Қала мен Сала

Тұрғындардың талабы орындалды



Астанада көпқабатты тұрғын үй кешені орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылды. Бұл іске Астана қаласының мәслихат депутаттары мән беріп, қала тұрғындарының мәселесін шешуге ықпал етті.

Әрине, елорда үшін бұл жаңалық болмауы керек. Алайда Қайым Мұхамедханов №41 үйі үшін бұл мәселе өзекті болып келген-ді. «Гранд статус» ЖШС құрылысын жүргізген «Лазурный берег» тұрғын үй кешені е жылу жүйесіне, е электр жарығына қосылмады. Тұрғындар осы мәселені көтеріп, құзырлы органдарға шағымданады.

– 2021 жылы қоныстанып қуандық. Алайда қуанышымыз ұзаққа созылмай, қыста қиындыққа тап келдік. Тұрғын үй газға қосылған-ды. Бірақ ай сайынғы төлем 50 мыңға дейін шығып, тұрғындарға қаржылық тұрғыда қиындық әкелді. Сосын газдан бас тартып, қыс бойы жылусыз отыруға тура келді. Президент тапсырғандай, «еститін мемлекетке» шағымдану үшін қалалық әкімдік пен мәслихатқа бардық. Естиді екен. Қалалық мәслихаттың төрағасы Ерлан Каналимов, депутаттар Кендебай Адамбеков, Бахаргүл Төлеген біздің уәжімізге мән беріп, мәселенің шешілуіне ықпал етті, – деді белсенді тұрғын Эльмира Зарипханова.

Шынында, 95 пәтерлі тұрғын үйдің мәселесі көп. Көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарынан бөлек, балалар ойын алаңы жоқ. Бәрінен бұрын, тұрақты электр желісіне қосылмаған. Тұрғындар бұл мәселелер кезең-кезеңімен шешілетініне сенеді.

– Аmanat партиясы «Халықпен бірге!» деп аталатын сайлауалды бағдарламасын жариялап, сайлаушылардың сеніміне ие болды. Енді уәдеге беріктік танытып, халықты толғандыратын мәселелерді шешу маңызды. Бізге «Лазурный берег» тұрғын үй кешені тұрғындары өз шағымын білдірді. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізіп, Нұра ауданының әкімдігімен бірге шешімін табуға жұмыс істедік. Нәтижесінде орталықтандырылған жылу жүйесіне қостық. Енді қазан айының алғашқы онкүндігіне дейін электр жарығын шешеміз, – деді қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Кендебай Адамбеков.

Мұндайда қыруар қаржы тауып отырған құрылыс компанияларының жауапкершілігін арттыру маңызды көрінеді.

 

 


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button