Мәдениет

ТУЫНДЫНЫҢ ТЕКСТОЛОГИЯСЫ ТҮЗЕЛДІ



Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайында арда ақынның «Тар жол, тайғақ кешу» романының баспадан шығуына 90 жыл толуына арналған жиын өтті. Мұражайдың ғылыми қызметкерлері 1927 жылы шыққан түпнұсқа мен кейінгі басылымдарын (1936, 1960, 1977, 1988, 2009, 2012) салыстыра отырып, текстологиясын жасады. Бұл еңбек мұражай «Сырсандық» атымен бірнеше жыл көлемінде шығарып келе жатқан кітаптың 3-4 томдарын құрады. Соның үшінші томы сол күні халықтың қолына тиді.

Жиындағы тағы бір үлкен жаңалық – ҚР Мәдениет қайраткері, суретші- мүсінші Мәлік Әбділдин өзі фарфордан құйған, биіктігі 1 метрден асатын сұңқар Сәкеннің мүсінін мұражайға тарту етті. Сәкен Сейфуллиннің ескерткіштері елімізде баршылық. Астананың өзінде екеуі бар. Мәселе, солардың сапасында, Сәкен тұлғасын ашуында болып отыр. Мәселен, Жезқазғанда бұрын тұрған Сәкеннің сұрықсыз ескерткіші «Даридай» ақын Мұқаш Сейітқазинов «Мынау Сәкен, қай Сәкен?» деген сынына іліккен соң ауыстырылды.
Ал ақын атындағы мұражайдағы жаңа мүсін жиналған көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл текстологиялық еңбектің алғысөзін жазған сәкентанушы ғалым Күләш Ахметова, мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Оразалы, әйгілі әнші, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайрат Байбосыновтың айтқан сөздерінен белгілі болды.


«Тар жол, тайғақ кешу» романының текстологиясын түзеу үшін мұражайдың ғылыми қызметкерлері екі жыл бойы еңбектенді. Идеологияның ықпалымен кезінде біраз өзгеріске ұшыраған туынды енді қалпына келтірілді деп айтуға болады. Сәкен Сейфуллин мұражайының алғашқы директоры Роза Асылбекова аманатқа адалдық туралы тебіреніп сөйлеп, мәдени ошақ ұжымына ризашылығын жеткізді.
Жиында Сәкеннің өлеңдері, оған ақындардың арнаулары оқылып, әндері шырқалды. Әндерінің жинақталуына Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнертанушы Серік Оспанов үлкен еңбек сіңірді. Кезінде бұл мұражайды басқарған әнші осыдан үш жыл бұрын, Сәкеннің туғанына 120 жыл толуына орай «Сәкен Сейфуллиннің музыкалық мұрасы» кітабы мен «Сыр сандық» атты Сәкен әндерінің СD үнтаспасын шығарған еді. Серік Оспановтың өзі биыл мерейлі 60 жасқа толып отыр. Мұражай басшылығы осыны ескеріп, әншінің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button