Басты ақпаратМәдениет

Үлгілі ана, ісмер тігінші



Елордадағы «Green TAL» шеберханасында ерекше қажеттілігі бар жандар еңбек етеді. Аталған әлеуметтік шеберханада елордалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен астаналық ерекше жандар арасында «Үздік» жобасы бойынша байқау өтті. Жеңімпаздардың қатарынан көрінген Әсел Ахметова «Үздік тігінші-2023» атанды. Он саусағынан өнер тамған ісмердің жұмысымен танысу үшін шеберханаға арнайы бардық.

Екінші жыл қатарынан «Green TAL» әлеуметтік шеберханасында өткізілген «Үздік» жобасы кейбір жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы беделін арттырып, маңызын көпшілікке көрсетумен ерекшеленеді.

2015 жылы ашылған мекемеде 10 қызметкер істейтін тігіншілер цехы бар. Мамандарды жұмыспен қамтуда олардың еңбек өтіліне ешқандай шектеу қо­йылмайды, яғни мұнда әуесқой тігіншілермен қатар, өз ісінің кәсіби шеберлері де қызмет етеді. Тігін цехының 80 пайыз маманы – ерекше қажеттілігі бар жандар.

Ал кейіпкеріміз Әсел шеберханаға биыл көктемде жұмысқа орналасты. Оның арнайы бейінді білімі болмаса да, тігіншілік өнердің ұнауы мен цех ұжымымен тез тіл табысуының арқасында жұмысқа сіңісіп кетті. Әуесқой маман тапжылмай еңбек етіп, шыдамдылық таныту арқылы тігін ісін тез әрі жете меңгеріп алған.

Әсел Ахметова – есту қабілетінен айырылған III топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Десе де ол өз ісімен шексіз мүмкіндігі бар қаншама жанға үлгі бола алады. «Green TAL» тігін цехының басшысы Сәбина Бейсенованың айтуынша, ұжыммен ортақ тіл тапқан Әсел – үлгілі ана және өз ісінің маманы.

«Біздің цехтың мамандары матадан түрлі бұйым тігіп, дайын өнімдерге тапсырыс қабылдайды. Ірі компаниялармен жұмыс істейтіндіктен, үлкен көлемдегі өнімдерді тігумен айналысамыз. Тігін тігу үшін де ептілік, үйлесім, шеберлік, шыдам керек. Қарапайым ғана мысал, түймең түсіп қалса, оны кез келген адам ине мен жіпті сабақтап іле салады. Бірақ нағыз маманның қолынан шыққан дүние бәрібір көзге әдемі көрініп тұрады. Мұны өз жұмысында көрсете білген жанның бірі Әсел деп сенімді түрде айта аламын» деді С.Бейсенова.

Жеке басының қажыр­-қайраты, алға қойған мақсат-мұратына ұмтылудың және кәсіпкерлік саласын кеңейтсем деген ішкі түйсігі Әселді алға жетеледі. Айтқан тапсырмаларды тап-тұйнақтай орындауда алдына жан салмайды. Сүйікті ісімен айналысу арқылы санаулылардың қатарына ілігуін өзіне көрсетілген сенім, құрмет деп түсінді. Қоғамға керек екенін ұғынды.

Еңбектен қашқақтап, жалқаулыққа, масылдыққа бой алдырмай, қоғамға пайдасын тигізуге ниетті мүмкіндігі шексіз жан көпшілікке осылайша бақыт еңбекте екенін көрсетіп келеді. Тындырымды ісі арқылы еңбек адамының оң имиджін қалыптастыруда мұндай жанның үлесі орасан.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button