Басты ақпаратЖаңалықтар

ҮКІЛЕНГЕН ҮМІТТЕР



31 талапкер қала әкімінің грантына ие болды

Қала әкімі Әсет Исекешев елорданың 31 мектеп түлегіне білім гранттарын салтанатты жағдайда табыстады. Жастар жергілікті бюджет қаржысына жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік алды.

Жастарға білім беру – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Оқуға жұмсалған күш пен қаражат әрқашан да өзін ақтап шығады, бұл болашаққа жасалған үлкен инвестиция. Елбасы дамыған 30 елдің қатарына енуді міндет етіп қойып отыр. Ол үшін бірінші кезекте адами капиталды дамыту керек. Бұл тұрғыда, жастарға білім алуға барлық жағдай жасалып келеді. Сіздер – еліміздің болашағысыздар, біз сіздерге сенеміз және үлкен үміт артамыз. Барлығыңызға амандық-саулық, талмас қайрат, жастық жалын және білім саласындағы жарқын жетістіктер тілеймін. Іске сәт! – деп қала әкімі Әсет Исекешев жас түлектерді құттықтады.

Жиында грант ұтып алған Жібек Жақсыбаеваның анасы Манат Үсенова көпбалалы ата-аналардың атынан алғыс білдірді. Ол «Қызым ҰБТ-дан жоғары балл жинап, қаламыздағы №75 мектеп-гимназиясын қызыл аттестатпен бітірді. Бөлінген грант әкімдік пен мемлекет тарапынан зор көмек болды» деді. Ал әкім грантын иеленген тағы бір талапкер Томирис Төлеген С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің менеджмент мамандығын таңдады. Тегін білім алуға мүмкіндік алған жас түлек үкіленген үмітті ақтаймын деп уәде берді.

Жыл сайын мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан түлектердің оқу ақысын төлеуге әлеуметтік көмек көрсетіледі. Материалдық көмек жетімдерге, кішкентайынан мүгедектерге, балалар үйі түлектеріне, әке-шешесінің қамқорлығынан айырылған балаларға және көп балалы отбасында тәрбиеленген балаларға беріледі.

Жыл басынан бері тегін білім алуға 48 өтініш қабылданды. Оның 17-сі республикалық грантты жеңіп алса, қалған 31 өтініш тамыз айында кезекті комиссия отырысында қаралды. Қорытындысы бойынша, 16 639 500 теңге көлемінде 31 грантты тағайындау туралы шешім шықты. Әкімнің білім беру гранты еңбек нарығындағы сұранысқа ие техникалық, педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша білім алуға беріледі. Айта кетейік, биыл жергілікті бюджет қаражатынан 100 студенттің оқу ақысын төлеу­ге 43,9 млн теңге бөлінді.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button