Қала мен Сала

ВЕЛОСИПЕД МІНГЕННІҢ МАШАҚАТЫ КӨП



Осыдан үш жыл бұрын жаппай велосипедке мінген астаналықтарды көргенде тосырқай қарағанымыз рас. Аз уақыттың ішінде бұған да көз үйренді. Үлкені де, кішісі де, шалбарының қыры сынбаған қызметкерлер де, көйлегінің етегі желбіреген бойжеткендер де велосипедке қонды. Кермеге тартылғандай қос дөңгелекті тұлпарлар тізілген велобекеттер қаланың үйреншікті көрінісіне айналды. Осылайша, күзі, қысы қытымыр, жаз айы қысқа болса да, қалалық көлік жүйе­сінде айтарлықтай өзгеріс болып, велосипедшілер жолға шықты.

solicitar-una-indemnizacion-por-accidente-de-bicicleta

Елордадағы арнайы веложолдар тапшылығы велосипедшілердің қозғалысына кедергі болмады. Қолданыстағы жол қозғалысы ережелерін белінен басып, велосипедшілердің дені жаяу жүргіншілердің сүрлеуінде зуылдап жол қысқартып жүр. Алайда тәртіп сақтау органдары бұл мәселеге көз жұмып қарауға бел байлаған сияқты.

Жалпы, бұл қозғалыс еуропалықтарға таңсық емес. Өткен ғасыр­дың 70-жылдары Нидерландта «велореволюция» бұрқ ете қалады. Қала көшелерінде жеңіл машиналардың көбеюіне қарсы болған тұрғындар бір жағынан жанармайдың қымбаттауы бар халықты велосипедтің еріне қайта отырғызуға мәжбүрледі. Соңғы жылдардың мәліметтері бойынша, Лондонда шамамен халықтың 2,5 пайызы жұмысына велосипедпен барады екен. Берлиндіктердің 13 пайызы, Мюнхенде қызметкерлердің 15 пайызы, ал Амс­тердамда 37 пайызы жұмыстарына велосипедпен қатынауды қолайлы көреді. Копенгагеннің 550000 тұрғынына 650000 велосипедтен келеді екен. Бұл дегеніміз – әрбір адамға 1,2 велосипедтен келеді деген сөз. Салыстыру үшін осы қаланың тұрғындарының иелігіне 125000 жеңіл көлік тіркеліп, әр машинаға 5,2 велосипедтен келіп тұр.

Ал біздің қалада жүрек жұтқандар ғана велосипедке мінеді. Десе де, ағылған машиналардың қатарында, көшенің оң жағын ала, өз жолы болмаған соң үлкен жолмен жүруге тәуе­кел етушілердің қатары өсіп келеді. Оның бір себебін жеңіл көліктер мен қоғамдық көлікке балама ретінде ашылған велосипедті автоматтандырылған жалға беру жүйесінің іске қосылуымен байланыстырамыз.

«Веломәдениет» – керек мәдениет
Дегенмен велосипедті қоғамдық көлік түріне жатқызу үшін көп жұмыс атқарылуы керек. Соның бастысы – күнделікті қозғалыстың ажырамас бөлігі ретінде велосипедті қолдану мәдениетін қалыптастыру. Бұл үшін мамандар қала көшелеріндегі қозғалысқа сай велосипедтер көптеп сатылып, ол бұзылғанда жөндейтін шеберханалар көптеп ашылуы керек дейді. Болашақта бұл көліктің түріне қалалық қоғамдық тасымалдау қызметінің жүгін артатын болса, онда айдап үйрететін де, үйренетін де орындар керек. Саламатты өмір салтын таңдап, оның бір артықшылығы – велосипедпен серуендеуді насихаттайтын шаралар жиі ұйымдастырылып, қоғамда көзқарас қалыптастыру қажет. Қол боста дөңгелек айналдыру аяқ жазғандық емес, жұмыстан үйге, үйден жұмысқа тез баратын көлік ретінде басымдық берген жөн.

Иә, бұл – өте тиімді тасымал құралы. Жанармай үнемдеу, адамдардың денсаулығымен бірге, қоршаған ортаның жағдайын күннен-күнге жақсартпақ. Ауаны ластап жатқан қала көшелеріндегі кептелістер шешіледі.
– 2014 жылы қанатқақты жобасы бойынша сол жағалауда 40 велобекет аштық. Келесі жылы 150-ге ұлғайтылды, қазір 1000 велосипед жолда жүр. 2016 жылы жаздың алғашқы айларында-ақ велосипедке көшкендердің саны 6500 адамға жетіп, тіркеуді тоқтатуға мәжбүр болдық. Себебі санаулы велосипед бәріне жетпейтін болды. Қазір мынадай үрдіс қалыптасты. Тұрғындардың дені велосипедпен оң жағалау­дан сол жағалауға келеді, түс кезінде велосипедшілер екі ортаны тағы жол қылса, кешкілік Есілдің оң жағалауына барып тоқтайды. Биыл «Самұрық-Қазына» тағы да отыз велобекет қосып, оның 112-сі ЭКСПО көрмесі аймағына орнатылып, 350 велосипед қосылды. Бірақ бұл да аз, – дейді «Velocitу.kz» қоғамдық қорының басшысы Алмагүл Қасымова.

