Мәслихат

Үздік өнерпаздар марапатталды

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда Мәдениет және өнер қызметкерлері күнінде салаға еңбек сіңірген өнерпаздар елорда әкімдігі атынан марапатталды.

Мәдениет саласындағы қызметкерлерді жемісті еңбегі үшін марапаттауға арналған салтанатты жиынға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен мен қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов арнайы қатысты. «Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Мәдениет және өнер майталмандарын қала әкімі Жеңіс Қасымбектің атынан кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Қазіргі таңда Астанада 46 мәдени мекеме жұмыс істейді. 5 мыңға жуық қызметкер мәдениет саласының дамуына, рухани байлығымыздың еселене түсуіне өлшеусіз үлес қосуда. Айналасын думанға бөлей білетін сан қырлы талант иелері – рухани жан дүниесі бай, өнерге берілген азаматтар. Мерекелеріңіз құтты болсын! Халық назарына ұсынар туындыларыңыз мол болсын! Сарқылмайтын шабыт, өнер жолында шығармашылық табыс, шаңырақтарыңызға бақ-береке тілеймін!» деді өз сөзінде Е.Байкен.

Астана қаласы бойынша 3 қызметкерге Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан «Еңбек ардагері» медалі табысталса, 14 қызметкерге «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, 12 қызметкерге «Құрмет грамотасы» және 15 қызметкерге алғыс хат табысталды. 32 қызметкер Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің алғыс хатымен, 14 қызметкер Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкеннің алғыс хатымен, 6 қызметкер Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимовтың алғыс хатымен марапатталды. «Биыл мәслихат депутаттары қалалық әкімдікпен бірлесіп, мәдениет нысандарын жөндеу мен салуды, жалақыны арттыруды, кітапхана жүйесін жаңғыртуды көздейтін алдағы 3 жылға арналған «Мәдениет саласын дамытудың кешенді жоспарын» әзірлеп, бекітті. Халықтың мәдени дамып, рухани жаңғыруы бағытында күш салып келе жатқан өнер иелеріне құрмет қашанда жоғары. Кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, бас қаламыздың мәдениеті мен өнерін өрістету, ұлттық мәдени мұрамызды әлемге таныту жолындағы еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін!» деді қалалық мәслихат төрағасы. Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, кеште халықаралық байқаулардың лауреаттары Алтынбек Арыстанбек, Әкімхан Мәженов, «Шалқыма» халық би ансамблі өнер көрсетті.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button