Қоғам

Ұмытылмас бейне



Алдағы айда ғасырлық тарихының шежіресін ашатын «Арқа ажары» газетінің биік белесіне әңгімеміздің сәті мен мәні орайлас келіп отыр. Өткен дәуірдің жетпісінші жылдары «Коммунизм нұры» аталған басылымның тынысына жаңа леп ілестіре келген басшысы Ибрагим Қапаров ағамыз ортамызда болғанда 90 жасқа толуы газеттің мерейлі мерекесімен бірге жарасымды болар ма еді, шіркін, деп өшпестей сақталып қалған жарқын бейнесін сағына еске аласың.

kaparov

Қанатындағылар жанашырлық көзін көрген, жұмысқа талапшылдық тәлімін алған, іскерлік қасиеті мен тура мінезді батылдығын ұмытпайды. Бүкіл Есіл өңіріне бұл кісіні таныс­тырып жату артық болатын. Белгілі есім еді. Жай ғана белгілі емес, аты аталғанда-ақ, аймақтың белді тұлғасын еске түсірерлік есім болуы ақиқаттығын елеулі еңбек жолы айғақтайды. Сондықтан ол кісіге қатысты кейбір деректер арқылы таныстыруды толықтыра кеткен жөн сияқты.

Ақкөл ауданының Новорыбинка селосында жарық дүниеге келген Ибрагим Қапаровтың соғыс жылдарында 26 жастағы жасөспірім кезінде Степняк орта мектебінде тарих пен география пәнінің мұғалімі болудан басталған қадамы Ақмоладағы №28 мектепте бастауыш сыныптарға ұстаздық етуге жал­ғасқан екен. Жеңістен кейінгі ел ішіндегі серпіліс, келешекке зор үміт одан да биігірек мақсатқа ұмтылдыруы Семей педагогикалық институтында оқуға жетелеген. Оны бітірген соң білімі де, тәжірибесі де мығым жігіт бірден көзге түсіп, Қарағанды теміржолы Ақмола бөлімшесінің саяси бөлімі басшысының орынбасары болған. Адамның қарым-қабілетіне орай өсуі де жылдам ғой. Араға жыл салмай жатып Ақмола облыстық комсомол комитетінің үшінші хат­шылығына көтерілуі, іле бірінші хатшы міндетін атқаруға ұласуы кездейсоқтық еместігін сол кезде басшы кадр таңдауға, тағайын­дау­ға талаптың жоғары сана­луынан білеміз. Әсіресе, тың игеруге жан-жақтан қаптап келуші­лерге байланысты жергілікті жастарды көренеу көзге ілмеу шарықтап тұрған шақтағы ортадан жарқырап жарып шығу қазақ айтатын көкжалдықтың айғағы-ақ.

Комсомол сынды сынақ мектебінде ысылу арқасында партия­лық қызметке тартылуы, алға озуға іркіліс болмауы да қабілетіне сай сенім екені анық. Алпысыншы жылдар басында Целиноград аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметі жүктелсе, көп ұзамай Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті Бюросының партиялық органдар бөлімінің солтүстік облыстар бо­йынша жауапты ұйымдастырушысы болады. Бұдан соң Целиноград облыстық партия комитеті үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі міндетін он жылдан астам атқарады. Өңірдің идеологиялық жетекшісінің бірі болды. Сол уақытта, елудегі нағыз кемел кезінде, одан да жоғары лауазымға лайықты болса да, аяқ астынан «Коммунизм нұры» газеті редакторына ауыстырылуы, одан кейін «Білім» қоғамы төрағасының орынбасарлығына ысырылуы осы күнге дейін түсініксіз болып қалды.

Біз білген Ибрагим Қапарұлы тәжірибесі де, танымы да мол азамат еді-ау. Басылым ардагері Сейітжан Садаутегінің естелігінде «Облыстық «Целиноградская правда» газетін журналистік мамандығы жоқ Алдошин бірнеше жыл басқарды. Ибрагим оны кабинетіне шақырып алып, газеттің келесі санын қалай шығару жөнінде ақыл-кеңес беріп жататын» деп жазғанындай, өз ісінің ұңғыл-шұңғылына жетік, парасат пен өжет мінез қонған, кісілік пен кішілік жарасқан, мейірімділік пен қамқоршылық ескен бейнелі адам болғанына оны білушілердің ешқайсысы дау айта алмас.

