Басты ақпаратСараптама

Ұялы байланыс ұялмайтын болды



Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында бір ауқатты адамның қолынан төрт бұрышты кірпішке ұқсаған телефонды көргенде сол кезде отыздың айналасындағы екі-үш жігіт «аузымызды ашып, көзімізді жұмып» таңғалғанымыз бар-ды. Сол кәсіпкер ағамыз салмағы шамамен үш-төрт келі тартатын ұялы байланысын қолынан тастамайтын. Қызығу­шылығымыз оянып: «Бұл не телефон?» деп сұрағанымызда: «Бұған сендердің шамаларың жетпейді. Бағасы бір құнажын тұрса, ұстап жүру шығыны үш құнажынның құнына тең ұялы байланыс» деп шірене жауап беретін. Келе-келе заман өзгерді. Қазір одан он есе жетілген қалта телефонын шіренген шенеунік қана емес, мектепке енді барған ауыл баласы да ұстап жүр. Тіпті қалта телефонысыз күнделікті тірлігін елестете алмайтын ұрпақ өсіп жетілді. 

Тариф өсіп барады…

Ұялы байланыс – жақсы. Бүкіл шаруаңды бітіресің. Айшылық алыс жерлерден көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар аласың. Дегенмен, «әй» дейтін «әже» болмағандықтан, осы саладағы монополистер қызмет бағасын шамадан тыс қымбаттата бастады. Мәселен, Activ ұялы байланыс операторы өткен жылдың наурыз айында қызмет құнын 1800 теңгеден 2590 теңгеге көтеріп еді. Қараша айында өз абоненттеріне «сіздің тариф жоспарыңыз 3290 теңге болды» деген тағы хабарлама жіберді.

Алайда бағаны өсіргеннен олардың қызмет сапасы жақсарып кетіп жатқан жоқ.

Ал ұялы байланыс операторлары мұны «Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 116-бабы мен «ҚР Байланыс туралы» заңының 20-бабына сәйкес байланыс операторы ұялы байланыс қызметі тарифін өзі белгілеуге құқылы. Осыған байланысты біз абоненттерге кем дегенде 30 күн бұрын хабарлама жіберіп, ескертіп, тарифтерді нарық талабына сай қызмет көлемі мен сапасына сәйкес көтере аламыз» деп түсіндіреді.

«Кселл» байланыс операторының жауапты қызметкері Нина Плетневаның айтуынша, тариф көтерілгелі оларға мән-жайды білгісі келіп келушілер мен арыз-шағым айтушылар бірнеше есе көбейген көрінеді. «Алайда дейді ол – біз бәрін нарық заңына сай істеп отырмыз. Кейінгі кезде бізде абоненттер саны алты есе өсті. Осыған байланысты желіге түсетін жүктеме де артты. Қызмет сапасы мен жылдамдығын арттыру үшін қосымша жабдықтар сатып алуға тура келді. Ал мұндай қымбат жабдықтарды тек алыс шетелдерден жеткіземіз. Оның бәріне қомақты қаржы жұмсалып отыр».

Астана қаласының тұрғыны Қазура Серікова өзінің он бес жылдан бері  Beeline ұялы байланысының абоненті екенін айтады. «Жақында өткен жылдың аяғында ұялы телефоныма олардың қызмет құнын айына – 3500-3700 теңгеге дейін көтеретіні туралы хабарлама келді. Өзімнің наразы­лығымды білдіріп орталық кеңсесіне барып едім «өкінішке қарай, тарифті қымбаттату – біздің шарасыздан істеп отырған әрекетіміз. Егер бұлай істемесек, өзіміз шығынға батамыз. Мұның себептері көп. Кірістеріміздің көп бөлігін инфляция жеп қойып отыр. Кейінгі кезде мобильді интернеттің сұранысы өсіп, бұл бағыттағы жүктемелерді азайту үшін қосымша жабдықтарды іске қостық. Егер біздің ұялы байланыс қиындық келтірсе, басқа арзандау операторға ауысуыңызға болады» деп кеңес берді» дейді.

Жөнсіздіктер реттеле ме?     

Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2023 жылдың 27 желтоқсанында үкіметтің gov.kz сайтында ұялы байланыстар операторларының нарықтық қызметі тұрғысында тексеру басталғаны туралы ақпарат таратты.

Көптеген абоненттердің қызмет бағасының өсуіне наразылық танытқан арыз-шағымынан кейін ұялы байланыс қызметінің тарифтік жоспарына талдау жасалып, жүзеге асырып отырған іс-шаралардың заңдылығы бақыланды.

