SportБасты ақпарат

Жалтыр мұзда кіл жүйрік



Демалыс күндері астаналықтар мен қала қонақтары «Алау» спорт кешенінде өткен мұздағы тартысты да қызықты мотожарысты тамашалауға мүмкіндік алды. Елордада алғаш рет ұйымдастырылған додаға Ресей, Қазақстан, Германия, Швеция, Австрия және Нидерландтан келген спортшылар Әлем чемпионатының жүлдесін сарапқа салды. Екі күнге жалғасқан мотожарыстың қорытындысы бойынша Ресей көш бастады.


Қазақстан атынан шыққан Андрей Шишегов жарыстың бірінші күні ширек финалға дейін жетті. Онда Андрей мотобайкқа иелік ете алмай, финалға жолдаманы қолдан жіберіп алды. Оның алдына шведтік Мартин Хаарахильтунен шығып кетті. Екінші күні Шишегов ширек финалға да жетпей, қайтадан шведтік спортшыдан қалып қойды. Әр бұрылыста, әр айналымда барын салған қазақстандық спортшыға тәжірибе жетіспеді дейді мамандар.
Жеңіске ұмтылған Мартин Хаарахильтуненнің ойыны көпшілікті таңғалдырды. Себебі қазіргі әлем чемпионы Дмитрий Колтаковтің көрсеткіштеріне жақындау жас спортшыға оңай түспегені анық. «Жол жап-жақсы. Жарыстың төрт айналымында да ешқандай қиындық болмады» деді Мартиннің өзі. Осылайша, шеттен келген шведтік мотошабандоз күміс жүлдеге ие болса, Колтаков жарыстың алғашқы және соңғы күні біршама басымдылықпен жеңісті жұлып алды.
Әдетте, ресейлік мотошабандоздар дербес және топтық жарыстарда бірінші орынмен қатар жеңіс тұғырының үш бірдей орнын иемденеді. Бұл жолы да Ресейден келген Дмитрий Хомитсевич алғашқы күні III орын иеленсе, келесі күні Сергей Карачинцев пен Даниил Иванов II және III орынға жайғасты. Әлемдегі ең қауіпті әрі экстремалды спорт түрінің елордада алғаш рет өткізілуі – мұздағы мотожарыстың еліміздегі танымалдылығын арттырады деп үміттенеді ұйымдастырушылар. Биылғы Әлем чемпионатының финалы 5 кезеңнен тұрады. Спортшылар Ресей, Германия және Нидерланд елдерінде өтетін келесі кезеңдерде бақ сынасады.
Жарысты Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның АвтоМотоспорт федерациясы ұйымдастырды.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button