Жаңалықтар

ҰБТ: ТҮЛЕКТЕРДІ НЕ КҮТІП ТҰР?



БҰЛ ҰБТ – БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК. БІЛІМ МАЗМҰНЫ ЖАҢАРҒАН САЙЫН ОҒАН ДЕГЕН ТАЛАП КҮШЕЙЕДІ. ҚОЛДАНЫСҚА ЕНГЕН КҮННЕН БАСТАП ЖЫЛ САЙЫН ЖЕТІЛДІРІЛІП КЕЛЕ ЖАТҚАН ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУДІҢ БИЫЛҒЫ ЖАҢАЛЫҒЫ ҚАНДАЙ? БIЛIМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛIГI ЖЫЛДАҒЫ ҮРДIСТIҢ «IРГЕСIН СӨГЕТІНДЕЙ» НЕНДЕЙ ШЕШIМ ҚАБЫЛДАДЫ? ТҮЛЕКТЕР НЕГЕ ТОЛҚЫДЫ? ОЛАРДЫ НЕ КҮТІП ТҰР? БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫНА ТИІСТІ САУАЛДАРДЫ ҚОЙЫП, ЖАУАПТАРЫН АЛҒАН ЕДІК.

Қорытынды аттестаттау қазақ тілінің мәртебесін көтереді
Статистикалық мәліметтерге қарағанда, Ұлттық бірыңғай тестілеу қолданысқа енген 13 жыл ішінде ҰБТ-ны 1 миллион 589 мың оқушы тапсырыпты. Жыл сайын ҰБТ-ға қатысушылардың саны барлық мектеп түлектерінің 70-75 пайызын ғана құрады. Басты себеп – мектептің беделіне нұқсан келтірмеу үшін білім деңгейлері төмендеу оқушыларды колледждерге бағыттау. Өйткені мектептердің рейтингі ҰБТ нәтижесі бойынша анықталатын. Шетелдік ЖОО-ға түсуді жоспарлаған түлектер үшін де ҰБТ міндетті емес еді. Яғни, ескі форматта қазақ тілі тек шартты түрде тапсырылып келген еді. Ал жаңа формат бойынша қорытынды аттестаттауда қазақ тілінен емтиханды мектеп түлектері 100 пайыз тапсыруға міндетті және жаңа форматтағы қазақ тілі тек жаттап алған ережелерді белгілей салуға арналмаған. Жоғарыда атап өткен тыңдалым, оқылым блоктары емтихан тапсырушының тілді қаншалықты түсінетінін, ой қорыта алатындығын, қаншалықты терең меңгергенін объективті түрде анықтауға мүмкіндік береді. Осыған дейін ҰБТ тапсырғанда қазақ тілі міндетті пәндер тізіміне енетін, бірақ ЖОО-ға түсерде қазақ тілінен жинаған көрсеткіштер, яғни балл саны, мүлдем ескерілмейтін. Міне, сондықтан оған дайындық та шартты түрде болып келді. Түлек егер нашар баға алса немесе тапсыра алмаса, алынған нәтиже міндетті түрде аттес­татқа жазылып, ҰБТ тапсыру құқығынан айырылады. ҰБТ тапсыра алмау – университетке түсе алмау деген сөз. Яғни, бұл жерде қазақ тілінің дәрежесі өспесе, төмендемейтіні анық.

120 тапсырмаға– 140 балл
ҰБТ жаңа форматы 2 блоктан тұрады. 3 міндетті пән – математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы бойынша әрқайсысына – 20 тапсырма. Одан кейінгі 2 бейінді пәннен 30 тапсыр­мадан бар. Барлығы 120 тапсырмаға 3 сағат 50 минут беріледі. 230 минуттың ішінде осы тапсырмаларды орындау арқылы 140 балға ие болады.
Мұның себебі, бейінді пәндер бойынша тапсырмалар ұсынылған бес жауаптың ішінен тек жалғыз дұрыс жауабы бар 20 сұрақтан, сондай-ақ, көп жауаптың ішінен бірнеше дұрыс жауаптары бар 10 сұрақтан құралады. Бейінді пәндер бойынша тестілеу барысында бірнеше дұрыс жауаптары бар сұрақтарды енгізу арқылы талапкерлердің нақты тақырыпты қаншалықты меңгергендері анық көрінеді. Сонымен қатар, бірнеше жауап нұсқалары бар тест­тер жауаптарды тек жаттап алып немесе болжау арқылы беруге тосқауыл ­болады.
ЖОО-ға түсу үшін бағаның ең төменгі шегі өзгеріссіз 50 балл деңгейінде қалдырылды.

Тестілеуге кімдер қатыспайды?
Астана қаласы бойынша тестілеу үш жоғары оқу орнында өткізіледі. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да 46 мектептен 2069 үміткер тест тапсырады. Олардың арасында Астана қалалық Алматы ауданының және Ақмола облысы Қорғалжын ауданының түлектері бар. Екінші орын – ҚазАТУ. Бұл жерде Ақмола облыстық Целиноград ауданының, Астана қалалық Сарыарқа ауданының 2023 түлегі бақтарын сынайды. Ал ҚазЭҚХСУ-де Ақмола облыстық Аршалы ауданы мен Астана қалалық Есіл ауданының 1323 түлегі тестілеуден өтеді. 20 маусым мен 26 маусым аралығында жүріп, бес күнге созылатын сынақ алаңында барлығы 5415 түлек ҰБТ тапсыратын болады.
«Алтын белгі» иегерлері, жалпы білімдік пәндер бо­йынша республикалық және халықаралық олимпиадаларының, сондай-ақ, ғылыми жобалардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары ҰБТ-ны жалпыға бірдей негізде тапсырады. Алайда тапсырған тест нәтижелері аталған жетістіктері жоқ талапкерлердің көрсеткіштерімен бірдей болған жағдайда, гранттарды бөлу кезінде олар басымдыққа ие болады. Жалпы білімдік пәндер бойынша 5 халықаралық олимпиадаларының жүлдегерлері мен жеңімпаздарына арнайы гранттар бөлінген.

era_5627-kopirovat

P.S:

«Тыңнан түрен салғандай» бұл шешiм талапкерлер үшiн тосын жаңалық болғаны рас. Арнаулы мамандар бұл сынақтың алдыңғысына қарағанда әлдеқайда жеңiл екендігіне сендiрiп отыр. Яғни, сұрақтары таңдаған мамандығына сәйкес болмақ. Бұл – ендi уақыттың еншiсiндегi дүние. Қайткен күнде де, сұрақтар оқушының «оң жамбасына» келiп, жаңа реформа талапкерлерді «жатырқап» жүрмесе болды. Бiздiң тiлек – сол.

Гүлжан РАХМАН




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button