Басты ақпаратРуханият

Тыңға түрен салған



Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қоғам қайраткері, түркітанушы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және «Күлтегін» сыйлығының лауреаты Қойшығара Салғараұлының 85 жылдық мерейтойына арналған «Дала өркениеті: тарих, мәдениет, тағылым» атты ғылыми конференция өтті. Алқалы жиынға ғалым шығармашылығын қадірлейтін ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері және қаламдас достары қатысты.

Айта кетейік, Қойшығара Салғараұлының 85 жасқа толған туған күніне орай Мемлекет басшысы арнаулы құттықтау хатын жолдап, қабыр­ғалы қаламгерге зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеген болатын. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да жазушыны туған күнімен құттықтап, сый көрсеткен еді.

Қазақ тарихы мен әдебиетінде өшпес із қалдырып, халқымыздың санасына тарихи азат сананы сіңіру жолында еселі еңбек сіңіріп келе жатқан Қ.Салғараұлының еңбек жолы, ашқан жаңалықтары туралы кеңінен толғап, кемелді пікір, келісті ойлар айтылған конференция Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хатымен ашылды.

«Қойшығара Салғараұлы  –  ұлт  руханиятының өрісін кеңейтуге зор еңбек сіңірген қарымды қаламгер, қоғам қайраткері. Оның «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы» сынды және басқа да шоқтығы биік шығармалары қалың оқырманның жүрегінен жол тапты, ғылыми қауымдас­тықтың жоғары бағасын алды. Жазушының терең туындылары үшін мемлекеттік сыйлық иеленуі – осының айқын дәлелі. Ғалым Қытайдың сан ғасырды қамтитын архивтерінен тарихымызға қатысты тың деректер жинап, құнды ғылыми еңбектер жазды. Түркі халықтарының шығу тегін зерделеп, бауырлас елдердің ынтымақтастығын нығайта түсуге елеулі үлес қосты. Бұның бәрі өскелең ұрпаққа, әсіресе, жас ғалымдар мен қаламгерлерге үлгі екені сөзсіз» делінген Президенттің кеңесшісі Бауыржан Омаров жеткізген құттықтау хатта.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын депутат Қазыбек Иса жеткізді. Сонымен қатар ол «Ақжол» партиясының да құттықтауын жеткізіп, «Алаш» медалін табыс­тады.  «Қазақ газеттері» ЖШС атынан бас директор Дихан Қамзабекұлы құттықтап, ғалымның өмір жолы жайлы өз ойларымен бөлісті. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Астана қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Әбдешұлының құттықтау хатын жеткізіп, ақсақалдың иығына шапан жапты.

Сондай-ақ ғалымға Еуразия ұлттық университеті ғылыми кеңесінің шешімімен ғылым мен білімнің дамуына қосқан айрықша үлесі үшін  «Күлтегін» төсбелгісі табысталып, «Еуразия ұлттық университетінің Құрметті профессоры» атағы берілді. Осыдан кейін ғалымның «Адамзат өткен ұзақ жол» кітабының тұсауы кесіліп, сөз кезегі ғылыми баяндамашыларға берілді.

– Белгілі бір тақырыпты тереңдей зерттеуге түрлі нәрсе себеп болады. Бұған кейде адам, кейде заман, кейде қоғам ықпал етеді. Немесе қандай да бір шығарманың әсерінен ауқымды ізденіс­тер басталып кетуі мүмкін. Көне тарих пен түркітанудың тамырына барынша бойлап, елеулі еңбек етіп келе жатқан Қойшығара Салғараұлының елдік шежіремізді жазуына да қозғау салған себептер баршылық. Алдымен өзі біраз жыл қызмет істеген «Егемен Қазақстан» («Социалистік Қазақстан») газетінде көп жайтқа қанықты. Құрсаулы жүйенің қыр-сырына үңілді. Идео­логиялық өктемдіктің өзегінен сәулелі саңылау іздеді. Тыйым салынғанына қарамастан кейбір зиялылардың қолында жүрген әдебиеттерді оқыды. Алаш арыс­тарының еңбектерімен танысты. Ағартушылық сана ұғымына ден қойды. Төл тарихымызды зерделеуге, ұлтымыздың тегін танытуға ұмтылды, – деп сөз бастады Президентінің кеңесшісі, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Жұмаханұлы.

