Жаңалықтар

Ұлы абай – рухани тірегіміз



Ұлы Абайдың туған күні елордадағы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым ету – игі дәстүрге айналды. Ал 10 тамыз – Абай күні болып жарияланғалы бері мұның мән-маңызы одан сайын арта түсті. Өткен сейсенбіде Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, қалалық мәслихат депутаттары, белгілі ақындар мен ғалымдар хакімнің ескерткіші басына жиналып, Абайды ұлықтады.

– Бұл күні ұлы Абайға тағзым етеміз, ұлы Абайдан өзіміздің жасампаз істерімізге рухани қолдау табамыз. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп айтып кеткен ұлы Абай өсиетін орындау – парызымыз. Барды бағалап, жоқты саралап, тәубемізден жаңылмай, тәуекелден айнымай, тәуелсіздік тасын өрге сүйреген халқымыздың жасампаз еңбегіне Абай үлкен рухани тірек болып отыр, – деді Қырымбек Көшербаев.

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Ерлан Сыдықов өткен Абай жылында оқу орны жанынан ашылған «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталды.

– Абай күні мерейлі шаралар өтуі керек. Бұл күн қазақстандықтар үшін өзіне есеп беру күні болуы қажет. Әр қазақстандық «осы күнге дейін мен не істедім, кім болдым?» деген сұрақтарды өзіне қою керек. Сол кезде бұл күннің мазмұны мен мағынасы атына сай болады, – деді Ерлан Сыдықов.

Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы Абай жырларының, Абайдың «Қара сөздерінің» қоғам тәрбиесіндегі ықпалына тоқталып, хакімнің мұрасында мемлекеттің ұлттық идеологиясы жатқанын атап өтті.

Белгілі алаштанушы ғалым, академик Дихан Қамзабекұлы рухани жаңғыру және Абайдың «Толық адам» ілімі жөніндегі ойларын ортаға салды.

– Абай арқылы рухани жаңғырудың мәнін білу – осы күннің еншісіндегі шаруа. Рухани жаңғыру деген – жай ғана бір шаралар немесе есеп беру емес, өзімізде барды ұқсата білу. Өз мұрамыз­ға байланысты өзіміздің нақты шынайы көзқарасымыз, ұстанымымыз болғанда ғана рухани жаңғырған болып есептелеміз. Бұл ұрпақ сабақтастығымен, біліммен келетін дүние. Біз әдетте науқаншылдыққа кетіп қаламыз. Ондай болмауы керек. Абайдың «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген тұжырымдамасының өзі – «Толық адам» тұлғасына, қоғамды кемелдікке жұмылдыру. Қоғам қашанда жақсылыққа қарай жүреді. Біз қазір әлемде, өз ішімізде қандай қиындықтар болса да, өсетін, өнетін мүмкіндік іздеуіміз керек, – деді ғалым.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button