Қоғам

ЖАЛАҢ ҰРАН ЕМЕС НАҚТЫ ІС ҚАЖЕТ

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының жарияланғанына 5 айдай уақыт өтті. 

4ac920fdd779a1bd5a28049ef1cbce663a001e5f-kopirovat

Алғашқыда еліміздің ақпарат құралдары осынау маңызды құжатты құлшына насихаттауға кіріскенімен, уақыт өте келе бұл науқандық сипат күйінде, әдеттегідей, кезекті бір іс-шара ретінде қалып қойған сияқты. Ең өкініштісі, қарапа­йым халық бұған аса мән беріп те жатқан жоқ па дерсің? Өйт­кені баяғыдай жаттанды сөздер, жалаң ұрандар мен оралымсыз ойлар биліктің түпкі мақсатын түсінбеушілікке әкеліп соқтыруда. Шынын айтқанда, кейбір жеке басындағы мәселелері шешілмеген адамдарда іштей наразылық бар. Сонымен қатар, болып жатқан оң өзгерістерді бағаламаушылық та бар, әлі де Қазақстанда мыңдаған өндіріс орындары ашылып жатқанына сенбейтін адамдар арамызда баршылық.

Өз кезегінде: «Біздің мұнымыз дұрыс болмады, енді жағдайды қалайша түзетеміз?» деп әбігерге түсіп жатқан билік иелері де көрінбейді. Нәтижесінде, Президент бірнеше мәрте ескерткендей, қоғамның өзекті мәселелері дер уақытында әрі ұғынықты тілде түсіндірілмей, халыққа жетпей жататыны құпия емес. Оған былтыр орын алған жер мәселесіне қатысты және меншік иесі жөнінде Конституцияның 26-бабына өзгертулер енгізуге байланысты туындаған келеңсіз жағдайлар толық куә бола алады.

Олай болса, Мемлекет басшысының Жолдауындағы міндеттердің мүлтіксіз орындалуына барлық мүдделі орындар бірлескені жөн. Әсіресе, БАҚ пен тиісті сала мамандары тіл табысып, жұмыс істесе құба-құп. Айталық, небір күрделі мәселелерді жалпақ тілмен түсіндіре отырып, оларды шешу жолында халықтың ықыласын оятсақ.

Осы орайда кәнігі журналист Қайнар Олжайдың белгілі суретші Ерболат Төлепбаймен ертеректе болған бір сұхбаты ойыма оралып отыр. Сұхбат барысында Е.Төлепбай Жапония елінен мынадай бір мысалды келтіреді. Ол теледидардан теміржол бойында небәрі 8 шаршы метр жерде құрқылтайдың ұясындай баспанада тұратын жапондықтың жеке жетістігін көрсеткенінде таң қалғандығын жасырмайды. Оның сыры мынаған саяды. Көсіліп жатса аяғы сыртқа шығып қалатын мекенінде жапондық үйін еденнен төмен қарай қазады. Күнделікті теміржолдағы жұмысынан кейін үйіне келіп қазған тура үш қап топырағын үш жыл бойы арнайы орынға тасып отырады.

Санап жіберсең, осы уақыт ішінде ол тура 3285 қап шығарыпты. Сонымен жер астынан алты қабат тік қуыс қазған жапондық оған жарық пен жылу тартады. Желдеткіш қондыр­ғылар орнатады. Ақыр аяғында пәленбай қатар сөрелерді жасап, онда саңырауқұлақтар өсіріпті. Одан кейін күн сайын көшені жағалай орналасқан ресторандарға саңырау­құлағын өткізіп, өзі теміржолдағы жұмысына баратын көрінеді. Міне, теледидарда осыны жалықпай насихаттау үрдісі орын алған.

Біздің де айтарымыз, жазарымыз, көрсетеріміз жетерлік. Бір ғана мысал. Жұмыспен қамту, еңбек мәселесі жөнінде сөз қоз­ғалғанда, өз басым біздің Үкімет «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын қабылдап, жұмыспен қамту мәселесінде бұрын-соңды болмаған қадамдар жасады деп есептеймін. Атап айтқанда, бағдарлама бойынша жұмыссыз азамат екі қолға бір күрек табуға шын ниет етсе, аудан, қалалардан ашылған жұмыспен қамту орталықтарына тіркеледі. Мамандығы сай келетін мекемеге жолдама береді. Болмаса, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Сол жәрмеңкеде бағы жануы мүмкін. Ал оның мамандығы бойынша орны мүлде табылмай жатса, ол басқа мамандық, яғни нарықтағы сұранысқа ие мамандықты алуға, қайта даярлануына ұсыныс айтылады.

«Жоқ, мен ешкімге бағынышты болмаймын, өзім жұмыс орнын ашып, бағымды бизнес саласында сынап көремін» десе, онда оған шағын бизнесті ұйымдастыру үшін аталмыш бағдарлама аясында үш миллион теңгеге дейін несие беріледі. Бұл қаржының басқалардан ерекшелігі – шаруаң дөңгелегенше несие төлеуден босататын мерзімі бар. Міне, осындай мүмкіндіктерді неге пайдаланбасқа? Елбасының жаңа Жолдауының бас­ты мақсаты да қазіргідей күрделі кезеңде, бірінші кезекте, адамдарға қолдау көрсету болып табылады. Сайып келгенде, бұл экономикалық өсудің басты шарты – адами капиталды қолдау деген сөз.

Жолдауда біздің адамдардың жаһандық бәсекеге қабілетті болу керектігі, ол үшін ағылшын тілін меңгеру қажеттілігі айтылады. Сондай-ақ, әлемде төртінші өнеркәсіптік революция басталғанына байланысты жаңа IT саланы игеруді бейімделуге, отандық ғылым негізінде инновациялық әлеует қалыптастыруға, логистикалық инфрақұрылымдарды дамытуға, кәсіпкерлікті қолдап, бизнес-ортаны түбегейлі жақсартуға әрі кеңейтуге, жерді пайдалану тиімділігін арттыруға қатысты қадау-қадау мәселелерді шешу міндеттері тұр.

Бір сөзбен айтқанда, Жолдау осы мәселелерді шешуге үндеп отыр. Енді БАҚ арқылы жүйелі түрде нақ­ты мы­салдарға жүгіне келе, үзбей на­си­хаттауды қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл жұмысқа көрген – түйгендері мол, әңгімені нақты, байыпты айтатын, әр сөйле­мін мінсіз мүсіндейтін, мағыналы ойын дөп түсіретін, аузы дуалы, сөзі уәлі аза­маттарды кеңінен тартқан жөн.
Иә, адамдар мен қоғам сана-­сезімін ояту, оны қазіргі жаңа талап­­тарға сай қалыптастыру оңай шаруа емес. Сондықтан да мемлекеттің тарапынан насихат жұмыстарын жүргізу тәсілдері түбегейлі өзгеру қажет. Қоғам да талқылау мен іске асыру шараларынан тыс қалмауы керек. Көп болып кіріссек, алынбайтын қамал жоқ.

Кенжеболат Жолдыбай,
саясаттанушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button