Мәдениет

Ұлт тарихындағы ұлы тұлға



Елордада ұлт тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі Төле би бабамыз туралы түсірілген «Төле би» атты телехикаяның таныстырылымы болды. Бұл туынды Түркістан облысының құрылғанына бір жыл толуына орай көрерменге жол тартып отыр. Телехикая 10 сериядан тұрады. Онда үш жүзге төбе би болған бабамыздың бала күнінен бастап ел абызы атанған шағына дейінгі өмірі қамтылған.

Тарихи туындының таныс­тырылымында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев сөз алып, елордаға киелі шаһардың сәлемін жеткізді.
– Біз бүгін облысымыздың бір жылдығына орай бас қалада үлкен мәдени апталықты бастадық. Барша қазақ үшін Түркістанның орны бөлек. Бұл киелі жерде тарихымыз­дағы орны бөлек хандар мен сұлтандар, билер мен батырлар жерленген. Бүгінде Түркістанда руханият саласында көптеген жұмыстар қолға алынды. Солардың бірі – Төле би бабамыз туралы түсірілген телехикая. Бұл фильм заманауи талаптарға толық жа­уап береді. Туындыны көрген жастар одан тағылымды ой түйеді деп ойлаймын, – деді ол.
Телехикаяның әр сериясы 30 минуттан тұрады. Фильм­ге, негізінен, жергілікті актерлер таңдалған. Төле бидің жас күнін Абзал Төлен есімді жас актер ойнаса, ұлғайған кезіндегі бейнесін Сағындық Жұмаділов сомдайды. Киноның сценарийін Шойбек Орынбай мен Бақытжан Құлжабай жазған. Композиторы – Руслан Шынықұлов.
– Бұл туындыда Төле би бабамыз ғұмыр кешкен дәуірді, сол кездегі билер институтын беруге күш салдық. Сонымен бірге айтулы тұлғаның Тәуке хан, Қазыбек би, Әйтеке би, Бөгенбай, Қабанбай секілді батырлармен ел басына күн туған тар кезеңде елдік мәселені бірге шешкен кездері баян­далады. Қысқасы, хикая­ға ұлт тарихында ізі қалған талай тұлғаның образы енді. Осы жобаға белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетов көркемдік жетекші ретінде қолдау көрсетсе, парасатты прозашы Мархабат Байғұт киноның тіл тазалығына жауап берді, – деді «Сақ» кино­студия­сының директоры Нұриддин Паттеев.
Жаңа телехикаяның толық нұсқасы қала күні қарсаңында «Хабар» арнасынан көрсетілмек. Сондай-ақ Түркістан облысының бір жылдығы аясында елордада «Оңтүстік фильм» компаниясы мен «Сақ» киностудиясының бірнеше анимациялық туындысы жұртшылыққа ұсынылады.

Айжан ҚАМБАТЫРОВА,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық

университетінің студенті




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button