МәдениетСаясат

ҰЛЫБРИТАНИЯДАҒЫ ҰЛАҒАТТЫ ОРТАЛЫҚ



орталык

Лондонда Бейбітшілік және келісім орталығы ашылды. Орталық этносаралық тағаттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін Еуропа елдеріне насихаттап, мемлекетаралық қарым-қатынастарды нығайтуға, саяси, сауда-экономикалық және білім беру, мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамытуға жол ашады.

Оның ашылу салтанатына Қазақстан халқы ассамблея­сы төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов қатысып, жиналған қауымды еліміздегі ұлтаралық татулықтың өнеге тұтар қарапайым қырларымен таныстырды. Ералы Лұқпанұлы ассамблеяның жұмысына Франция, Германия, АҚШ, Швеция, Түркия, Қытай, Ресей, Испания, Голландия, Израиль секілді ірі мемлекеттің ресми өкілдері қызығушылық білдіргенін, БҰҰ мен бірқатар халықаралық ұйымдарда кездесулер өткізіліп, еліміздегі қоғамдық келісім мен бейбітшілікті сақтаудың оң тәжірибелері таныстырылғанын айтты. Ол «британ жеріндегі жаңа орталық екі ел арасындағы қарым-қатынастарды жандандыруға қосымша серпін беретін болады» деді.

Салтанатты шараға Ұлыбритания парламенті – Қауымдар палатасының депутаты сэр Тони Болдри қатысып, әлемдегі көптеген халықтар мен мәдениеттер арасында алауыздық орын алып жатқан жағдайда олардың жақындасуына барынша күш салу қажеттігі жөнінде пікір білдірді.

Орталық жұмысының маңызды бір бағыты – екі ел арасындағы ғылыми байланыстың дамуына ат салысу. Атап айтқанда, ғылым мен білім кластерлерін құруға, мәдениет, тіл және білім беру салаларындағы жобаларды іске асыруға гранттар бөліп, британдық бизнес қауымын ғылыми-техникалық және зерттеу жобаларды әзірлеп, оны іске асыру бағытында жұмыс істеуге тарту жоспарланған. Сонымен қатар, Қазақстан мен Ұлыбританияның жетекші жоғары оқу орындары оқытушыларының өзара тәжірибе алмасуын ұйымдастырмақшы. Осы және басқа жобалар жөнінде Кембридж университетінің Орталық-Азия форумының төрағасы Сидхапрт Саксен таныстырды.

Орталық екі елдің мәдениеті мен әдебиетін насихаттауда да бірқатар шаралар өткізбек. Қазақ әдебиеті класиктерінің туындыларын ағылшын тіліне аудару, екі елдің танымал тұлғаларымен шығармашылық кездесулер өткізіп, қазақ тілін оқыту жұмыстарын да жүргізеді.

Айтулы оқиғаның тұсаукесер рәсіміне жиналғандар көптеген елдердің тәжірибесінде бар мәдени-ғылыми-ағарту орталығы қазақстандық мән-мағынамен толысып, еурапалықтардың өмірінде лайықты орын алатынына сенім білдірді.

Дайындаған:
Айгүл УАЙСОВА




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button