Ибрагим ағамен алғашқы танысу күні бүгінгідей көз алдымызда. Облыстық «Торғай таңы» газетінде жұмыс істеп жүріп, ел ішіне қарай жуықтауды ойлап, ауылымызға бір табан жақын Целиноградтағы төл басылымға орналасуды армандаушы едік. Алдында бір-екі рет ниетімізді жеткізудегі шығарып салма сөзге тауымыз шағылып қалған-ды. Жаңа редактор іске кірісіпті. Жігіттердің мінездеуінше, қаталдау кісі сыңайлығы сезілгенмен, нар тәуекелге бел буып, қабылдауға сұрандық. Шынында ескертілгендей ме, әлденеден қажығандай көз жанарынан қайтпаған уыттың жарқылы өңменнен өтерліктей қарап «Құлағым сенде. Шаруаңды айт»» деді бірден қатқылдау үнмен.

Шаруамызды шала-шарпылай түсіндіргендей болдық. Хатшы қызға «Торғай таңы» редакторымен тілдесуге тапсырма берген бетте жалғастыра қойылды. Сөйлескен соң «Торғайыңа бар да, тез қайт бала. Шашың бұйра екен, бұйралата түстірмейтін шығарсын» деді суық түсі сәл жылып. Шешіміне қуандық, талабын түсіндік.Редакцияда кілт өзгерістер байқалады. Бұрыннан да белді басшының беделі арқасында қызметкерлерге бірнеше үй берілуінің бізге де шапағаты тиді. Олардың бұрынғы қоныстары іні әріптестері отбасыларына ауыс­ты. Төрт бөлмелі пәтерге жайланған Майлыбаев ақсақалдың он бала өрбіген құтты шаңырағы еншімізге бұ­йырды.

Боса-болмасын, редакцияның бет-бейнесі жақсарып жатты. Бөлмелер сырланып-әктеліп, жаңа жиһаздармен сәнденді. Жиһаз демекші, әріптесіміз Жылқыбай Жағыпарұлы «Тіршіліктен» тамыр тартқан» атты мақаласында мынадай айғақ айтады. «Бірде түскі асқа бара жатқан Жақсылық Жүнісов екеу­мізді Ибрагим Қапаров ұстап алды. Қара торы жүзі алабұртып, тым ашулы екен. Ол бізді «Дом Советовтың» ішкі ауласында тұрған, қораптары әлі бұзылмаған жап-жаңа жиһаздардың қасына алып келді. «Мыналар «Целиноградская правдаға» берілген көрінеді. Қазақ редакциясы күні бүгінге дейін елуінші жылғы үстел, орындықтармен отыр. Бұл не деген алалау! Мен қайтып келгенше, ешкімге бермей ұстап тұрыңдар» деді де, облыстық партия комитетіне кіріп кетті. Көп кешікпей Ибрагим аға келіп, жарты жиһазды «Коммунизм нұрына» кіргіздіртті». Редакция мүддесі үшін неден де аянбаудың айқын бір мысалы осы емес пе!

Газет мазмұны маңызын көтеруге айрықша күш салуы да көкейде сайрап тұр. Неге десеңіз, бұл ретте әсіресе, біздің бөлімге, яғни Рафық Фазылов аға жетекшілік етуші өнеркәсіп және транспорт бөліміне жүк көп түскен-ді. «Эрозияға тосқауыл» атты айдар ашылып, шаң-топырақ басқан, арам шөп қаулаған, дәнді дақылдар өсуі әлсіз жерлерді мүлдем жарамсыз қалдыруға ұшырата бермеу мәселесі көтерілді. Оны талқылауға, ұсыныс-пікірлерді ортаға салуға ғалымдар мен мамандар, өндіріс басшылары тартылды. Алайда несін айтасыз, оларға мақала жаздырту, материалдарын ұйымдастыру оңайға түскен жоқ еді. Біразы қазақ газетін кім оқушы еді дегендей ошарылып, ашықтан-ашық теріс айналды. Мәселен, «Қазақсельмаш» зауыты директоры әңгімелесуге уақыты жоқтығын сылтау етіп, айлар бойы сарсылтқаны бар. Мұны естіген редакторымыздың үлкен бір мәжілісте оны орнынан тұрғызып қойып, рөлі бірдей екі партиялық баспасөздің бірін менсінбеу саясатқа сай келмейтінін алға сала сөйлеуінен кейін өзі хабарласып, кеңесіп тұратын болды. Мақаласы жоспарланған авторларға материалдың дайын болу мерзімін редактор қол қоюы­мен хат жіберу жұмысымыз­ды едәуір жеңілдетті.

