Мәдениет

Ұлы дала ұлағаты



Ақ түйенің қарны жарылып, Самарқанның көк тасы жібіп, күн мен түнді теңелткен әз-Наурыз мейрамына орай «Астана» концерт залында «Ұлы дала ұлағаты» атты театрландырылған музыкалық қойылым өтті. Ұлтымыздың салт-дәстүрлері көрсетілген әсерлі кешті Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясы «Рухани жаңғы­ру» бағдарламасы аясында ұйымдастырды.

«Батамен ер көгерер, жаң­бырмен жер көгерер» дейтін халқымыз әрбір істі бастарда абыздардан, ел ішіндегі сыйлы ақсақалдардан, танымал тұлғалардан бата тілейді. Жыл басы – Наурыз мерекесі келгенде де берілетін баталар бар. Бата беру көрінісімен ашылған кеш баланың дүниеге келгенінен бастап, өмірдің әртүрлі кезеңдері жасалатын, ұлттық таным-тү­сінікпен тікелей байланысты жөн-жоралғыларымызды көрсетумен жалғасты.
Астанада өткен күйші, композитор, дирижер Мұхаметқали Тіналиннің «Шілдехана, бесік той, тұсаукесер, сүндет той» деп қайырылатын «Біздің дала» атты белгілі әні бар. Бұл туынды өткен ғасырдың сексенінші жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басында, салт-дәс­түрлеріміз ортамызға қайта оралып жатқанда жазылды. «Ұлы дала ұлағаты» қойылымында шілдеханадан бастап, әрі қарай әнде айтылатын рәсімдер рет-ретімен көрсетілді.
Арасында әсем әндер әуе­леп, күйлер күмбірледі. Осы кештің өтуіне мұрындық бол­ған филармонияның қазақ ор­кестрінің көркемдік жетекшісі-бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымовтың «Бесік жыры», «Тойбастар» шығармалары орындалды. Бұған қоса, Тәттімбет Қазанғапұлының «Сылқылдақ», Дина Нұрпейісованың «Әсем қоңыр» күйлері, Евгений Бру­силовскийдің «Шашу» шы­ғар­масы, т.б. халық компо­зи­тор­ла­рының туындылары төгілді.


Күні кеше ғана «Көрісу» немесе «Амал» мерекесін атап өттік. Кеште осы дәстүрмен қатар, жастардың айдың жарығымен сауық-сайран құрып, ақсүйек ойнауы қамтылды. Келін түсіргенде «Беташар», «Жар-жар» айтылатыны анық. Оны да көрдік.
Көріністерге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүл­зира Бөкейхан, Мәдениет сала­сының үздіктері Секен Сыздық, Нұрай Танабаев, Күнсұлу Тұр­лыбекова, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Данияр Мұқан, Жаз­гүл Даңылбаева, Жақсыгелді Мая­саров, Шаһризада Ты­ныш­тық, филармонияның басқа да әртістері қатысып, ән шырқады. Салт-дәс­түрлеріміздің мән-мағынасын ашқан кеш тамырымыздың терең екенін танытты.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button