ол №167 көшеде тұрғындар тығыз орналасқан, мәселелер бар, бірақ, оның бәрінің шешімі табылады деген сенім бар.
– Сіздің сөзіңізден түсінгенім, биылдың өзінде бір жаңа мектеп ашып отырсыздар, келесі жылы тағы да жаңа мектеп ашылады ғой…
– Келер жылы 3 мектеп пайдалануға беріледі. Жаңа айтқандай, №40 пен № 60 мектептің қасынан қосымша 500 орындық ашылады.
– Сонда айналасы 2-3 жылда үш ауысымды мек­тептер мәселесі толығы­мен шешіледі деген сөз ғой.
– Біздің ауданымызда үш ауысымдағы бір мектеп бар, жаңа айттым №14 мектеп, оны 2-3 апта бұрын Алтай Сейдірұлының өзі барып көрді, ұсыныстарымызды қабылдады, ол жерде қосымша мектеп салу үшін жекеменшік үйлерді қайта сатып алу керек болады. Бұл жақын арада шешілу керек.
– Мен осы Сарыарқа ауданында әкімдіктің қасында тұрамын. Осы ауданның ардагерімін, жасым 92-де. Көп жыл болды, менің халімді біліп, қалай өмір сүріп жатырсыз деген біреу болған емес, білгім келгені – ардагерлерге қандай қамқорлық көрсетіледі, тұрмысына көңіл бөліне ме?
– Бізде ардагерлер кеңесі бар, оның төрағасы – Қабас Ахметов деген азамат. 9 мамыр аясында яғни жыл ортасында біздің ауданымызда 25 соғыс ардагері болған, өкінішке қарай, тағы бір ардагер апайымызды соңғы сапарға шығарып салдық, қазір біздің тізімде 21 соғыс ардагері тұр, ол кісілер бақылауда. Олармен бірге көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Жаңағы ардагердің аты-жөнін толық естімей қалдым, аты-жөнін толық жазып алып, өзім барып сұхбаттасайын.
– Жалпы, осы біздің астанамыз басқа қалалармен салыстырғанда инновациялық экономикасы өте қарқынды даму жолына түскен шаһар. «Бюджетке қатысу» деген қанатқақты жоба туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан хабардар болып отырмыз, сіздің ауданда осы жоба қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Бұл өте қарқынды жоба деуге болады. Бюджетке қатысу жобасы жергілікті бастамаларды қолдау дейді, республикамызда тек Сарыарқа ауданында биылдан бастап енгізілді. Биыл Президентіміз де Жолдауында осы біздің тәжірибемізді басқа өңірлерде де енгізу керек деп тапсырма берді. Бұл жобаның мақсаты – аудан тұрғындары бюджет қаражатын қайда жұмсайтынын өздері шешеді. Аудан әкімі емес, қала әкімі емес, депутаттар емес, шенділер емес, нақты өзіміздің ауданның тұрғындары шешеді. Биылдыққа 100 млн теңге қаражат бөлінді, басында 22 жобаны қарастырған болатынбыз, оның ішінде эксперттік кеңесіміз 14-ін таңдап алды, оны таңдап алған себебіміз – ол осы аудан әкімдігінің шеңберінде, құзіретінде болу керек. Ең бастысы – жобалар жарықтандыру, көгалдандыру, жаяу жүргіншілер аумағын абаттандыру бойынша, аула салу бойынша болды, осылайша 14 жоба іске асырылды деп жатырмын, соның ішінде 9-ы бойынша аулаларды абаттандырдық. Бір аула клубы ашылды, «Балалар – біздің болашағымыз» деген. Көгалдандыруға екі жоба, бір жобамыз жаяу жүргіншілерге арналған алаңдарды орналастыру, тағы да бір жоба мерекелерге арналған безендіру бойынша. 14 жобаны іске асыру бүгінгі таңда тұрғындар арасында үлкен қолдау тауып отыр.
– Осы бюджетке қатысу деген қанатқақты жобасы елордамызда алғаш жүзеге асырылып отыр ғой сонда?
– Биыл 2019 жылы 100 млн теңге қаражат бөлінген болатын, ендігі жылда екі есеге көбейтеміз деп, Сарыарқа ауданына 200 млн теңге қаражат қарастырылатын болады. Тұрғындарға ақпан-наурыз айларында Сарыарқа ауданы әкімшілігі сайтына кіріп, қарап белсенді қатысыңыздар деп айтып кеткім келеді. 15 млн теңге қаражат қарастырылады. Өз идеяларыңыз енгізуге тамаша мүмкіндік береді.
– Сарыарқа төсінде кемінде алты ай қыс жатады, қылышын сүйретіп қыс та жетті, аудан көлемінде қар тазалау жұмыстарына қатысты не айтасыз?
– Бізде үш механикалық тазалайтын мердігер компаниямыз бар. Күніне таңертең 510 адам қолмен тазалауға шығады, 250 бірлік техника қар тазалайды, аудан бойынша 350 бірлік техникамен 600-650 жұмысшы шығады, күнделікті аула тазалайтын 18 учаске бар, ол жерде 18 мердігер компания бар. Тынымбақтар мен саябақтарды тазалайтын бір компаниямыз, көшелерде техникалар сыпырып, қар тазалап жатыр, тұрғындарымыз да талап етеді, мен де өз тарапымнан талап етемін, негізі, бұл жұмыстарға үш күн уақыт беріледі, үш күн ішінде тазаланып болуы тиіс.

Әзірлеген
Жадыра ШАМҰРАТОВА




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button