Денсаулық

Өкпені дерттен сақтайық

Қазақстанда биыл 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында «Туберкулез дертімен күрес» айлығы өтуде. Оның қорытындысы 24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күнінде шығарылады. Бұл айлыққа Астанадағы барлық қалалық емханалар атсалысып, түрлі іс-шаралар өткізуде.

Туберкулез – туберкулез микобактериясынан туындаған инфекциялық ауру. Мұны ауруды тапқан ғылымның атымен Кох таяқшасы деп те атайды. Ол, негізінен, өкпені зақымдайды, бірақ басқа органдарда да болуы мүмкін. Инфекцияның көзі – өкпе туберкулезімен ауырған адам. Әлемдегі ең көп таралған дертпен дүние жүзінде жыл сайын 9 миллион адам ауырады. Дерттің белсенді түрімен ауыратын бір науқас бір жылда 15 адамға дейін жұқтыруы мүмкін.

Елорда емханаларында туберкулезге қарсы іс-шаралар кешенді түрде өткізіледі, оның мақсаты – туберкулездің алдын алу, дер кезінде анықтау және дұрыс емдеу. Мәселен, жақында қаладағы №11 емханада Фтизиопульмонология орталығы дәрігерлерінің қатысуымен былтыр өткізілген туберкулезге қарсы іс-шаралардың қорытындысына арналған медициналық кеңес өтті. Жауапты дәрігерлер туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдайды және емханада туберкулезге қарсы іс-шаралардың сапасын бағалау индикаторларының орындалуын баяндады.

Бұл айлыққа мектеп оқушылары да белсенді қолдау білдіруде. Атап айтқанда, елордадағы №77 мектеп-гимназиясында 8-10 сынып оқушыларының қатысуымен «Ақ түймедақ» флешмобы ұйымдастырылды. Флешмоб барысында ақ және сары түсті шарлармен туберкулезбен күресудің символы болып саналатын ақ түймедақтың бейнесі жасалды. Бұл акция аталған ауруға қоғамның назарын аударуға, білім алушыларды аурудың қауіптілігі мен алдын алу туралы хабардар етуге бағытталған. Роберт Кох айтқандай, «оның (туберкулездің) өсуі мен таралуын әр адам күнделікті өмірде туберкулездің алдын алу туралы жақсы біліп, оны өмірде қолданған кезде ғана тоқтатуға болады». Іс-шарада Қалалық фтизиопульмонология орталығы директорының орынбасары Жеңісгүл Даугарина балалар мен жасөспірімдерде аурудың алдын алу шаралары туралы айтып, елорда бойынша статистикалық деректер келтірді.

– Астанада 2023 жылдың қорытындысы бойынша туберкулезбен сырқаттанушылықтың 21,1%-ға төмендеуі байқалды. Балалар (0-17) арасында да бұл көрсеткіш 12,2%-ға азайды. Туберкулездің негізгі белгілері – екі аптадан артық уақытқа созылған жөтел, дене салмағының азаюы, дененің қызуы 37,00 С – 37,50 С көтерілуі, тершеңдік, әлсіздік, тез шаршау, жүдеу, кеуде тұсының ауыруы, тәбеттің жоғалуы. Осы симптомдар болған жағдайда дереу дәрігерге бару керек, – деді сала маманы балалармен кездесуде.

Ал №3 қалалық емхананың «Жас толқын» жастар денсаулығы орталығының мамандары туберкулезбен күрес акциясы аясында қаладағы Жоғары көлік және коммуникация колледжінде «Yes! We Can End TB!», «Біз туберкулезді жеңе аламыз» іс-шараларын өткізді. Акция барысында студенттер медицина мамандарының осы бағыттағы жұмысымен, аурудың белгілері және емдеу тәсілдерімен танысты. Студенттер арасында викторина ұйымдастырылып, олардың ауру туралы білімі тексерілді. Емхананың салауатты өмір салты дәрігері Азат Нұрмағамбетов «Туберкулез профилактикасы» тақырыбында семинар өткізіп, акция соңы флешмобпен аяқталды. Мұндай іс-шаралар қалалық №10 емханада да жоспарлы жүзеге асырылуда.

– Биыл 11 наурызда біздің емханада осы дертке байланысты ашық есік күні өтеді. Онда ересектер мен балалар фтизиатр­лары консультация беріп, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер де келушілерге кеңесін айтады. Кең ауқымды акция барысында бір ай бойы түрлі мекемелерде жиындар, флешмобтар, семинарлар  мен тренингтер, дәрістер өткізу көзделген. Сонымен қатар балалар арасында «Деніміз сау боп өседі» тақырыбында сурет байқауы да ұйымдастырылуда. Әлеуметтік желілерде «Туберкулезді бірге жеңеміз!» челленджі жарияланды. «Эталон» құрылыс базары аумағында «Туберкулезді тоқтат!» көшпелі флюорография­лық тексеру өткізіледі, – дейді №10 емхананың Салауатты өмір салты дәрігері Гүлмира Қалиқызы.

Туберкулез ауруын жұқтыруға ықпал ететін факторлар мыналар: осы дертке шалдыққан адаммен байланыста болу, дұрыс және жеткілікті тамақтанбау, тұрмыстық жағдайдың төмендігі, стресс, темекі шегу, АИТВ\ЖИТС ауруы, маскүнемдік, нашақорлық, өкпе, қант диабеті, жара аурулары секілді созылмалы аурулардың болуы.

Аурудың алдын алу жөніндегі іс-шараларға туу кезінде БЦЖ егу және 6-7 жаста қайталап егу, ересектер мен 15 жастан бастап жасөспірімдерді жыл сайын флюорографиялық тексеруден өткізу, балаларға арналған манту сынамасын жыл сайын салу, үй-жайларды үнемі ылғалдап тазалап отыру, желдету жатады. Сонымен қатар  иммунитетті нығайту, ағзаны шынықтыру, дәрумендер ішу, салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, жеке гигиена ережелерін сақтау, темекі шегуден бас тарту, туберкулезді уақытылы диагностикалау және толық емдеу курсын аяқтау да дерттің алдын алуда өте маңызды болып саналады.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button