Руханият

Ұлы жырау ұлықталды



          Астанада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» халықтың көркем жадында» деген тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өтті. Филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға елімізге танымал тарих, әдебиет, мәдениет өкілдері қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады.

Атақты ғалым, академик Манаш Қозыбаев тәуелсіздіктің елең-алаң шағында жазған «Дауылпаз баба – Қожаберген» деген еңбегінде: «Қожаберген бабамыз көп батырлардың бірі ғана емес. Ол 1688-1710 жылдары 22-23 жасында қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен жасағына қолбасшылық жасаған сардарбек, ордабасы, Орталық Азия деңгейіндегі әскери қайраткер! «Ақтабан шұбырындыдан»  кейін – ұлы жеңісті шыңдаған стратег» деп жаза келіп, қазақ мәдениетінің ірі қайраткерлері Ыбырай Алтынсарин, Сегіз сері, Мүшhүр-Жүсіп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәңгерей Бөкеев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсірепов, Бейімбет Майлин, Iлияс Омаров, Молдағали Жолдыбаевтарды тағы басқаларды қызықтырған Қожаберген Толыбайұлының мұрасын игеру-замана талабы деген ойын кейінгілерге аманат еткен еді.

Содан бері бұл бағытта атқарылған істер аз емес. Атап айтсақ, 2000 жылғы желтоқсанда Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен Петропавл қаласында «Қожаберген жырау Толыбайұлының Отан тарихы мен қазақ поэзиясында алатын орны» деген тақырыпта республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізілгені ұмытыла қойған жоқ. Осындай алқалы жиын 2010 жылы «Өлке тарихы, тұлғалар тағдыры» деп аталып екінші рет өткізіліп, онда көзі тірісінде ұлттың намысы атанған, қазақ заңгерлерінің абыз ақсақалы, академик, ғалым Салық Зиманов сөз сөйлеп: «Қожаберген – біздің тарихымыздағы тұтас құбылыс, бүкіл ғұмырын қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған ұлы тұлға» деген баға берген-ді.

Ұлы жыраудың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, зерделеуде есімі елімізге жақсы танымал заңгер, руханият жанашыры Бекет Тұрғараев басқаратын  «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қорының тындырған істері де бір төбе. Осы қордың бастамасымен батыр жерленген қорымда кесене тұрғызылды. Құран бағышталып, ас берілді. Жамбыл ауданының орталығы Пресновка ауылындағы  қазақ мектебінің алдындағы алаң Қожаберген атымен аталып, ескерткіш бюсті орнатылды, мектепте мұражайы ашылды. Бүгінде облыс орталығы Петропавл қаласындағы №6 қазақ орта мектебі де ұлы жыраудың есімімен аталады. Сондай-ақ қордың қолдауымен: «Қожаберген жырау», «Елім-ай», «Баба тілі», «Өнерпаздар әулеті» деген кітаптар басылып шықты. Олар жұртшылыққа таратылып, оқырмандардың жылы лебізіне ие болды.

Аталған қордың қозғау салуымен Қазақстан Үкіметі 2012 жылдың желтоқсанында арнайы қаулы қабылдап, 2013 жылы Қожаберген Толыбайұлының туғанына 350 жыл толу мерейтойы елімізде кең көлемде атап өтілді. Алматы мен Астана қалаларында көпшілікке танымал тарихшы, әдебиетші ғалымдардың, белгілі қоғам, мемлекет қайраткерлерінің қатысуымен ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылды. Мұның соңы Солтүстік Қазақстан – Қызылжар өңіріндегі түрлі мәдени-спорттық іс-шараларға  ұласты. Осынау торқалы тойдың қорытындысы ретінде Алматыдағы «Зерде» баспасынан: «Заманының заңғары» мен «Мәңгілік елдің мәңгілік жыршысы» және Астанадағы «Фолиант баспасынан – «Дауылпаз баба Қожаберген» деген көлемді және әсем безендірілген жинақтар жарық көрді. Бертін Петропавлдың Астана жақтан кіреберіс қақпасына Қожаберген Толыбайұлының алып ескерткіші орнатылды. Өңірде жыл сайын Қожаберген оқуларын өткізу де дәстүрге айналды.

