Қала мен Сала

ТҰРҒЫНДАР КӨҢІЛІ ПИК-КЕ ҚАШАН ТОЛАДЫ?



Бүгінде көптеген адамдардың пәтер иелері кооперативіне көңілі толмай, сынап жатады. Ал ПИК жұмысы жұртшылықтың талап-тілегін толықтай қанағаттандыру үшін не істеу керек? Осы мәселені шешу мақсатында Астана қаласы әкімі Әсет Исекешев е-ПИК жобасын көпшілікке ұсынған болатын. Ал «Aстана Innovations» АҚ аталған жобаны тамыз айының соңына дейін біріктіретінін мәлімдеп отыр.

ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 228 ҮЙ СҮРІЛЕДІ

Қазіргі таңда Астана қаласында 2 513 көп пәтерлі тұрғын үй орналас­қан. Аталған тұрғын үйлерге 431 пәтер иелері кооперативі қызмет көрсетеді. Тұрғын үй инспекциясы басқарма басшысының міндетін атқарушы Азамат Әміржановтың айтуынша, қызмет көрсетудің орташа тарифтері 45 теңге. Сондай-ақ, ол ең төменгі тариф 25-тен 35-ке дейін, ал ең жоғарғысы 45 теңгені құрайтынын мәлімдеді.

– 2016 жылмен 2017 жылдың бірінші жарты жылдығында кондоминиум объектісінің жалпы мүлкіне меншік құқығын анықтау үшін біздің басқарма ПИК төрағалары және басқада мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп кондоминиумды тіркеу бойынша мақсатты жұмыстар жүргізді. Бүгінгі күні Астана қаласында кондоминиумды тіркеу 94 пайызды құрайды. Осылайша Астана қаласы еліміздің басқа өңірлерінің ішінде бірінші орынды алып отыр. Жалпы басқарманың негізгі мақсаты тұрғын үй қорын сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұйымдастыру шараларын қамтамасыз ету болып табылады. Мәселен, біз 1950 жылдан бастап 2000 жылға дейін салынған яғни техникалық зерттеуді қажет ететін көп пәтерлі тұрғын үйлердің тізімін анықтадық. Қазіргі таңда олардың жалпы саны 1 416 болып отыр, – дейді ол.

Сондай-ақ, ол 2013-2016 жыл­дар аралығында 537 тұр­ғын үйге техникалық зерттеулер жүргізіліп, оның 372 апатты үй болып танылғанын айтады. Аталған апатты үйдің 228 осы жылдың соңына дейін сүрілетін болады. Сонымен қатар өткен жылы Астана қаласында ТКШ жаңғырту шеңберінде 3 көп қабатты тұрғын үйдің ортақ мүлкі күрделі жөндеуден өткізілді. Ал биыл 9 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланып отыр.

ЖОСПАРДАН ТЫС 71 ТЕКСЕРІС ЖҮРГІЗІЛДІ

Азамат Жұмабайұлы ПИК саласында кемшіліктер бар екенін жасырмай айтып берді. Мәселен, бүгінде кондоминиумды тіркеудің арқасында меншік иелері өздерінің басқару органдарын құрып отыр. Осының арқа­сында тиімді басқарушы және сервистік компания­ларды таңдап алуға мүм­кіндік бар.

– Алайда меншік иелерінің арасында проблемалық мәселелер сақталып отыр, олардың масылдық пиғылдары білінуде. Яғни тұрғындар өз пәтерлерін бе­зендіріп алады да, ал кіреберістер мен қасбеттер және жер­төлелер көп жағ­дайда аянышты күйде болады. Қиын жағ­дайлар туындаған кезде тұрғындар мемлекетке арқа сүйейді, олар өздерінің қиындықтарын шешіп беру үшін арыз жазып шағымданады. Бүгінде пәтер иелерінің 30 пайызы ортақ мүлікті күтіп ұстау шығындарына қатыспайды. Нақтырақ айтсам, олар күрделі жөндеуге жинақтаушы есепшотын ашудан бас тартып отыр. Үйді тиісті жағдайда күтіп ұстау үшін басқару органы бекітуге негізделген жоғары тарифтерді қояды. Бірақ бұл жерде пәтер иелері келісімдерін бермейді. Осыған байланысты ПИК ортақ мүлікті сапалы күтіп ұстауға қандайда бір қаражаттары болмай­ды, бұл тұрғын үй қорының техникалық күйін нашарлатуға әкеледі, – дейді Азамат Жұмабайұлы.