Осыған сәйкес 2023 жылы ұялы байланыс операторларының тарифтік жоспарлары бойынша бағаның 7,7-ден 57,3 пайызға дейін көтерілгені анықталды. Мәселен, өткен жылдың мамыр-­шілде айлары аралығында ғана ұялы байланыс операторлары өздерінің ресми сайттарында жариялаған ақпаратта  ай сайын­ғы абоненттік төлем мен 30-дан астам тарифтік жоспардың қызмет құны артқаны көрсеткен. Бұл шын мәнінде, қаттырақ айтсақ, бетімен кетушілік еді. Осыған байланысты құзырлы органдар қазіргі уақытта кәсіпкерлік кодекс­тің 199-бабының 3-тармағын ескере отырып, бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттердің белгілерін сақтамады немесе көпе-көрнеу бұзды деген күдікпен «Кселл» АҚ, «МТ-С» ЖШС (Tele2/Altel) және «Кар-Тел» ЖШС (Beeline) ұялы операторларына қатысты кәсіпкерлік Кодекстің 170-бабы бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

Елордалық кәсіпкер Айдар Бекжановтың пікірінше, Kcell де, Beeline де – нарықта өз орындарын әлдеқашан айқындап алған ұялы байланыс монополистері. Олардың бағаны жылына екі рет көтеруі тіптен орынсыз. Оны айтасыз, олар былай да өздерінің тұтынушыларынан ебін тауып ақша алудың басқа да жолдарын әбден меңгеріп алған. Тарифтік жоспар бір айға жетеді деп жарнамалағанмен, шын мәнінде жиырма сегіз күнде сізден жаңа тарифтің ақшасын алып отырады. Бұдан бөлек, телефоныңыздың «бөгде жүктемелерге қосылып кетіп» күн сайын бірлік жеуі де жиі болатыны жасырын емес. Міне, осындай жөнсіздіктерді реттеу үшін жаңа жыл қарсаңында еліміздің ұялы байланыс операторларының жұмыстары тексерілетін болды. Одан шығатын қорытынды – халыққа көрсетілетін осы саладағы жұмыс­ты оңтайландырып, бұрынғыдан да жақсартады деген сенім мол.

Нәтиже қандай болмақ?

Ұялы телефон операторларының бағаны қымбаттаудағы тағы бір уәжі 5G желісін енгізумен байланысты дегенге саяды. Рас, бұл технология желіге ауқымды құрылғыларды қосуға мүмкіндік берді. Мәліметтерді беру жылдамдығын арттырды. Оның соңғы инновация жетістігі екенін ешкім де жоққа шығармайды. Қазақстан 5G енгізу жөнінде Орталық Азияда көш басында келеді. Бұл да – біздің ауыз толтырып айтар нәтижеміз.

Өткен жылдың қазан айында 35,9 Мбит/с-қа жеткен елдегі мобильді интернет жылдамдығының жыл басынан бері 68,6 пайызға көтерілуі – соның айғағы. Ал 2027 жылға дейін бұл үрдіс барлық облыс орталықтарын жаңа буын ұялы байланысымен қамтуға мүмкіндік  береді деп отыр мамандар. Үкімет бұл жұмысты мерзімінен бұрын, 2025 жылдың соңына дейін аяқтаса, тіпті құба-құп, – дейді қоғамдық орта.

Алайда аяқ астынан бағаны шарықтатып жіберу осындай оң нәтижелерге көлеңкесін түсіріп тұрғанын жасыруға болмайды.

«Ұнамаса, басқа операторды таңдаңыз» деген жауапты қазір әркім де естиді. Тіпті кейбір қыз­меткерлер «біздің еліміздегі ұялы байланыс дүниежүзіндегі ең арзаны болып отыр. Сондықтан аздаған мөлшерде қызмет құнын көтергенге наразылық білдіру дұрыс болмайды» деп көпшіліктің өзін кінәлайтынын қайтерсіз.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы ұялы байланыс нарығының 80-85 пайызын Kcell мен  Beeline операторлары иеленіп отыр. Ұялы байланыс нарығында халықтың сұранысын қанағаттандырып отырған жоғарыдағы екі байланыс операторларының бәсекелесі  – Теле 2 мен Алтел.

Айтса айтқандай, кейінгі кезде ауылдық жерлердегі абоненттер мен шағын қалалардағы кейбір ұялы байланыс тұтынушыларының басым көпшілігі Теле 2 операторына ауыса бастады. Оның себебі де түсінікті.

Сонымен, Ыбырай атамыз жырлағандай, «өнер-білім бар жұрттар тастан сарай салғызып, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызып» бек қуантып еді. Алайда нарық деп қалтасының қамын күйттейтіндер халықтың бұл қуанышын көп көре бастағандай…

Бұған жол бермеуді көздеген қолында құзыреті бар тиісті органдар қазір «Kcell» АҚ (Kcell және Асtiv сауда маркалары), «Кар-Тел» ЖШС (Beeline сауда маркасы), «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Теле 2, Altel сауда маркасы) жұмыстарын алты ай бойы тексермекші. Нәтиже көпшіліктің көңілінен шығардай оң болады деп сенгіміз келеді.


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button