Қожаберген жыраудан қалған әдеби мұралардың ішіндегі ең шоқтықтысы– «Елім-ай» дастаны. Осы дастан жайлы халқымыздың аяулы ұлдарының бірі, батыр – қаламгер Бауыржан Момышұлы: «Қожаберген жыраудай бұрың-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көлемін, шекарасын айқындап берген емес. Ол кісінің «Елім-ай» жыры – әскери дастан! Жас бала кезімде оны әншілердің аузынан талай рет естіп едім. Шіркін, сол әскери дастан қайда бар екен?» – деп жазған екен. Айтса айтқандай, батыр бабамыз  әйгілі еңбектерінде зар заманға талдау, зерттеу жасап, өз көргенін хаттап кетті. «Ол тек қана бір «Елім-айда» ғана бір ғасырдың сырын, мұңын ашты» (Кәкімбек Салықов).

Міне, биыл ұлттық рух пен идеяның қайнар көзі, бүгінгі ұрпақты ел бірлігін нығайтуға, алауыздықтан арылуға, рушылдық, жүзшілдіктен тазаруға үндейтін осы намыс жырының жазылғанына 300 жыл толды. Қуанарлығы сол, бұл дата елеусіз қалған жоқ. Үкімет қаулысының негізінде Мәдениет және спорт министрлігі оны 2023-2025 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесіне енгізген-ді.  Соған сәйкес, Қожаберген жырау Толыбайұлының «Елім-ай» дастан жырының 300 жылдығы ел көлемінде кеңінен аталып өтуде.

Мерекелік шаралар биылғы жылдың маусым айында қасиетті Түркістанның төрінді бастау алып, белгілі академиктердің, ғалымдар мен Қожабергентанушы жазушылардың, зиялы қауым өкілдерінің, жас ғалымдардың  қатысуымен республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.  Алқалы жиында қазақ халқының тарихындағы ең бір ауыр да азапты кезеңде ұлттың рухын қолдап, халықты жауға қарсы тұруға үндей білген Қожаберген жыраудың өмірі мен «Елім ай» дастаны жайлы сөз сабақталды, Қожаберген жырау Толыбайұлының дипломатиялық қыры мен қол бастаған батырлығы, ең негізгісі Ата заңымыздың қазығы болған «Жеті жарғының» авторларының бірі ретіндегі орны бөлек екені айтылды.Конференция аясында қаралы көш құлаған Қаратаудың қойнауына құлпытас тұрғызылып, жыр мүшайрасы ұйымдастырылды.

«Елім-ай» дастанының 300 жылдығына және Қожаберген жыраудың туғанына 360 жыл толуына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция Петропавлда да ұйымдастырылды. Мұнда да ғалымдар ұлы жыраудың өмірі мен артына қалдырған бай мұрасына байыпты талдау жасады. Астанада да әңгіме осы бағытта өрбіді.  «Елім-ай» дастанының жазылу тарихы, мазмұнына терең талдау жасалып, ұлт қорғаны болған шығарманың маңызы жан-жақты ашып көрсетілді. Жиынға қатысқан Солтүстік Қазақстан облысының  Жамбыл ауданында тұратын Қожаберген Толыбайұлының ұрпағы  Бектас Тырқаев ұлы бабасының рухын қолдаған Үкіметтің қаулысына ризашылық білдіре келіп, жиналғандарды ата-баба шежіресімен таныстырды, әлеуметтік желіде тараған жаңсақ сөздерді жоққа шығарды.

Жиынға қатысушыларға Солтүстік және Түркістан облыстары әкімдерінің қолдауымен жарық көрген «Елім-ай» дастан жырына 300 жыл» деген кітап таратылып берілді.

Төлеген АСАНБЕКОВ,

 «Жеті жарғы және Қожаберген жырау»

 халықаралық қоғамдық қайырымдылық

қорының хатшысы.      


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button