Қоғам

ЖАЛҒАН ЖАЛАНЫҢ ҚҰРБАНЫ



Өткен ғасырдың отызыншы жылдардағы қуғын-сүргін елі­мізді қурап тұрған шөпке тиген өрттей шарпыды. Әсіресе, халқымыздың қалаулы тұлғалары мен  ел ішіндегі көзіқарақты қарапа­йым адамдарға бүйідей тиді. Жазықсыз түрмеге тоғытылды. Сондай жалған жаланың құрбаны болған азаматтың бірі – Есмағамбет Оспанов.

711-kopirovat

Ол кісі Ақмола облысының Шучье ауданындағы Көрнекті ауылында өмір сүрген. Өз заманының көзі ашық азаматы болған. Елді колхоздастыруға белсенді атсалысқан. Кейін осы ісі басына қара бұлт болып үйіріледі. 1937 жылы «Колхоздарды жұртшылық тарықпайтындай жайылымдық жері бар, сулы, нулы орынға орналастырған жөн» деген бір ауыз сөзі үшін ауылдастары сыртынан арыз жазып, көрсетіп жібереді. Сөйтіп, «халық жауы» атанып шыға келеді. Сегіз жылға бас бостандығынан айырады. Жазасын Омбы түрмесінде өтейді. Ақыры, сонда аштықтан көз жұмады. Артында әйелі мен Қайырбек деген жалғыз баласы қалады. Ол әкесі ұсталғанда бірінші сыныптың табалдырығын енді аттаған. Анасы екеуі талай тауқыметті тартады. «Халық жауының отбасы» деген түртпекті де көреді. Бірақ қаршадайынан қайсар болып өскен Қайырбек оған мойымайды. Орта мектепті үздік аяқтап, Семей педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетін тәмамдайды. Ұзақ жылдар мектеп директоры болады. Аудандық әкімдікте жауапты қызмет атқарады.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында жариялылық желі оңынан соғып, қаралы жылдары жазықсыз ұсталып, атылып кеткен азаматтардың ісі қайта қарала бастайды. Қайырбек қария әкесін ақтау мақсатында ол жайында жазылған архивтік материалдарды тауып, жоғарыға хат жазады. Ешқандай кінәсі жоқ екендігін дәлелдеп, соттың шешімімен ақтап алады. Сөйтіп, әке алдындағы перзенттік парызын өтейді. Ақсақал биыл 85 жасында дүниеден озыпты. Өзі жастайынан қаламды серік етіп, екі-үш кітабы жарық көрген. Әсіресе, бабалары мен өзі өмір жолынан сыр шерткен «Ұрыңқай қырғызы» деген естеліктер жинағы тәп-тәуір құнды еңбек екен.

– Ерім әкесін өмірден өткенше аузынан тастамады. Жыл сайын қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде «Алжир» музейіне барып, жазықсыз құрбан болған жандардың рухына тағзым жасайтын. Ол жайында балалары мен немерелеріне айтып отыратын. Білімді, парасатты кісі болды. Үйімізден жақсылар үзілмеді. Енді оның көзі жоқ болса да, атамның әруағы риза болсын деп мен еске алып отырмын. Дүниеден озар алдында соны маған аманаттап кетіп еді, – дейді жанары жасқа толған Майра Әбдікәрімова әжеміз.

Иә, бұл –қаралы жылдарда бастан кешкен бір отбасының тағдыры. Ал мұндай оқиғаны жүздеп емес, мыңдап кездестіруге болады. Жамандықтың бәрі сонымен кетсін!

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button