Бүгінде Астанадағы арнайы веложолдардың ұзындығы 4 шақырымды құрайды. Салыстыра кетсек, веложолдардың ұзындығы Германияда – 1400, Қытайда – 450, ал Мәскеуде 74 шақырымды құрайды екен. 2017 жылы Астанадағы арнайы веложолдың ұзындығы 50 шақырымға жетеді деген болатын

Қозғалыссыз тіршілік жоқ
Қала тұрғыны Талғат Байболатов: «Жолы жөнге келмесе де, велосипед – астаналықтар үшін үлкен игілік. Жасым елуден асты. «Қозғалыссыз тірші­лік жоқ» деген қағиданы ұстанатындардың бірімін. Былтырғы маусымда жалға алған велосипедтің есебімен 3256 шақырым жол жүріппін. Күнде таңғы 5-терде тұрып, екі-үш сағаттай велосипед айдап, 25 шақырымды ең­се­ріп, күн тынық болса, 50 км жүріп келемін. Демалыс күндері 50 шақырым­ды жүріп өту қиын емес. Өйткені ж­ол ­ашық, көліктер жоқ­тың қасы. Жай күн­­дері үлкен жолдың шетімен баяу аяңдасақ та, көлік жүргізушілердің біздер­ді елемей қысып тас­тайтын кездері бар. Олардың көбі велосипедшілерді жол қозғалысының бір мүшесі ретінде қабылдағысы келмейді. Мүмкіндігі болса, ал­дымызды кес-кестеп, дөңайбат көрсеткісі келгендей көшенің шетіне қарай қысып жіберуге бейім тұрады. Әлемнің дамыған елдерінің бәрі осыны қолайлы көргенде, астаналықтардың да жаппай велосипедпен жолға шығатын күні онша алыс емес деп ойлаймын».

Жақында Мәжіліс депутаты Дания Еспаева министрлер мен әкімдерден бастап «керемет көліктерін» қарапа­йым велосипедке ауыстыру туралы тілегін білдірген еді. Депутаттың тосын тілегі велоспорт саласының өкілдерінің өтінішінен кейін туындаған екен. Соңғы кездері велосипедшілердің қатысуымен жол апаттары жиілеп кетіпті. Велосипедшілер веложолдардың жоқтығынан бір қиналса, велосипед қозғалысы жеткілікті деңгейде заңмен реттелмегендіктен, жол қатерінен сақтана алмай отыр. Жол қозғалысы кезінде велосипедшінің алдынан озып кетерде жеке көлік иелерінің 1 немесе 1,5 метрлік арақашықтықты ұстануды заңмен бекітпейінше, оның шешілмейтіні анық.

Веложолдар қажет-ақ
Тек бұл ма?! Жоқ, миллион тұрғыны бар Астанаға «Astana bike» алып келген мың велосипед кімге жетеді? Егер тұрғындар бір бекетке байланбай, өздігінен велосипед сатып алып, еркін пайдаланғысы келсе, оның да қиындықтары бар. Басқа-басқа, көп қабатты үйлердің жеделсатыларымен велосипедті түсіріп не көтеріп алу мүмкін емес. Амалдап түсіріп алғанның өзінде барған жерінде қаңтарып қоятын орын тағы қарастырылмаған. Қала тротуарларының бордюрлері тым биік. Веложолдар, негізі, қаланың бас жоспарында көзделген. Көбіне демалыс аймақтарында салынбақ. Қаланың Тұран және Қорғалжын тас жолында шамалы шақырым жерді велосипедшілердің пайдалануына беріп, суретін салып тастады. Бірақ бұл да аз. Бүгінде Астанадағы арнайы веложолдардың ұзындығы 4 шақырымды құрайды. Салыстыра кетсек, веложолдардың ұзындығы Германияда – 1400, Қытайда – 450, ал Мәскеуде 74 шақырымды құрайды екен. 2017 жылы Астанадағы арнайы веложолдың ұзындығы 50 шақырымға жетеді деген болатын.

Сөздің соңында осы саланың дамуына атсалысып жүретіндерге айтар сөзіміз бар. Қаланың ірі саябақтарының жанында велобекеттер жоқ. Саябақтарда велосипедпен сейілдеу қарастырылмаған. Демек, көліктің осы түріне таңдауы түсіп, велосипедпен жүруді үйренгісі келгендерге тағы бір мүмкіндік кесілді деген сөз. Егер арнайы жол болмаса, саябақтарда жүруге рұқсат болмаса, онда қайда барып теуіп үйренеді? Қала тұрғындарының назарын велосипедке аударғымыз келсе, онда барлық жағдайды жасап қо­йып талап еткен жөн болар еді!

Айгүл Уайсова




Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button