Басты ақпарат

Жаңбыр суы ағатын жүйе жедел қарқынмен салынады



Астана әкімі Әсет Исекешев Үкімет отырысында елордадағы екі күнгі толассыз жауған нөсерден кейінгі ахуалға қатысты есеп беріп, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың сауалдарына жауап берді. Қала басшысы канализация және су құбырын тартуға қатысты жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Әсет Өрентайұлы осы мақсатқа бөлінген қаражаттың шеңберінде 2019 жылы бас қалада нөсер канализациясы құрылысының аяқталатынын айтты.

 «2017 жылы біз Тұран және Ұлы Дала даңғылындағы, 31-ші көшедегі, Көктал кентіндегі, Мыңжылдық аллеясындағы су тазарту нысандарын салып бітірдік. Бір жылда жедел қарқынмен Тұран-Сығанақ көшелерінің қиылысындағы тазарту нысандарын қайта жөндеуден өткізіп, су ағындарын Бейсеков көшесі – Қорғалжын тас жолынан әрі жіберетін ұзындығы 15 шақырымдық су ағызатын коллекторды орнаттық. Сондай-ақ, Мыңжылдық аллеясы мен Тельман ықшам ауданында (теміржол вокзалы ауданы) жаңбыр суы ағатын желінің құрылысын бастадық» деп есеп берді Әсет Исекешев.
Ол елордада нөсер суына қатысты күрделі жағдай қалыптасатын учаскелердің бар екенін жоққа шығарған жоқ. «Толассыз нөсер жауғанда су көп жиналатын жерлер – Ақбұлақ, Б.Момышұлы көшелері, бұл көшелерге ағын сулар үлкен аумақтардан (Абылайхан көшесі, Жастар және Оңтүстік-Шығыс ықшам ауданы) және жаңадан салынып жатқан аумақтар мен тас жолдардан – Қошқарбаев, Тәуелсіздік, Мыңжылдық және басқаларынан жиналады. Ағын суларды екі есеге ұлғайтудың техникалық шешімдерін таптық. Бұл мәселені шешетін жобаны 2019 жылы жүзеге асырамыз. Қаражат бөлуді ескере отырып, бұл бағдарламаны тездетіп бітіреміз. Негізінен, алдағы үш жылда елордадағы нөсер суын ағызатын канализацияға қатысты мәселелер толығымен шешіледі» деп сендірді қала басшысы.

Әсет Өрентайұлы соңғы екі күнде қалыптасқан ахуалдың оңай болмағанын атап айтты. Бұған себеп – 1,5 сөткеде 45 мм нөсер суы жиналған, ал нөсер суының айлық мөлшері 29 мм болуы тиіс. «Екі күнде айлық нормадан 1,5 есеге көп нөсер жауды. Қолданыстағы құрылыс ережелері мен нормаларына сәйкес, нөсер суы ағатын желілер тек 20 минуттық жаңбырға ғана арналып салынған. 20 минут бойы жауған жаңбырдың суы 4 сағаттың ішінде ағып кетуі керек. Ал 21 тамыз күні жаңбыр күні бойы толастаған жоқ. 20 тамыз күні сағат 17-лердің шамасында тоқтамай жауған ақ жауыннан қаладағы үш күрделі учаскеде су басу оқиғалары тіркелді. Бірақ суды бірден сорып алдық. Бақытжан Әбдірұлы, барлық коммуналдық қызметтер екі сөтке бойы тұрғындардың нөсер канализациясы жүйесінің шағымы бойынша үздіксіз жұмыс істеді» деді Ә.Исекешев. Ол ерекше селдеткен нөсердің нәтижесінде бас қаланың бірқатар көшелерінде ағын судың жиналып қалғанын мойындады. «Мұндай жағдай кез келген қалада болуы мүмкін. Мысалы, нөсер суы ағатын керемет канализациясы бар Сингапур, Мәскеу, Киев сияқты қалаларда, Германия, АҚШ, Францияның қалаларында да толассыз жауған жауынның зардабы болғанын білеміз» деді қала басшысы.
Сөз соңында Әсет Исекешев аталған мәселені әкімдік қатаң бақылауда ұстап отырғанын, бұған Үкіметтің қолдауы қажеттігін алға тартты. «Бақытжан Әбдірұлы, осыған орай Сізге бір өтінішім бар. Қазір «Табиғи монополиялар туралы» заңда нөсер ағындарының қызметі реттелмеген. Біз елордада «Астана-Тазалық» ЖШС базасында нөсер канализациясы бойынша жұмыс істейтін кәсіпорын ашқымыз келеді. Ол кәсіпорын аталған жүйені толық бақылауда ұстай алады. Осыған орай, министрлікке тапсырма беруіңізді сұраймын, біз бұл жұмысты өз қолымызға аламыз. «Астана-Тазалық» ЖШС-ін жекешелендіру бағдарламасынан алып тастауыңызды сұраймын, өйткені ол тек ағын сулар қызметімен айналысады» деді әкім.




Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button