Басты ақпаратЖаңалықтар

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «ЭКСПО» ЕЛІМІЗДІҢ ӘЛЕУЕТІН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТТЫ

Бейсенбі күні Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев отандық және Қазақстанда тіркелген шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесіп, баспасөз мәслихатын өткізді. Елбасы өз сөзін елордада дүрілдеп өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің маңызынан бастады.

– Биылғы жаз «ЭКСПО-2017» көрмесінің аясында өтті. Бүкіл Қазақстан оның төңірегінде топтасты. Көрменің ашылу салтанаты Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің Астанада өтуімен тұспа-тұс келді. Сондықтан көрменің ашылуына 17 елдің басшылары қатысты. Көрме жабылар уақытта Ислам ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. 57 мемлекет кіретін бұл ұйым Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейін дүние жүзіндегі ең үлкен ұйым болып саналады. Бұл мемлекеттердің де басшылары «ЭКСПО»-ның жабылуын көріп, Астанада тұңғыш рет ғылым мен технология салаларындағы Ислам әлемінде атқарылуы тиіс жұмыстар талқыланды. Биыл көп жұмыс істелді. Қазақстанды тағы дүние жүзіне көрсеттік. Еліміздің әлеуетін таныттық. Ғылым мен техниканың бүгінгі ең өзекті мәселесі – баламалы энергия. Осы көрмеде соның бәрін паш еттік, – деді Қазақстан Президенті.Одан кейін Мемлекет басшысы өзінің қатысуымен елордада өткен цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің маңызына тоқталды.

– Цифрландыру – біздің болашағымыз, ертеңіміз. Оны жасамай біз алға қарай жылжи алмаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасыға алғашқы сұрақты белгілі журналист, «Айқын» газетінің директоры-бас редакторы Нұртөре Жүсіп қойды. Оның «ЭКСПО-2017» көрмесінің басты жетістігі неде?» деген сұрағына Қазақстан Президенті: «62 мемлекеттің арасында әлемдік көрмені өткізу мәртебесін жеңіп алдық. Басты жетістігіміз – сол. Көрмеге қатысқан ғалымдар мұны көрді. Бұл бағытта әлі де жұмыс істейтін боламыз. Көрме аяқталғаннан кейін салынған ғимараттар бос тұрмайды. «Нұр әлем» павильоны музей ретінде қалады. Екі павильонда «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасады. Бір павильонда Қазақстанның көрмесі жұмыс істейді. Бір павильонда жастарға, ғалымдарға арналған IT- стартаптар жүйесі орналасады. Ал бір павильонда мектеп оқушыларын болашақ мамандыққа баулимыз. Бұл дүниежүзілік тәжірибе» деп жауап берді.

«ЭКСПО-2017» көрмесіне бастапқыда 2 млн адам келеді деп жоспарланса, бұл көрсеткіш 4 млн-ға жуық адамға жетті. Осыны атап өткен Қазақстан Президенті көрменің Астанаға, Қазақстанға көл-көсір пайда әкелгенін айтты.

– Көрмеге 1400 қазақстандық компания қатысып, құрылыс материалдарымен қамтамасыз етті, көрме құрылысын жүргізді. Олар 640 млрд теңгенің қаражатын игерді. Қонақүйлер, мейрамханалардың барлығы, дүкендер, концерттік залдар халыққа толды. Қала бюджетіне көп ақша құйылды. Ең негізгісі, Астанаға 185 мемлекеттің халқы келді. Қазақстан жұрты да, тіпті Астананы бұрын көрмеген отандастарымыз осында ағылды. Бәрінің әңгімесі қазір «ЭКСПО» болып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президентінің сөзінше, әлемдік көрменің өтуіне байланысты елордада бой көтерген нысандар жаңа ауданға айналды. Енді «ЭКСПО» аяқталған соң ондағы 1400 пәтер халыққа тиімді бағамен сатылады.

Бұдан өзге Елбасы Сириядағы жанжалды реттеуге арналған «Астана процесі», латын әліпбиіне көшу сияқты өзекті мәселелер бойынша өз ойын білдірді. Қазақстан Президентімен кездесуге 50-ден астам бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, 20-дан астам сұрақ қойылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button