БілімЖаңалықтар

Үш ауысыммен оқыту қалай жойылады?



kbb_3418-3-asli

Елімізде үш ауысымды мектептің мәселесі әлі тиянақты шешілген жоқ. Алыстағы ауылды айтпағанда, елордадағы кейбір мектептерде оқушылар үш ауысыммен оқиды. Сондықтан Астана әкімдігінің «20 нақты бастама» бағдарламасының бесінші қадамында мек­тептердегі орын жетіспеушілігін жою және білім беру сапасын жо­ғарылату мақсат етіп қойылып отыр.

Сөзімізді әріден қозғайық. Осыдан бірталай жыл бұрын Елбасының тікелей бастамасымен «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, соның аясында жер-жерде уақыт талабына сай жасақталған жалпы орта білім беретін оқу ордалары бой көтеріп, ептеп болса да үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептердің қатары азайды. Содан бері де аталған мәселе күн тәртібінен түскен жоқ.

ЖЕТІ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ

Енді бас қалаға оралайық. Биылғы ақпан айындағы халыққа есеп беру кездесуінде Астана әкімі Әсет Исекешев білім сала­сына кеңірек тоқталып, көп­шілікке осы салада атқарылып жатқан жұмыстар жайында баян­дады. Сонда қаладағы мек­тептердің жай-күйіне де тоқ­талды. «Өткен жылы заманауи 2 мектеп ашылды. Биыл №16, 17, 22, 32, 37 мектептерге жап­сарлас бес ғимараттың құры­лысы аяқталады. Сондай-ақ, Сарыарқа ауданында – 3, Алматы ауданында – 2 және Есіл ауданында 2 мектеп салына бастайды. Бұған қоса, Пригородный тұрғын ала­бындағы №24 мектепке және №28, 31, 40, 51, 52, 60, 68 мек­тептерге жапсарлас 8 ғимаратты және Сауран және №24 көшелерінің қиылысында 1200 орынға шақ­талған орта білім беру орынын жобалау қолға алынады» деген еді елорда басшысы.
Бүгінде Астана миллион тұр­ғыны бар мегаполиске айналды. Әлі де еліміздің әр түкпірінен бас қалаға қоныс аударушылар ағыны тоқтаған жоқ. Біреу жұмыс іздеп, келесісі қызмет бабымен, үшіншісі қиял қуып, әйтеуір, елордада аңсаған армандарын жүзеге асырғысы келеді. Жөн-ақ дейсіз! Біз де солай келдік. Бір жағынан тұрмыс түзеліп, әлеу­меттік жағдай жақсарған сайын демография деңгейі көтерілді. Әсіресе, бас қалада сәбилердің өмірге келу көрсеткіші өте жо­ғары. Соған қарағанда үш ауы­сымдық мәселесіне ішкі көші-қон мен демография жағдайы жақсы әсер етіп тұр деп ойлай­мыз. Бір ғана мысал. Өткен жылда республика бойынша 370 мың бала бірінші сыныптың есігін аш­қан. Бұл дегеніміз – анау-мынау кішігірім облыс халқымен бірдей көрсеткіш. Ылайым со­лай бола берсін.

ОҚУШЫЛАР САНЫ ӨСІП ОТЫР

Қаладағы үш ауысымдағы білім беру – жаңа құбылыс. Бұрын мұндай жағдай болмаған. Айта­лық, Астанада 2015 жылы 94 мектепте 117 097 бала оқыса, бүгінде 95 мектепте 130 542 бала білім алуда. Демек, бір жыл ішінде жеткіншектер саны 13 445-ке өскен. Ал бірінші сы­ныпқа 19 637 бала барған.
– Бүгінде елордада үш ауысым бойынша үш мектепте ғана оқушылар оқиды. Олар – №31 мектеп-гимназиясы, №32 мектеп-гимназиясы және №37 орта мектебі. Мәселен, №31 мектеп-гимназиясында үш ауысым бойынша 405 бала білім алса, №37 мектепте 210 жеткіншек оқиды. Ал қаладағы 27 мектептегі оқушылардың тығыздығы сақ­талып отыр. Сонымен бірге, ағымдағы жылы бес мектептің ғимаратына жапсарлас салынып жатқан құрылыс жұмысы аяқталады. Тағы бір жағымды жаңалығымыз бар. Биыл бас қалада 7 мектептің құрылысы басталады. Нақтылап айтсақ, Сарыарқа ауданында 3600 орынды қамтитын 3 мектеп бой көтерсе, Алматы ауданында 2400 орынды құрайтын 2 мектеп салынады. Ал Есіл ауданында 2400 орынға арналған 2 мектеп­тің құрылысы жобаланып отыр, – деді қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Жанғозин.
Сондай-ақ, Мичурин кен­тін­дегі №57 мектепке де кеңейту жұмыстары жүргізілмек. Осы жағдайда үш ауысым бойынша білім беріп жатқан №37 мектепке хабарласып, бір ауыз пікір сұраған едік. Оқу ордасының басшысы Алмагүл Сегізбаева сұрағымызға нақты жауап берді.
– Бізде бір ғана 4-сыныпта жеті сынып бар. Онда 210 жеткіншек оқиды. Солардың бәрі ауысыммен білім алады. Олар сабаққа күн­дізгі сағат 11.00-де келіп, 14.00-де үйге қайтады. Былай айт­қанда, балалардың білім алуға да, ауқаттануға да уақыты жетеді. Басы артық мәселе жоқ. Былтыр мектепті кеңейту мақсатында қосымша құрылыс жұмыстары басталды. Наурыз айының соңы­на таман аяқталады деп күтіп отырмыз. Одан кейін мектепке қажетті құрал-жабдықтар аламыз. Жазда соған көшеміз. Бірінші қыркүйектен бастап толық пайдаланамыз. Онда тек бастауыш сыныптың балалары оқиды, – дейді Алмагүл Тілектесқызы.
Қысқасы, көпшілікті мектептегі орын жетіспеушілік жиі алаң­датады. Оның білім сапасына тигізетін әсері көп. Сондықтан оған бейжай қарауға болмайды. Ал таяу аралықта елордада үш ауысымды мектептің мәселесі толық шешіледі деп үміттенеміз.

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button