Басты ақпаратҚоғам

ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН ҰЛ



Иә, бір замандары кең-байтақ қазақ даласынан арман қуып, жоғары білім алсам деп үкілеген үміттерін жел қайық етіп, Алматыға қыз-жігіттер ат басын тірейтін. Сондай күнді біз басымыздан 1971 жылы өткіздік. Ербол Шаймерденұлымен сол жылдың жазында танысып, күзінде дос­тығымыз бауырластыққа жалғасты. Сол бауырластық зая кетпеді. 

54542

Қырық жылдан аса жарасып, жарқылдап жүрдік. Қашанда қапысын тауып қағып түссем дейтін қара ниет сұм ажал арамыздан ерке Ерекеңді алып кеткенге дейінгі жерде, әлгі жарасымды бауырластық биіктей түсіп еді. Жалғанның жалған екенін сездіріп, арамыздан ол аттанғаннан кейінгі жерде бауырлық балаларымен, яғни ұрпақ сабақтастығына ұласты. Жары Күләш Ерекең салған жолды жалғастырды. Шүкір, табысып-танысқаннан, одан кейінгі береке-бірлігімізге де жарты ғасырға таяды.
Тәңірім Ербол Шаймерденұлын алғыр, зерек те зерделі, қағылез етіп жаратқан. Мектепті алтын медальмен бітіріп, отбасының жалғыз ұлы жарқырап көрініпті. Аласа бойлы ақ сары жігіт ой өлшемінің жоғарылығымен студент аталған жылда-ақ бірден көзге түсті. Оқи жүріп, қоғамдық жұмысқа араласты. Екі тілге бірдей жүйрік болатын. Бұл ұстаздар қауымының қолғанаты болуға жол ашты. Сөйтіп, бес жылдың ішінде салиқалы азамат болып қалыптасты.

«Лениншіл жас­тың» мектебінен өтіп, бүгінгі ел газеті «Егемен Қазақстанда» шың­далған шымыр Шаймерденұлы партия­ның сол кездегі Орталық Комитетіне қызметке ауысып, идеологиялық жұмыс­тың бел ортасында жүрді.Еліміз азаттығын алып, абыройы асқанда Президенттің жанынан табылып, алғашқы баспасөз хатшысы болды. Қазір мұндай жұмыс екі ме­кеменің бірінде бар. Ал Ерболдың тұсында санаулы еді. Міндеті де, жауапкершілігі де зор болатын. Бұл жағынан келгенде ол президенттік, парламенттік баспасөз қызметінің ізашары болумен бірге, қалыптасуына да зор үлес қосты. Әсіресе, тартысы көп талқылаулардың нәтижесін білімдарлықпен жұртқа жеткізу ісінде оның қырағылығы, табандылығы айқын байқалып тұратын. Оны біз рәміздер жобасы сынға түскенде аңғардық. Сол тарихи кезеңді көз алдынан өткізген азамат ретінде, қазақ журналистикасының ұлт ісіндегі көкжалы Сейдахмет Бердіқұловтың ұсынысымен рәміздер туралы жазып, 1993 жылдың басында «Қазақ елінің рәміздері» деген атпен елу мың таралымдық кітабы жарық көрді. Бұл осы саладағы тұңғыш зерделі дүние болғанын баса айтуға тиістіміз. Кейін бұл іргелі еңбек толықтырылып, елтаным құндылығына айналды. «Қазақ» деген елдің ғасырдан-ғасырларға жалғасқан тағылымы, өзіндік қолтаңбасы, бабалар рәміздері сараланып, ол әлемдік өркениетпен ұштастырылды. Ол – елім деп соққан жүректерге, басқа да бағалаушыларға қазақ рәміздерін жеткізуші ғана емес, әрі тұңғыш рәмізтанушы. Біз мұны естен шығармағанымыз жөн.

Ұлтқа қызмет етудің әдемі үлгісін Ербол Шаймерденұлы «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары, Тілдерді дамыту департаментінің директоры, Мемлекеттік Қазақ ақпарат агенттігі директорының орынбасары, Қазақ радиосының атқарушы директоры кезінде көрсетті. Азат елдің күмілжуі көп, көкжиегі көмескі тіл саясаты тезге түсіп тұрған тұста ол оның шаруасын қалай оңалтамыз, шарасын қайтсек кеңейтеміз, аяққа қадалған шөңгені жұлып тастап, жолды ашу жайын тереңнен ойлас­тырып, мұндай ұлттық жұмысқа жұрт кісілерін жұмылдырып бақты. Алқалы жиындар өткізіп, екі жақтың ой-байламдарын бүкпесіз айтқызып, соңында өзі түйін жасап отырды. «Темір қызды, енді соғу керек» деген шағын мақаласында Ербол Шаймерденұлы: «Енді нақты іске көшер кез келді. Бұл – тіл үшін күрестің шешуші кезеңі, жан ашуынан гөрі жанашырлық кеңірек көрініс табуға тиіс кез. Әшкерелемпаздық пен кінәмшілдік, ұсақ ұпай жинаушылық пен ұраншылдық­тан гөрі қиын қара жұмысқа жегілер сәт. Тіксіну мен тепсінуден гөрі қоғамдасып қимылдайтын тұс. Өзімшілдік пен өктемдік емес, білгеннің бағын көтеріп, білмегенге жалықпай үйрететін шақ» деді. «Лауазымды адамдар да, билікке ұмтылушылар да әдетте жан-жақты қабілетті жандар екені белгілі. Олар тіпті батыс, шығыс тілдерін де білетін болып келеді. Алайда сол қабілетті тұлғалардың өз ана тілімізге келгенде ынтасы мен діңкесі құрып қалатыны жанды қинайды» деп Ербол бір түйіп тастайды. Бұл Е.Шаймерденұлының ұлт тілінің өрісін кеңейту жолында аяққа жем түскендей кібіртіктеп қала беретініне күйінген сәттегі жан шырылы еді ғой.