Жаннат Дүбірова, «Aстана Innovations» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– Бір сөзбен айтқанда, ақпараттық жүйе ПИК-тің тұрғындармен байланысын автоматтандырады және жеңілдетеді. Жоба үшін бағдарламалық қамтамасыз етумен айналысатын қазақстандық компаниялардың үздік шешімдері таңдап алынды. Қазір Астананың үш ауданында мобильді қосымшаны енгізу қарқынды жүргізіліп жатыр. Бес қызмет көрсетуші компания арасында 436 елорда ПИК-і тең бөлінген. Қазіргі таңда жоба аясында 150 ПИК ақпараттық жүйеге қосылды. Мобильді қосымша өтініш беру, тұрғынның ПИК-ке өтінішін тіркеу сияқты әртүрлі функцияларды атқарады. Енді басқарушы компанияға хабарласудың қажеті жоқ. Бар болғаны қай уақытта қандай қызмет түрін алғыңыз келетіні туралы хабарлама жіберсеңіз жеткілікті.

ПИК қыз­­меттерінің ашық­тығын қамтамасыз ету мақсатын­да халыққа тоқсан сайын есеп беру жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Мә­селен, осы жылдың бірінші жарты жылдығында жоспардан тыс 71 тексеріс жүргізіліп, ПИК-ке және қыз­мет көрсетуші ұйым­дарға қатыс­ты олардың міндетті орындалуы үшін 56 нұсқау берілген. Яғни, басқарма барлық ПИК қызмет көрсетуші ұйымдарға қолданыстағы заңдылықтардың сақталуы жөнінде ескертулер берген. Осының арқасында бүгінгі күні ПИК-тер мен қызмет көрсетуші ұйымдардың 70 па­йызға жуығы тоқсан сайынғы есеп­терін беріп тұрады. Ал қалғандары бойынша әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылатын болады.

е-ПИК ПАЙДАСЫ БАР МА?

Иә, пәтер иелері кооперативінің жұмысында көптеген кемшіліктер бар екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Ал енді осы саладағы кем­шіліктерді азайту үшін қандай жұмыс­тар жүргізілгені дұрыс? Астана қаласы әкімі Әсет Исекешев өткен жылдың аяғында электрондық ПИК жобасын көпшілікке ұсынған болатын. Өйткені қала басшысының айтуынша, саладағы күрмеуі қиын мәселелерді аталған жоба арқылы шешуге әбден
болады.

Сондықтан да «Aстана Innovations» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жаннат Дүбірова е-ПИК жобасы тамыз айының соңында іске асырылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа жоба кондиминиумның жұмыс сапасын арттырып, оның қыз­метінің ашық болуына ықпал етеді. Сондай-ақ, кері байланыс орнатып, қала бойынша ПИК-тің рейтингісін білуге мүмкіндік береді.

Жалпы жобаны ұсынушылар электрондық ПИК-тің пайдасы қыруар екенін айтуда. Мәселен, жаңа жүйе арқылы тұрғындар ПИК-тің қаржылық қызметінің есебін бақылап, бірыңғай есеп айырысу орталығына төлем жасау мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ, е-ПИК тұрғындарды өткізі­ле­тін шаралар туралы ақпараттандырып, сауалнама мен онлайн-тәртіпте пәтер иелері дауыс береді. Осы дауыс беру нәтижесінде елордалық кон­доминиум­дар рейтингісі желтоқсан айында Smart Astana порталында жарияланады.

Шыны керек, Астанадағы ПИК жұмысы өзге қалалар сияқты сыннан көз ашпай келеді. Мәселен, биылғы жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша басқармаға ПИК-тің жұмысына қатысты 1600 өтініш-шағымдар келіп түскен. Тұрғындар көбінесе ПИК тарапынан жүргізілетін көпқабатты үйлерінің кіреберістерін сапасыз жөндеу мен аулаларын тазалау жұмыстарына ша­ғымданады. Сондай-ақ тұрғындар тоқсан сайынғы, тіпті жылдық есептер ұсынылмайтынын айтып арызданып жатыр. Осындай шағымдардан көз ашпайтын ПИК-тің жұмысы электрондық жүйеге өткеннен кейін жақсара ма? Мұны алдағы уақытта білетін боламыз.

Серік
Жолдасбай




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button