Жаңалықтар

ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ



Астанада  күн мен түн теңеліп, үлкендер «Самарқанның көк  тасы  жібиді» деп  қасиет  тұтатын Ұлыстың ұлы күні  ерекше  көңіл-күйде тойланды. Әсіресе, «Қазақ елі» монументі жанында ертегіден көшіп  келгендей  ақ боз үйлер салтанат құрып,  әсем әндер мен шалқыма  күйлер төгіліп, халайық ғажайып мерекені тамашалады.

«Наурыз айы туғанда, той болушы еді бұл маңда» деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай тарихымыздың тамыры бейнелеген бас алаңда өткен мерекенің көрігін ұлттық ойындарды ұлық тұтқандардың атойлаған рухы мен намысы қыздырды.

Әсіресе, бала кезімізде түбін түсіріп ойнаған асықтың маңайына үйірілген жеткіншектердің қарасы көп болды. Балалықтың базарынан алыстағаннан бері асықты да ұмытқалы қашан. Ойынға сырттай қарап тұрып, біздің делебеміз қозды. Кейінгі кездері осы ойын түрі халқымыздың асыл мұрасы ретінде кеңірек насихатталып, жер-жерде сайыс­тар өткізіліп, жасөспірімдер арасында кәдімгідей қызығушылық туғызған өнерге айналды. Бір байқа­ғаным, бүгінгі күнде ауылдың балалары да оған аса ынта білдірмейді. Бір жылдары ауылда асық та қат саналған кездер болған. Ертеректе, оларды әдемілеп бояп, дорба-дорбамен жинайтын едік. Оның барлығы асықты жақсы көргендіктен туған ойлар деп қабылдаңыз. Ойынға қатысушылар көп болғандықтан ба, сайыс біраз уақытқа созылды. Ақыры, жеткіншектер арасында Азамат Қазы алымдылық мен шалымдылық танытып, жеңімпаз атанса, ересектер арасынан Асхат Ізтаев­тың асығы алшысынан түсті.

Бабаларымыз ежелден ат құлағында ойнап, мергендік өнерді де барынша меңгерген. Әсіресе, жамбы атуда алдарына жан салмаған. Мерекеде нысана көздеу сайысына нағыз сайыпқырандар қатысты десе болады. Бірінен-бірі өтетін мергендердің өнеріне жұртшылық дән риза болды. Осы спорттық жарыста балалар арасында Стас Штремель топ жарса, ересектер ішінен Ислам Базарбаевтың туы желбіреп, көзмерген атанды.

Кір тасын көтеру сайысында кілең сом білекті жігіттер күш сынасты. Олар сайын даланы ерен күштерімен таңқалдыра білген Қажымұқан мен Балуан Шолақтың ұрпақтары екендігін таныта білді. 16 келі кір тасын қиналмай көтерген Жұмағали Зұлғарин жасөспірімдер арасынан үздік деп танылса, 24 келіні басынан асырып, жұртшылықты тәнті еткен Мағзам Ахметов бауырымыз бабында екендігін көрсетіп, бас жүлеге ие болды.

– Бүгін біз Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен бас алаңда ұлттық ойын­дардың үш түрін өткіздік. Ал, 22 нау­рыз күні қазақ күресі, тоғызқұмалақ және арқан тартыс ойындары өтеді. Спорттық шаралар екі категорияға бөлінген. Сондықтан, сайысқа қатысып жатқандардың қарасы көп. Мерекені қызықтап жүрген жұршылықта қызыға көруде. Барлық жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады, – дейді Астана қалалық Дене тәрбиесі және спорт басқармасының маманы Ақылбек Оразов.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

astana-akshamy.kz




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button