Е.Шаймерденұлы – ұлтын білім-білігімен, сауат-салмағымен өзгелерге таныта білге азамат. Соның бір дәлелі елімізде «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асқан тұстағы оның қарымды қимылы талайды тәнті еткені жұрттың есінде болар. Бір жыл бойы атқарылған ұлттық істің ұйытқысы ретінде ЮНЕС­КО-ның «Мәдени мұраға» арналған алқалы сессиясына қатысып, қазақ жұртының бес ғасырлық тарихын таразылап, Елбасының саясатын қаумалаған халыққа баян етті. Әлемдік деңгейдегі мұндай жиындарға Ербол жиі қатысып, ұлт руханиятының қазыналарын таратып айтқанына бұл арада көптеп мысал келтіре беруге болады. Оны қазірше келешектің еншісіне қалдыра тұрайық.

Қазақ жырының жампозы Тұманбай Молдағалиев жаны жайсаң, өзі тақылеттес ақын інісінің жыр жинағына жазған алғысөзінде: «Ақындықтың әулие құсы Ербол отауының ішінде ұшып жүр… Тек сол құсты мәпелеуге, еркелетуге Ербол інімнің қолы тиер ме? Мәселе осында» дегені бар еді. Журналистика мен қоғамдық жұмысты ұштастыра жүріп, өлең өріміне де уақыт тапты.

Ербол табиғатынан дарынды ақын еді. Орта мектепті бітіргенде шығарманы өлеңмен жазып, талайды тамсандырғанынан да хабардармыз. Еліне барғанда ұстаздар қауымы оны сүйсіне айтқаны да есте. Оның өлең, поэмалары сұлу торыдай өзіне тартады да тұрады. Ал сауат­ты аудармашылығы тіпті бөлек болатын.
Аудармашылық дегеннен шығады, Ербол әлемдік ақыл-ой алыптарының философиялық афоризмдері мен қанатты ойларын қазақ тіліне аударып, ұлттың рухани мұрасына өшпестей етіп қосып кетті. Мұны өзге халықтардың жақсыларынан қалған ой-жәдігер десек, сондай жау­һарлар түркі дүниесі мен қазақ ойшылдарында да аз емес екенін жұртқа жеткізу мақсатында құмнан алтын іздегендей көз майын тауысып жинап, Анақарыс, Тоныкөктен бастап Сағат Әшімбаевқа дейінгі 25 ғасырды қамтитын «Қазақ афоризмдері» атты алтынға бергісіз су маржанындай тұнық дүниені жарыққа шығарды. Мұндай іргелі еңбекті жасау үшін қандай төзімділік керек болғанын адам емес, Тәңірім ғана білсе керек.Астана айқындалғанда «Сарыарқа сауырында, Ерке есіл бауырында, Келеді бой көтеріп арман қала. Арман қала, Асыл дала, Жаңа астана!» деп жыр шумағын арнап, оған композитор Марат Омаров ән жазды. Елордаға ұлт көші сап түзегенде, қолдап, алдыңғы лекте келгендердің бірі Ербол еді. «Табиғатына қарай адамдары да суық келеді. Бірақ көп ауған жаққа Құдай ауады. Суық сынып, жылынады» деп кейбір алакөңіл болып жүргендерге басу айтқанына куәміз. Бұл сөз де ақаусыз ақиқатқа айналды.

Өзіндік бітім-болмысы, берік байламы, қай кезде де табан тіреп тұратын тұжырымы мықты Ербол Шаймерденұлы өмірден озғалы да төрт жыл өтіп, бесінші жылға аяқ басқан екен. «Мұнар да мұнар, мұнар күн, Мұнарсыз күнге құмармын. Бұқтыра берген биікке, Жарқ етіп бір күн шығармын» деп өзі айт­қандай, екінші өмірінің арайлы таңындай алты томдық кітабы осыдан үш жыл бұрын қолымызға тиді. Оның әр томына қазақтың айтулы ұл-қыздары Ә.Кекілбайұлы, Ф.Оңғарсынова, Ө.Айтбайұлы, С.Қасқабасов, өзге де білімдарлар алғысөз жазып, ағынан жарылды. Азаматтың азаматтығын саралап айтты, даралап айтты.
Ербол Шаймерденұлының бүкіл өмір жолын шағын мақалада талдап шығу мүмкін еместігі белгілі. Ең бастысы: «Ұлт­қа қожалық жасауға болмайды, оған тек қызмет етуге ғана болады» деп Ататүрік айтпақшы, біз оның ұлтқа қызмет еткенін, ұлтқа өшпес мұра қалдырғанын ұшқындата айттық. Алдағы уақытта Ерболдың мәртебелі қызметі мен мұраларын зерделі зерттеулердің арқауына айналдырсақ, азаматқа деген шынайы ілтипатымыздың белгісі сол болары хақ.

Сүлеймен МӘМЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button