Басты ақпаратЖаңалықтар

ЖАҒЫМСЫЗ ИІСТІҢ «ЖЫРЫ» ТОҚТАЙДЫ



Талдыкөл жақтан шығатын жағымсыз иістен астаналықтар арылатын болды. Бұл иістің бірден-бір себепкері қыс бойы мұз астында жиналып, көктем келгенде су бетіне көтерілетін күкірт сутегі еді. Аталмыш химиялық газды атмосфералық оттексіз кеңістіктегі бактериялар тудыратын. Ал бұл бактериялардың өмір сүруіне көлдің түбіне жылдар бойы жиналған балшық оң әсерін тигізетін.

04

«Талдыкөлдің түбіндегі балшықты сору жұмыстары толығымен аяқталды. Су қоймасынан 4 млн тонна балшық сорылды. Бұл өз кезегінде күкірт сутегінің жойылуына, қаланың жағымсыз иістен арылуына әкеледі» дейді Астана қаласы Коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Кристина Шилова.

Оның айтуынша, бұл жұмыстар аяқталған соң көлдің көлемі кішірейді. Талдыкөл елу жылдан астам уақыт тазартылған ағын суларды жинақтаушы ретінде қызмет етті. Сол кезеңде дамба салынып, көлдің тереңдігі 2 метрден 8 метрге дейін өсті. Ал көл кішірейген соң дамбаның қажеттігі болмай қалды. «Дамбаның топырағын енді кептірілген батпақпен араластырып, осы қоспа құрғатылған жерге себіледі. Болашақта бұл жерге шөп егу жоспарлануда. Содан соң Талдыкөл аумағы демалыс орнына айналады» дейді К. Шилова.

2015 жылдың желтоқсанынан Талдыкөлге тазатылған ағын суларды жіберу тоқтатылғанын, бұл су Есіл өзеніне жіберілетінін айта кетейік.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ      




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button