Елорда тынысы

Ұлт көсемін ұлықтады



Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туған күніне орай елордадағы «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, «Рухқа тағзым» іс-шарасы өтті. Астана қаласы мәслихатының депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, алаштанушы ғалымдар, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ, Аmanat партиясының Астана қалалық филиалы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, қоғамдық ұйымдар өкілдері, мектеп мұғалімдері, студенттер мен оқушылар, Алаш рухын ардақтаған азаматтар қатысқан іс-шараға Alash.kz ұлттық порталы ұйытқы болды.

– Ұлыларды ұлықтау, оларды ұмытпау – елдіктің белгісі. «Хан баласында қазақтың хақысы бар. Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Әлихан Бөкейхан қандай қиыншылықты көрсе де мойымай, алған бетінен қайтпаған. Ел үшін, халық үшін басын бәйгеге тікті. Қазір Әлихан тұлғасына қоғамда бетбұрыс жасалып жатыр. Астанада мына ескерткіштің қойылуы, Қарағандыда аудан аты және Семейде университетке есімінің берілуі үлкен шаруаның басы деп есептеймін. Бұл шаруалар жалғасады және оның көлемі де кеңейеді, – деді «Ардагерлер ұйымы» РҚБ орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбай.

Алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай «Алаш» қозғалысының азаттыққа бастаған жолы туралы әңгімелей келе, ұстанымдарына тоқталды. Соның ішінде олар ұлттық демократиялық мемлекет құруды көксеп, бірінші орынға жер мәселесін қойғанын, жердің үстіндегі, астындағы барлық байлықтың қазаққа қызмет етуін ойластырғанын, жалпы Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыс­тарының мақсаты Жапония үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекетті экономикалық тәуелсіздікке жеткізу болғанын атап өтті.

Мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Байменов Алаш қайраткерлері аз өмір сүрсе де, өмірдегі миссиясын атқарып кеткенін айтты. Сол кезеңді, яғни ХХ ғасырдың басындағы саяси ахуал туралы әңгімелеп, кешегі Алаш арманы тәуелсіз Қазақстанда орындалғанын атап өтті. Қазіргі өскелең ұрпақтың елді өркендету үшін қандай болуы керектігіне тоқталды.

«Рухқа тағзым» іс-шарасы Ә.Бөкей­хан атындағы №76 мектеп-лицейде жалғасты. Онда ұлт көсемі атындағы музей таныстырылып, шағын концерт бағдарламасы ұсынылды. Алаш­танушы ғалымдармен, Алаш мұрасын насихаттап жүрген қаламгерлермен сұхбат-кездесу ұйымдастырылды. Әлихантанушы, өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан мен Медеу Әбузардың «Әлихан Бөкейхан – ұлт-азаттық күрескері» атты танымдық, деректі фильм көрсетілді.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button