Жаңалықтар

ҮЛЕСКЕРЛЕР ҮЙЛІ БОЛАДЫ



2666-2

«Азбука жилья» компаниясының «Expo Town» тұрғын үй кешеніне ақшасын салған үлескерлердің үміті қайта оянды. Құрылыс алаңындағы қызу жұмыстарды көзбен көрген тұрғындар арнайы басқосу өткізіп, қала билігіне алғыс айтты.

Алаяқтарға алданған үлескерлер бірнеше жылдан бері қалалық әкім­діктің табалдырығын тоздырумен келді. Еліміздің әр облысынан келген тұрғындар «Expo Town» тұрғын үй кешеніне бар ақшасын салып, соңында сан соғып қалған. Компания басшылығы бар ақшаны қалтаға басып, бір күнде шетел асып кеткенін ел ұмытқан жоқ.

Сондай үйлердің бірі – «Expo Town». «ЭКСПО-2017» халық­аралық көрмесіне жақын орналасқан кешен осы уақытқа дейін бос жер күйінде тұрды. Тығырықтан шығудың жолы қала әкімінің бірінші орынбасары, ведомствоаралық комиссияның төрағасы Сергей Хорошунның қаты­суымен өткен отырыста шешімін тапқан.

«Астана қаласы әкімдігінің ұсыны­сымен алданған үлескерлер бірігіп, тұрғын үй кооперативін құрдық. Одан кейін қалалық прокуратураға өтініш-хат жолдадық. Сот шешімімен құрылысы аяқсыз қалған нысан үлескерлердің пайдасына шешілді. Әрмен қарай өз бетімізше құрылысты жүргізетін инвесторлар таптық. Шынын айтқанда, «Экспо Таун Успех» деп аталатын кооперативіміз соңына дейін күресті. Талай рет сот отырысына қатыстық, талай рет прокуратураға шағымдандық. Жоғары сотқа дейін көмек сұрадық. Нәтижесінде, құрылыс қарқын алып, бүгінде үш қабаты көтерілді. «Expo Town» деген атау­ды «Венский квартал» деп қайта атадық. Бұл – бәріміздің ортақ жеңісіміз. Барлық үлескерлердің атынан Астана қаласының әкімдігіне алғыс айтамыз» дейді кооператив төрайымы Ольга Лигай.

Айта кетейік, елімізде «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» жаңа заң қабылданды. Аталған құжат үлескерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғайды. Аталмыш заң бо­йынша енді көпқабатты үйді тұрғызбас бұрын тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының кепілдігін алу, жобаға екінші деңгейдегі банктің қатысуы, үлескерлердің ақшасын тұрғын ғимараттың қаңқасы тұрғызылғаннан кейін тарту міндеттелген. Заң жобасында көрсетілмеген өзге тәсілдермен үлескерлердің ақшасын тартуға тыйым салынды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button