ЖаңалықтарРуханият

ҰЛТТЫҚ МУЗЫКАНЫ ДЖАЗБЕН ҰШТАСТЫРДЫ



Бейбітшілік және келісім сарайында «The Magic of Nomads» тобының «Менің Қазақстаным» атты концерті өтті. Осыдан он бір жыл бұрын құрылған ұжым осы уақыт аралығында Нью-Йорк, Лондон, Берлин, Франкфурт, Ганновер, Мюнхен қалаларында өнер көрсетіп үлгерді. Қазақ музыкасын джаз және заманауи музыканың түрлі жанрларымен ұштастырып, этнофьюжн стилінде жұмыс істейтін топ бұл жолы астаналықтарды және қала қонақтарын өнерімен тамсантты. 

nomadtar

Қобызшы Ғазиза Ғабдрахимова, солистер Виктор Хоменков, Жалғасбек Ілес, Құрманғазы Қалиев, Ермек Дия-ров, Валерий Насибулин және өзге де музыканттардан құралған топтың продюсері белгілі композитор Ренат Ғайсин. Концертте де негізінен ол өңдеген шығармалар орындалды.
Олардың қатарынан «Япурай», «Әй-әй бөпем», «Елігай» сынды халық әндері, Жаяу Мұсаның «Ақ сисасы», Үкілі Ыбырайдың «Гәккуі», Сүгірдің «Ыңғай төк», Әбдімомын Желдібаевтің «Ерке сылқым» күйлері орын алды. Сондай-ақ, Ренат Ғайсиннің және Виктор Хоменковтың авторлық шығармалары кеш бағдарламасына кірді. Көрермендер күй тартысқа куә болды.
Александр Абылаев жетекшілік ететін «Астана» эстрадалық-симфо­ниялық оркестрі (дирижерлері Александр Беляков пен Әліби Әбдінұров) топты сүйемелдеп отырды.
Кешке жетіген, сыбызғы, сазсырнай, қамыс сырнай, қауырсын сырнай, шаңқобыз сынды қазақ ұлттық аспаптарын меңгерген көмеймен ән айтудың шебері, композитор, фольклортанушы Еділ Құсайынов қатысты. «Бір бала» халық әнін (өңдеген Талғат Сарыбаев) белгілі әнші Ардақ Балажанова айтып берді. Күйші-композитор Секен Тұрысбектің «Көңіл толқыны» күйін қара домбырада да, эстрадалық өңдеуде де, оркестрдің орындауында да естіп жүрміз. Бұл жолы аталған күй (өңдеген Илья Башкатов) жаңаша сипатта өрілді. Оны концертке қатысқан автордың өзі бастап берді.
«The Magic of Nomads» тобы «Бұлбұл заман» атауын алған өзінің алғашқы күйтабағын 2008 жылы Лондондағы әлемге әйгілі Abbey Road студиясынан шығарды. Бұл студиядан кезінде «Битлз», «Пинк Флойд» сынды танымал топтар альбомын шығарғанын айта кетейік. Ал топ мүшелерінің айтуынша, «The Magic of Nomads» бұл студиямен жұмыс істеген Қазақстандағы жалғыз топ. Көптеген республикалық және халықаралық фестивальдерге қатысқан топтың елордадағы концерті Астана қаласы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button