«Ғылыми құжатқа қатталған сірескен салалық бөлініске келсек, Қойшекең – тарлан тарихшы да, тегеурінді түркітанушы да емес, тек қана әйдік әдебиеттанушы, айбынды абайтанушы. Әдебиет және өнер институтының абайтану бөлімінде қызмет істеген майталман маман. Сөйте тұра, тарихқа барды. Тарихшы болғысы келгеннен емес, тарихтың насихатшысы болғысы келгеннен. Тарихтың қалтарыс-бұлтарыстарын түсіндіргісі келгеннен. Түпнұсқаны қарау арқылы тарихи деректердің дұрыс-бұрыстығын анықтауды жөн көргеннен. Ол – бұл мақсатына жеткен ғалым» деп жалғастырды ол.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Түркітану және алтайтану орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлы Қойшығара Салғараұлының тыңға түрен салған тұстарына тоқталды.

Қойшығара Салғараұлының тарих ғылымына әкелген жаңа ой-пікірлерін, ұсыныстарын жіктеп, жүйелеп, мынадай үш түйінге жинақтадық:

– Көшпелілер тарихын жоққа шығарушы саясаттанған әдістемеден тарихты тазарту;

– Тарихи түпдеректерді салыстыра сараптау;

– Атауларға (термин) жасалған талдаулар, – деді ол.

Қойшығара Салғараұлы бізге берген сұхбатында «Мен Қытайдан 10 том кітаптың материалын әкелдім. Соның бесеуі баспадан шықты. Қалған бесеуі қолжазба күйінде қалды» деген болатын. Жиналыста баяндама жасаған қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов осы түйінге тоқталып, «Еуразия ұлттық университеті осы еңбектерді жарық көрсетудің амалын қарастырғаны жөн және оған мүмкіндік те бар» деді.

Қысқасы, осыдан жарты ғасыр бұрын қазақ әдебиетінде бұрын көтерілмеген тың тарихи тақырыпқа роман-эсселер циклын жазып, ерекше құбылыс ретінде жұртшылық назарын аударған Қойшығара Салғараұлы бұл күнде көзі қарақты, көкірегі ояу, ізденімпаз оқырманның айрықша ықыласына бөленді. Оның шығармашылығының өзегі әрі өзгешелігі – бұрын-соңды жазушы-тарихшыларымыз бара қоймаған бағзы замандар қойнауына дендей енуі, халқымыздың шығу тарихының бастауын қазіргі жыл санауынан да әрі бірнеше мың жылға, адамзат баласының жаратылуы дәуіріне апарып тіреуі еді. Бұл қазақ тарих ғылымы немесе түркітану ғылымы үшін ғана емес, әлемдік тарих үшін тосын да тың жаңалық болды! Генетик ғалымдар медицина ғылымының соңғы жетістіктерінің бірі – ДНҚ тәсілімен молекулада сақталып қалған тұқымтек қорын анықтау арқылы алғашқы адамдардың Оңтүстік Шығыс Африкада жаратылғанын анықтаса, Қ.Салғараұлы сол алғашқы адамдардың түрік тілінде сөйлегенін, адамзаттың түптегі – түріктер екенін әлемде бірінші болып дәлелдеп, 1990 жылдардың ортасынан бері тек осы бағытта оннан астам зерттеу еңбек жазды, ой-тұжырымдарын 2020 жылы жарық көрген «Адамзаттың ата тілі» («Алғашқы адамдар қай тілде сөйлеген») кітабымен қорытып, дәйектеп берді.

Қ.Салғараұлының еңбегі елеусіз де емес, «Қазақтар» роман-эссесі үшін 1996 жылы Қазақстанның мемлекеттік сыйлығы, түркология саласындағы аса зор жетістіктері үшін 2009 жылы Күлтегін атындағы сыйлық берілді. «Парасат», екінші дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button