Басты ақпаратҚоғамСұхбат

Елнар БАЗЫКЕН, сәулетші: «БӘЙТЕРЕКТІ» ЖАҢҒЫРТУ – ҮЛКЕН МӘРТЕБЕ



Жақында елорданың тарихи нысанына айналған «Бәйтерек» монументін жаңартқан, ЭКСПО қалашығындағы ең тартымды Қатар павильонының қасбетін жасаған астаналық Елнар Базыкенмен елордамыздың келешегі және өзге де қызықты тақырыптар туралы пікірлестік.

Кішкентай кезімде үйдегі түсқағаздарды шимайлап, сурет салғанды ұнатушы едім. Әке-шешем жаңасын жабыстырса, оны да бояп тастайтынмын. Содан әкем мені жетектеп, бейнелеу өнерінің мектебіне алып барды. Бұл істің қыр-сырымен сол жерде таныстым. Кейін өсе келе «Кім боламын?» деген сұрақ туындағанда, ойланбастан сәулет өнеріне бет бұрдым. Еуразия ұлттық университетіне грантқа оқуға түстім. Жұмыс­ты 2 курс оқып жүргенде «Астана бас жоспары» мекемесінде бастадым. Ең алғашқы жалақым 13 мың теңге еді. Сол кездегі бастығым белгілі сәулетші Нұрмахан Тоқаевтың қол астында 2 жылдай жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадым. Айтпақшы, әкем де архитектор. 7 жыл бұрын әкем екеуміз «Гүлден-АС» компаниясын құрдық. Компаниямызды бұлай атауымыздың бір себебі, Гүлден есімді қарындасым бар. Ал екінші жағынан, сол жылдары «Гүлдене бер, Астана» деген ұран қаладағы барлық көрнекті жерлерде жазылып тұратын. Шынымды айтсам, архитектор емес, полицей қызметкері болуды армандадым. Бірақ өмірдің ағысы мені осы жолға алып келді. Міне, осы салада жүргеніме 10 жыл болып қалды. Алғашқы жылдары Дубайда 3 жылға келісімшарт бойынша жұмыс істеуге ұсыныс түсті. Қазір одан бас тартқаныма еш өкінбеймін.

Алғаш компаниямызды ашқанда ешқандай тапсырыс болған жоқ. Газеттерге хабарландыру да бердік, жарнама да жасадық. Бірақ бірде-бір адам қызығушылық танытып хабарласқан жоқ. Бұл жағдайдан кейін қол қусырып отырмай, өзім жобаларды салып, оны ұсыну керектігін түсіндім. Жаңа жыл қарсаңында 2010 жылдың иесі «барыс» логотипін жасап шығардым. Эскиздерді құшақтап, сол жылдардағы Алматы ауданының әкімі Сапар Ахметовке бардым. Қаланың мерекелік безендіруін барыс стилінде жасауды ұсындым. Басқа аудандардан ерекшеленгісі келген әкім идеяны қолпаштап, бірден қабылдады. Бұл менің талабымды оятты. Сол кезден бастап менің басты қағидам – өнімді жасау және ұсыну дегенге саяды.

Қазір идеялар талқыға түсетін заман. Бүгінде он шақты маманнан жасақталған тобымызбен тапсырыстарды орындап жүрміз. Уақытымыздың біраз бөлігін міндетті түрде шығармашылыққа да арнаймыз. Кейде дайын маманнан гөрі жастармен жұмыс істеген оңайырақ. Өз компаниямды дарындардың шоғырланған мекені еткім келеді. ЕҰУ-нің магистр дәрежесін алып, 4 жылға жуық уақыт университет қабырғасында сабақ берген едім. Міне, жақында сол жас дарындармен орта толады. Біздің студенттер не үшін оқып жатқандарын түсінсе деймін. Көбісі еңбектің арқасында қандай жетістікке жетуге болатынын, сәулетші елімізге қандай пайда тигізе алатыны жайлы ойланбайды.

«Хан шатыр» маған ешқандай эмоция бермейді. Жаңадан салынған «Talan Towers» ғимаратының көркі көз тартарлық. Құрылымы жағынан қарапайым, бірақ ғажап ғимарат. Нысанның архитектуралық жаны бар. Айтар ойы нық. «Астана Опера» – нағыз классика, «Бәйтерек» – тарих, еліміздің жарқын болашаққа ұмтылысы. «Ақорда» – ұлттық нышанда жасалған жылдар өте келе де өз әсемдігін жоғалтпаған ғимарат. Осы тұста, атақты архитектор Ренцо Пианоның айтқаны есіме түсіп тұр. Ол «…Егер жазушы нашар кітап жазса, оны ешкім оқымай қояды. Ал егер сәулетші жұмысын жаман атқарса, адамдар жылдар бойы ұсқынсыз дүниені қарауға мәжбүр болады» деген. Мен осыған толықтай келісемін.

