Руханият

ҰСАҚ-ТҮЙЕК ДЕСЕК ТЕ…



Осыдан бірнеше ай бұрын, психологтардың баланың қалыптасуына кері әсері бар мультфильмдердің тізімін жасағанын жазған едік. Олардың пікірінше, ресейлік арналарды жаулап алған «Маша мен маймақ» мультсериалы балалар үшін ең қауіпті болып саналады.

56f1e7b5b92812dbb9df9a99efdb02d14c477b9e

Екінші орында – американың «Монстр Хай», үшінші орында «Губка Боб» мультсериалы. Ата-аналар қауымына бала тәрбиесіндегі мультфильм кейіпкерлерінің әсері туралы психологтың кеңесін жариялаған болатынбыз.

Араға көп уақыт өткен жоқ, «Маша мен маймақ» тағы да алдымыздан шығып, осы мақаланы жазуға мәжбүр болдық. Елордаға жаз жақындаған сайын қалалық бақтар есігін ашып, демалушылар қатары көбейеді. Немересін жетектеген ата-әжелер, бір баласын бесік арбада әлдилеп, екіншісін жетектеген жас ата-аналар – шаһарымыздың әдемі көріністерінің бірі.

Осындайда ересектер әр баланың біріне балмұздақ, екіншісінің қолына түрлі-түсті шар ұстатып қояды. Кісі жүрген жерлердің бәрінде сатылатын шарлар да аса қымбат емес, көлеміне қарай 200-500 теңге аралығында. Бұл баланың бір күндік көңіл-күйін көтеріп қана қоймайды, демалыстан естелік ретінде үйінің төрінде біразға дейін ілулі тұрады.
Біздің айтпағымыз, жас сәбидің танымы мен талғамына әсер ететін шардың безендірілуі, шарға басылған сурет жайында болмақ. Өйткені шарлардың барлығына, мамандардың өзі бірауыздан баланың психикасына кері әсері бар деп тапқан – «Маша мен Маймақ», «Губка Боб», тағы бір америкалық мультфильм кейіпкері «Микки маустың» суреттері басылған.

Ұсақ-түйек десек те, дүние есігін енді ашып, тәй-тәй баса бастағаннан ұстататыныңыз – өзгенің жәдігері. Өзге мәдениетке тәуелділіктің бастауы осылай тамыр жайғанына мән бермейміз. Сұрасаң, «Егер бар болса сатар едік» деген сатушылар төмен қарайды. Олар да жүргізіп отыр­ған бизнесінің баланың дүниетанымың қалыптасуында зияны барын түсінеді. Бірақ… Бала жасынан ұлттық мәдениеттің нышанына көзі үйреніп, «жалтырауыққа» әуестігі болса, кімге өкпелейміз?!

Мұндай шарлар Алматыдан тасымалданады екен. Онда шар шығаратын зауыт ашылды деп естімедік. Демек, шар тиелген керуен өзге жерлерден келіп жатыр. Алайда қай елде, қай жерде шығарылса да, екі ортада жүрген делдалдар ұлттық мұқтажымыз­ды ескеруі керек еді. Яғни, шар шығаратын мекеменің саудасын дөңгелетіп жүрген ірі бизнес иелері алып келген тауарының мазмұнына да мән берсе, «маймақ» орманына, «қара тышқан» мұхит асып, «губка» теңіз түбіне түсер ме еді?!

Айгүл УАЙСОВА




Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button