ЖАҺАННЫҢ ЖАС ФИЗИКТЕРІ ЖИНАЛДЫ
Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында оқушылар арасында физика пәні бойынша 45-інші Халықаралық олимпиаданың ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов ұйымдастырылып отырған аталмыш шараның ғылым мен білімді танудағы маңыздылығын айтып, өз елінің интеллектуалдық әлеуетін көрсететін дарынды балаларға жеңіс жолында сәттілік тіледі. Оның айтуынша, елордада өтіп жатқан IPHO олимпиадасына қатысушы мемлекеттердің саны рекордтық көрсеткішке ие болып отыр. Яғни, әлемнің 85 елінен келген 700-ге жуық қатысушы 21 шілдеге дейін Назарбаев университеті базасында білімдерін сынамақ. Қазақстан құрамасы атынан Әмір Бірәлин, Иса Данат, Нұрбек Дінмұхаммед, Нұрислам Тұрсынбек және Дәулет Құрмантаев ғылым бәйгесінде ел намысын қорғайды.
«Ғылымды қызығушылық дамытады. Бірақ, өкінішке қарай, оған әуестенушілер әр сыныпта бес-алтау ғана. Бұл олимпиада – оқушылардың ғылыми іргетасы. Маңыздысы қай жерден келгенің, нешінші орын алғаның емес, ойы жүйрік, ең үздік оқушылардың кездесіп, пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісіп, ғылыми байланыс орнатулары. Өйткені, өзге оқымыстылармен болған жақсы қарым-қатынас Эйнштейннің өзіне жаңалық ашуға бір септігін тигізген еді» дейді Халықаралық олимпиада президенті Ханс Йорданс.
Тәуелсіздік алғалы Қазақстан бұл олимпиадаға 17 рет қатысып, жеңіс қоржынын 8 алтын, 20 күміс және 17 қоламен толтырған екен. «Өзіміздің ел – Голландиямен салыстыратын болсам, Қазақстан оқушыларының деңгейі жоғары. Бұл – ұстаз берген сапалы білімнің айқын айғағы. Алтынды соңғы рет 80-жылдары алғанбыз. Одан кейін қоланың өзіне әжептәуір мәз боламыз. Сондай-ақ, бір байқағаным, батыс елдеріне жетістікке жетелейтін драйв жетіспейді. Ал, ондай құлшыныс Қазақстан қатысушыларынан ерекше байқалады» деп Ханс Йорданс біздің оқушыларға өз бағасын берді.
Атап айтар болсақ, олимпиада теориялық және тәжірибелік кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде 3 есепті шешуге 5 сағат уақыт беріледі. Ал, тәжірибе саны арнайы құрылғыларға байланысты әлі де нақтылана түспек.
Мәдина ЖАҚЫП