ЖаңалықтарҚала мен СалаҚала тіршілігі

ҮЛЕСКЕРЛЕР ҮЙЛІ БОЛА МА?



Астанада құрылысы аяқ­талмаған нысандарды сату үшін арнайы жәрмеңке өтті. Екінші рет ұйымдас­тырылған шарада 13 тұрғын үйдің теxни­калық сызба-нұсқасы бизнес өкілдеріне танысты­рылды.

Елімізде алданған үлескерлер саны 9 мыңдай болса, оның басым бөлігі – елорда тұрғындары. Астанада 7 мыңға жуық үлескерлердің үйі аяқсыз қалған. Қала әкімдігі құрылыс жұмыстары тоқтап қалған осындай нысандарды инвесторларға сатып, тұралап қалған үйлерді үлес­керлерге тапсыруды көздейді.

Алғаш рет ұйымдастырылған жәрмеңкеде 9 тұрғын үй, атап айтқанда «Алға Самал», «Үміт-Береке», «Жайлау сити», «Араби-2», «Хазірет-Астана», «Столичный-2», «Скай Сити», «Құрылтай» және «Байтау» кешендері сатылымға шығарылған еді. Аталмыш үйлерге ақша салған 2 мыңнан астам отбасы өз пәтерлерін тағатсыздана күтумен келді. Жәрмеңкеге келген бизнес өкілдеріне аталмыш нысандардың бос алаңдары, жер телімдері мен теxникалық сызба-нұсқалары бүге-шүгесіне дейін түгел көрсетілген болатын. Нәтижесінде, 3 тұрғын үй кешеніне қайтадан жан бітіп, құрылыс жобасын аяқтайтын сенімді инвесторлар табылған болатын.

Енді, міне, қала әкімдігі мен прокуратураның бірлесіп өткізген «Елордадағы қауіпсіздік пен жайлылық жобасына» 70-тен астам құрылыс компаниялары қызығушылық танытқан. Әрине, арасында шетелдік инвесторлар да бар.

Жалпы, үлескерлер мәселесі бұған дейін талай көтерілді. Кезінде «Арзан пәтерге ие боламын» деген азаматтар соңында сан соғып қалды. Уәдені үйіп-төгіп берген кейбір компания басшылары бір күнде шетел асып кетті. Қашып кете алмай қалғандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұған дейін «Алаяқтық» бабы бойынша «Ақжол» тұрғын үй кешенінің басшысы 101 үлескерден 800 млн теңге көлемінде қаржы иеленгені анықталып, басшысы Ербол Манашевқа қатысты қылмыстық іс сотқа жөнелтілгені белгілі. Сонымен қатар, «Араби-1, 2» және «Самал» тұрғын үй кешендерінің 183 үлескерінен 1 млрд 700 мың теңге көлемінде ақша иеленген «Квартира НС» мекемесінің директоры Медет Бектеміровке қатысты іс, «Столичный-2», «Аниса-1», «Көктал-2», «Абат» тұрғын үй кешендеріне тиесілі «Төленді» компаниясының төрағасы Айдын Байжұмановқа қатысты пәтерлерді екі рет сату фактілері бойынша да іс сотқа жіберіліп, соңы қамаумен аяқталды.

Сатуға қойылған проблемалы нысандардың қатарында аталған үйлердің кейбірі бар. Сонымен, инвес­торларға таныстырылған үйлердің бірі – «Үміт Береке» кешені. Оған қаржы құйған үлескерлердің де үміті зор. Кезінде 80 адам үйлі боламын деп сеніп қалған екен. Өкінішке қарай, бүгінде құрылыс та, құйған қаржының ізі де жоқ. Ал «Араби-Сенім» тұрғын үй кешенінің басшылары халықтың сенімін ақтамай, 10 және 7 жылға сотталып кеткені аян. Ондағы құрылыс жұмыстарын аяқтауға әлі 4 млрд-тан астам қаражат керек екен.

«Көппәтерлі «Хазірет-Астана» кешеніне 70 адам үлескер болған. Алайда құрылыс әлі басталмады. Сот шешімімен басшылар 7-8 жылға абақтыға жабылды. Бүгінгі жәрмеңкеде үлескерлердің мәселесін шешіп беретін инвесторлар табылса деген тілегіміз бар» дейді аталмыш тұрғын үй құрылысы кооперативінің төрайымы Баян Әлиева.

Мемлекеттік қала құрылысы сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Досқұловтың айтуынша, кәсіпкерлер үлескерлерді баспанамен қамтамасыз етіп қана қоймай, артық шаршы аудандар есебінен пайда табуға мүмкіндік алады. Қала әкімдігі құжат жағынан көмек көрсетуге әзір. Жәрмеңкеге шығарылған нысандарға үлескерлік құрылыс туралы жаңа заңнама қолданылады. Сондықтан рұқсат қағаздардың барлығы жаңа заң бойынша беріледі.

Жәрмеңкеде таныстырылған үйлердің қатарында «Жайлау Сити», «Табыс Құрылтай», «Пана-Комфорт», «Хан Тау», «Жаңа Көктал», «ТК Астана», «Имбейс», «Адам строй сервис», «Төленді» және «Зере-Самұрық» кешендері бар. Жалпы, дәл қазіргі уақытта Астанада 52 тұрғын үй кешені проблемалық нысандар қатарына жатады екен.

Гүлмира Аймағанбет




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button