ЖАҢА ЖҰМЫС ТӘСІЛІНДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ
1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық қоғамдық қабылдаудың Астанадағы жаңа ғимаратында болды.
Ғимаратты аралау барысында Партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Қоғамдық қабылдаулардың жаңа жұмыс тәсілі туралы хабардар етті.
«Нұр Отанның» Қоғамдық қабылдауына Қазақстандағы Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысының үлгісі бойынша халықпен жұмыс жасаудың сервистік бағдардағы тәсілдері және Оңтүстік Корея, Сингапур, Дания сияқты елдердегі озық тәжірибелер енгізілуде.
Жаңа бағыт өңірлердегі ахуал туралы баламалы, мемлекеттік органдарға тәуелсіз ақпараттар алуға мүмкіндік береді.
Нұрсұлтан Назарбаев тұрғындармен «он-лайн» режимінде байланысуға болатын «Электронды партия» жобасымен танысты. Партияның ресми сайтына өтініш жолдап, заңгерлік кеңес алуға болады. Өтініштің орындалу барысын nurotan.kz сайтынан да, арнайы берілетін QR-коды арқылы да қадағалап отыруға болады. Сондай-ақ, партияның еліміз бойынша ортақ тегін (2) 597-850 байланыс нөмірі бар call-орталығы құрылған.
Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Республикалық қоғамдық қабылдауға өтінішпен келген азаматтарды қабылдады.
«Нұр Отанның» өңірлік бөлімше жетекшілері бейнебайланыс жүйесі бойынша партия Төрағасына XV съезде берілген тапсырмалардың орындалуы жөнінде баяндады.
Іс-шара аяқталғаннан кейін «Нұр Отан» партиясы Саяси Кеңесі Бюросының мүшесі, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа үлгідегі бірінші партиялық билетті тапсырды.