Сын мақалалардың жиірек жазылуын қадағалауы өткірлікті күшейтті. Әрине, сынды кім жақтырсын? Ондайда тілшіні қорғансыз қалдырмауы алаңсыз етті. Краснознамен ауданынан мал азығын дайындау­дағы салдыр-салақтық жайлы «Шөп шашылып жатыр» деген мақаламызға шу шыққанда сол қағидадан таймады. Абырой болғанда, айтылған жайды қоса дәлелдеуші фотосуреттер қолымызда сақталуы даудың екпінін басты. Аудандық партия комитетінің өкілі арнайы суыт жетіп, қателіктерін мойындап, Ибрагим Қапарұлынан кешірім өтінгенде «Менен емес, тілшіден кешірім сұраңдар» деп бізге жіберуі мәртебемізді өсіріп тастауын қалайша ұмытарсың.

Талант танитын қасиеті де бар еді. Бір байқағаннан жұмысқа қабылдап, келешектеріне жол ашқан Сәбит Бексейітов, Төлеген Ілдебаев, Жылқыбай Жағыпаров жарыса жазып, жаңа толқынның жалынын жарқыратты.Ибрагим аға туралы сыр шерте түскенде сырт көзге суықтау көрінгенмен, жайдарылық есіп тұруы аз емес-ті. Бөлмеде бірге отыратын тікелей бастығым Рафық ағай әдетте сағат 11-де маужырай бастайды. Қаламын ұстаған күйі, жазып отырғандай қалыпта ұзақ қалғып алады. Бұл дағдысын білетін болуы керек, дәл осы мезетте ақырын басып келіп, маңдайдан шертіп кеп жібереді. Аяқ асты ұйқыға апалақтап ұялған Рәкең енді қайталамастай болуға бекінгенмен, күнде солай. Күнде солай шертіліп оятылады. Екеуі балаша ойындарына өздері де мәз, біз де мәз.

Асыл ағаның зайыбы Мінуара Хамидуллақызы Қапарованың да өңір өміріндегі өнегелі еңбегі айтуға тұрарлықтай. Медициналық училищенің директоры ретінде денсаулық сақтау саласы білікті мамандармен толығып отыруына үлес қосты. Мейірімді жан баспаханадағы түнгі кезекшіліктерде редакторымызға телефон соға қалғанымызда

«Әлі қол қойған жоқсыңдар ма? Шаршадыңдар-ау, айнала­йындар!» деп аяушылық білдіруі жүрек елжірететін.
Уақыт жаңарды, заман өзгерді. Бүгінгі біраз жұрт аймақ тари­хында ізі бар адамдар туралы біле бермейді. Есімдері көп аталмайтындары ұмытылып барады. Көзден кеткенмен, көңілден кетпеуге ла­йықтыларының бірегейі, әңгімеміздің кейіпкері Ибрагим Қапаров десек, көзін көрушілер пікірі мұны айғақтай түседі. Осы кесек кісі өмір жолындағы қиын жәйттерді дұрыс ұғыну үшін қалам тартып отырмыз. Облыстың өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі елеусіз қалмаса, баспасөзін дамытуға сіңірген ерен еңбегі бағаланса, азаматтық қайраткерлігі қадірленсе деген ниеттен сөз қозғадық. Қадіріне жетіп қастер тұтылар ардақты тап осы Ибрагим Қапаров қой, шіркін! Өз сеніміне, өз парызына адал болған, халқына қалтқысыз қызмет еткен сәулелі бейнені ұмытуға болмайды.

Айқын НЕСІПБАЙ

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button