Басты ақпаратҚала мен Сала

World Scholar’s Cup пәнаралық олимпиадасы



Елордадағы «Жастар» театрында Spectrum халықаралық мектебінің ұйымдастыруымен World Scholar’s Cup пәнаралық олимпиадасының халықаралық деңгейі басталды. 20-ға жуық елден келген оқушылар алдағы төрт күн бойы түрлі академиялық сайыстарда бақ сынайды. Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан олимпиаданың халықаралық деңгейіне Орталық Азия, Еуропа, Үндістан, Пәкістан және басқа да елдерден жалпы саны 215 білімпаз қатысуда.

Аталған шараның ұйымдастырушылары мұндай басқосу оқушылардың бір-бірімен жақын танысып, әлемнің әр қиырынан өзіне достар табуына үлкен мүмкіндік береді дейді. «Бүгін Нұр-Сұлтан қаласына World Scholar’s Cup пәнаралық олимпиа­дасының халықаралық деңгейін өткізу үшін жиналып отырмыз. Қатысушылар әлемнің түкпір-түкпірінен келгендіктен, оқушыларға өз дәстүрлерін көрсетуге мол мүмкіндік қарастырылған. Білімпаздардың бір-бірінен үйренері де көп деген ойдамын. Оман және Кения секілді алыстан келген қатысушыларымыз бар. Орталық Азия мен Еуропа, Үндістан мен Пәкістаннан да көптеген оқушылар келді. Бұл – түрлі мемлекеттер мен дәстүрлердің байланысы. Нақты саны 215 қатысушы бар. Бұл жиын – оқушылардың бір-бірін тануына, әлемде дос табуына үлкен мүмкіндік» деді олимпиаданың ұйымдастырушысы Жозеф Уиллард Хар.
Олимпиаданың ашылу салтанаты барысында сахнадағы үлкен орындықтан бастап айналаның барлығы үлкенді-кішілі орындықпен толғанын аңғардық. Осыдан-ақ халықаралық деңгейдің басты элементі, тақырыбы орындық екенін түсінуге болады. Жауабын ұйымдастырушылардан сұрап көрдік. «World Scholar’s Cup олимпиадасы барысында көптеген елді араладық. Түрлі қызықты дәстүрге куә болдық. Алайда біз елемейтін дүниелер жетерлік. Тіпті адамдардың өзі күнделікті бір-біріне зер салып, маңыз беріп қарамайды. Орындық – қарапайым зат. Күнде отыратын орындыққа да зер салып қарай бермейміз. Бұл – тек мысал ғана. Үлкен істерді атқару үшін кішкентай дүниелерді де қаперде ұстаған жөн» деді ұйымдастырушылар.
Оқушылар түскі астан кейін арнайы автобустарға отырып, «Жетісу» саябағына жол тартты. Саябақта арнайы ұйымдастырылған ойындар ойнап, бірінші күнді қорытындылады. Елорданы аралаған оқушылардың алған әсері ұшан-теңіз. Біз олардың бірқатарын сөзге тарттық. Солардың бірі – оңтүстіккореялық Юнгжун Мун. «Есімім Youngjiun Moon. Оңтүстік Кореяда дүниеге келдім. Қазір Астанадағы QSI халықаралық мектебінде оқимын. Бүгінгі World Scholar’s Cup Global Round өте қызықты өтіп жатыр. Әртүрлі елдерден келген достарымызбен баға жетпес тәжірибе алмасып, қызықты дәстүрлермен танысудамыз. Ең ұнағаны – топ болып жұмыс жасау. Дәл қазір флешмоб ұйымдастырып жатырмыз» деді 13 жасар қатысушы.
Оқушылар автобустан түсе сала топ болып суретке түсіп, қызықты флешмобтар ұйымдастыруға кірісіп кетті. «World Scholar’s Cup-қа алғаш рет қатысып отырмын. Пәндерге дайындалуға ұзақ уақыт кетті. Бағдарламалар күрделі болса да қызық. Өзіме ұнап жатыр. Қазақстан өте қонақжай ел екен. Ауа райы да тамылжып тұр» деді Кениядан келген қатысушы Амани Нжугуна.
Тағы бір қатысушы Аяулым Түкентегі ­Англиядан келіпті. «Англияда дүниеге келдім. Астанадағы Haileybury халықаралық мектебінде оқимын. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы World Scholar’s Cup Global Round 2019-ға қатысып жатырмыз. Бұл – бізге берілген үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар, осы жарысқа қатысу үшін ұзақ дайындалдық. Көптеген елдерден дос таптық. Барлық қатысушылар үшін таптырмас тәжірибе деп айтар едім» деді 13 жасар қатысушы.
Олимпиаданың екінші күні Нұр-Сұлтандағы Білім Орда ХҚҚ-на қатысты Spectrum халықаралық мектебінде жалғасатын болады.




Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button