ТҰРҒЫНДАРДЫ ТАЗАЛЫҚҚА ҮНДЕДІ
Жәнібек Тархан көшесіндегі №9 үйдің ауласында «Таза аула, таза кіреберіс» атты акция өтті.
Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтары штабы осы шараны жыл сайын ұйымдастырып тұрады. Былтыр Кенесары көшесіндегі «Каминный» тұрғын үй кешені аумағы тазаланса, биыл қала тұрғындарының өтініші бойынша акция өткізу орны болып осы мекенжай таңдалыпты.
Тұрғындарды тазалық сақтауға шақыру мақсатында ұйымдастырылған бұл акция жұмысына «Жасыл ел» жасағының қырыққа жуық белсендісі қызу кірісіп, ауланың техникалық және санитарлық жағдайын жақсартуға бар күш-жігерін салды. «Көпшілік тұрғындар үйлеріне кіріп-шығуды ғана біліп, ауланың жағдайына назар аударуды ұмыт қалдырып жатады. Сондықтан, бұл шара оларға үлгі болады деген ойдамыз» дейді аталған штаб төрағасының орынбасары Мереке Пошанов.
Акция барысында он алты түп ағаш әктеліп, түбі қопсытылды. 1,3 гектар арамшөп жұлынды. Сонымен бірге, 700 метрдей жол жиегі ағартылып, ауладағы қоқыс жиналды.
Мәдина ЖАҚЫП