Бірде Қазбек есімді серіктесім маған телефон шалып, «Бәйтеректің» реконструкциясына шақырды. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап он күннің ішінде жаңа «Бәйтеректің» бейнесін салып шықтық. Басында ғимаратты жай ғана жаңарту көзделді. Кейін монументке жаңа тыныс, жаңа дизайнерлік көзқарас қажет екендігі байқалды. Ашылғаннан бері бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген ғимараттың шаруасы көп болды. Инженерлік, техникалық тұстарын ойластырып, инфрақұрылымын қайта жасап шықтық. Монументтің сыртындағы элементтерді ішкі дизайнға қостық. Ақ түстерді қосып, күмбезді алтындай жарқыраттық. Ал жөндеу жұмыстарын «Базис-А» компаниясы қолға алды. ЭКСПО-ның ашылуына үлгеру үшін жұмысшылар күн-түн демей, тер төкті. Келіссөздер 3-4 айға созылғандықтан, мамандар екі-ақ айда барлық идеяны жүзеге асырды. Бұл жоба – мен үшін үлкен мәртебе.

Қатар павильоны сингапурліктер жасаған жоба, ал оны еліміздің талаптарына сай етіп салу біздің міндет болды.

Басында біз нысанның жалпы тұжырымдамасымен таныстық. Қатарлықтар «Жігіттер, сендердің қолдарыңнан келе ме? Бізге керегі тек нәтиже, қазір жауабын айтыңдар» деді. Оның есесіне, павильонды бір ай ішінде салып шығуымызды өтінді. Ойлана келе, жұмысқа кірісіп кеттік. Алғаш рет компаниямызға мемлекет тапсырыс берді. Жұмысты Қазақстандағы Қатардың елшісі бақылап отырды. Барлығын біздің нарыққа бейімдеп, елде бар құрылыс материалдарын пайдаландық. Жауапкершілікті өз мойнымызға артып, әркез шешім қабылдап отыруға тура келді. Қай жерде теледидар, қай жерде ауа салқындатқыш болатынын ойластырдық. Негізі, бұл павильонның құлап қалу қаупі де болды. Себебі жерге түсетін күш қалыптан асып кетті. Бұл мәселені де шештік.
Ал фасадқа келетін болсақ, пайеткаларды Қытайдан алдырттық. Материал Қытайда декор ретінде кеңінен пайдаланылады екен, аса қымбат емес. Басында қатарлықтар да, ұлттық компанияның өкілдері де біздің идеяны түсінбеді. Жасап бітіргеннен кейін, Қатар павильонының фасады ең әдемі болатынына көз жеткізді. Біз о бастан жел энергиясының құдіретін көрсетуді мақсат тұттық. Одан басқа, ЭКСПО-да италиялық және аргентиналық мейрамхананың дизайнын жасап, жақсы тәжірибе жинақтадық.

Сәулет өнерінде қазақы на­қыш бар. Менің ұғымымда қазақы стиль – көшпенділердің өмір-салтын танытатын стиль. Елестетіңізші, мейрамхана кіреберісінде бауырсақ тегін таратылып, орталық залда қонақтар бір дастарқан басында тамақтанып отырса, нағыз қазақтың қонақжайлығын танытатын көрініс болар еді. Ата-бабамыздың арба, жебе, домбыра сияқты күнделікті пайдаланған дүниелерін жаңашылдықпен ұштастыруға болады. Киіз, тері сияқты материалдарды пайдаланып, сексеуіл ағашын брендке айналдыруға болады. Адамдар келіп, «Міне, қазақтың дархан даласында отырғандаймын» дейтіндей әсерге бөленсе деймін. Болашақта қазақтың жиһазын жасағым келеді.
Отандық туризмді дамытудың төте жолы кез келген бастамада ұлттық идея көрініс беруі керек. Жыл сайын «Қазақтың дастарқанынан дәм татыңыз» деген дәстүр қалыптастырып, оны әр елге барып насихаттап тұрсақ, нәтижесі көп күттірмейді. Әлем мұны образ ретінде қабылдауы мүмкін. Дүниенің қай түкпіріне бармасаң да, «қазақы қонақжайлық» деген ұғым қалыптасушы еді. Бұл – «швед үстелі» сияқты ұғым. Ал Бурабайда жылына бір рет рок-н-ролл фестивалін өткізсек, Көкшеден асқан танымал жер болмаушы еді.

Сәулетші – құрылыстағы ең басты, ең маңызды адам. Ол инженер, конструктор, құрылысшыларды басқарып, оның сызбасы бойынша үйлер салынады. «Дарындысың» деген сөз – мен үшін адамға салынған таңба. Әркім күш жұмсаса, кез келген жетістікке қол жеткізе алады. Мен де кезінде алып теңіздің ағысына қарсы тұра алмай, қарым талды. Кейін еркін жүзуді үйрендім. Шынымен де, сәулетшіге өз-өзіңді мойындату өте қиын. Шығармашылық адам ешқашан да бір толқында қалып қалмауы керек.
Сәулет – өмір сүру салты, өзгертуге деген құштарлық және көңіл-күй. Егер дизайн мәселені шешсе, архитектура пайдалануға берілетін кеңістікті жасайды. Бұл қалада барлығы тек сіз үшін жасалғанын есте ұстау қажет. Қаржы алпауыттар сіз үшін мейрамхана есігін ашып, сіз үшін қонақүйлерін салады. Сіздің ілтипатыңыз үшін олар бір-бірімен бәсекелес. Ал егер қаланы ыңғайсыз, тартымсыз десең, оны өзгертуге үлес қос. Мәселен, мен макет ұсынсам, сіз мәселе көтеріп, газетке жариялаңыз.

Сұхбатты жазып алған
Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button