Құқық

Әке жолымен

Қоғамда кейінгі кезде полицей қыздарға деген құрмет арта түсті. Оның себебі де бар. Біріншіден, айрықша төзім мен күш-жігерді қажет ететін, ер-азаматтарға тән бұл мамандықты таңдау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Екіншіден, бұған тек өзіне-өзі сенген әрі осы салаға бүкіл өмірін арнаған жандар ғана келетіндіктен болса керек. Астана қаласы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы, полиция майоры Наира Елемесова – осындай жан.

Оның әкесі Елемес Нұрахметов те өмір бойы ішкі істер саласында қызмет істеп, зейнет демалысына шыққан ардагер полицей. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, шаңырақта жинақылық пен тәртіпке, шексіз мейі­рімге қанығып өскен оның арманына қанат сермеп, мамандық таңдауға келгенде ойланбастан әке жолын жалғастырғысы келгені сондықтан.

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Бозанбай ауылында дүниеге келген Наира Елемесқызы Қасым Қайсенов атындағы орта мектепті ойдағыдай аяқтағаннан кейін, Семей қаласындағы заң колледжіне оқуға түсті. Отбасындағы көзінің қарашығындай жалғыз қызы осындай адамдармен етене араласып жұмыс істеуді талап ететін жауапты да құрметті мамандықты таңдап тұрса, ата-анасы оған қалай қарсы тұрсын?! Екеуі де қызына ақ батасын береді.

Ішкі істер министрлігінің заң колледжін тәмам­дағаннан кейін Наира білімін Шығыс Қазақстан аймақтық университетінде жалғастырып, жоғары білімді «заңгер» мамандығын алып шықты.

Бойына білім нәрін сіңіріп, өмірге алғаш қадам басқан қаршадай қыз еңбек жолын 2009 жылдың шілде айында Ұлан ауданы Ішкі істер басқармасында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аймақтық учаскелік инспекторы болып бастады. Содан бері құқық қорғау органының ыстығы мен суығына төзіп, антына адал болып еңбек етіп келеді. Ол өзінің ашық та жайдары, көпшілікпен тез тіл табысатын мінезімен әріптестерінің құрметіне бөленіп жүр.

– Астана қаласындағы қызметіме 2022 жылы келдім. Біздің ұжымда ынтымағы жарасқан тату қызметкерлер жұмыс істейді. Жұмысым өзіме ұнайды. Өзіңе жүктелген міндеттерді неғұрлым тиянақты атқарсаң, адамдардың да саған деген сенімі соғұрлым арта түсетініне көзім жетті. Қазір атқарып жүрген шаруамыз қарапайым адамдармен тікелей байланысты болғандықтан, олардың сенімін ақтау – басты парызым, – дейді Наира Елемесқызы.

Ол бос уақытын көбіне желкілдеп өсіп келе жатқан бүлдіршін қызының тәрбиесіне арнағанды қалайды екен.

«Қызым Мұнар қаладағы №32 мектептің 5-сыныбында оқиды. Оқу үлгерімі жақсы. Қызымның болашағынан үлкен үміт күтемін. Екеуміз көбіне табиғат аясына шығып серуендегенді, кітап оқығанды, дәмді тағамдар дайындағанды ұнатамыз. Ең сүйікті тағамымыз – манты мен ет қосылған бәліш» деп ағынан жарылды полиция майоры.

Күнделікті қызметінде таң атқаннан түн жарымға дейін болатын нәзік жанды Наира полиция қызметін таңдағанына еш өкінбейді. Әулетінде әкесінен жалғасқан мамандықтың жауапкершілігін жақсы сезініп, оны адал атқаруға бел буған.

Міне, тағы да нұрын шашып таң атты. Алда жаңа күн, жаңа тапсырма. Уақытпен санаспай, елге қыз­мет етуге асығып бара жатқан погон таққан ару биік белесінің алда екенін жақсы сезеді.

 

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button