Елорда тынысы

Жанжалды ушықтырмай шешеді



Бүгінгі таңда медиация ­институты отбасы мәселесін шешудің тиімді құралына айналып, өзінің маңызы мен қажетін дәлелдеді. Адамдар даулы жағдайды шешу үшін медиатордың қызметіне бұрынғыдан көбірек жүгінуде. Осыған орай, елордадағы Достық үйінде «Отбасы медиациясы және отбасы жанжалдарын шешу» тақырыбында жиын өтті.

Елорданың кәсіби медиаторлары, психологтары мен судьялары тұрмыстағы жанжалдарды тиімді шешу мәселесін талқылады. Дөңгелек үстелді ашып, сөз сөйлеген Астана қаласы Ішкі ­саясат басқармасының басшысы Дәурен ­Бабамұратов отбасындағы жанжалдарға, зорлық-зомбылыққа, әсіресе балаларға қатысты теріс ақпарат әлеуметтік желіде жиі кездесетінін атап өтті.

– Біз отбасы құндылығын жастар арасында белсенді түрде насихаттап, отбасындағы қарым-қатынастың оң бейнесін жасауымыз керек. Сондай-ақ отбасы институты және олардың қазіргі қоғамдағы маңызы туралы заманауи әдістерді жеткізе алатын қоғамдық пікір көшбасшыларын қалыптастыру маңызды, – деді Дәурен Бабамұратов.

«Татуласу (медиация) орталығы» жобасының негізгі мақсаты – отбасылық жанжалдарды медиация әдісімен реттеу рәсімдерінің артықшылығын түсіндіру, яғни тараптардың заңды мүддесін, құқығын қорғау, сондай-ақ медиация рәсімдерін насихаттау және қаладағы отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы жанжал деңгейін төмендету. Аталған жобаны жүзеге асыру аясында М.Әуезов көшесіндегі 19-үйде арнайы кеңсе жұмыс істейді. Онда қоғамдық қабылдау және психологиялық-құқықтық кеңестер беру бойынша «сенім телефоны» бар. Әрбір азаматпен түсіндіру жұмысы жүргізіліп, заңгер кеңесі беріледі. Медиаторлар мен құқық қорғау органдары бірлесіп жұмыс істейді. Сонымен бірге, аталған жоба аясында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты өзара іс-қимыл тетігін талқылау мақсатында Астана қаласы судьяларының міндетін атқарушылардың, заңгерлердің, білікті мамандардың және мақсатты аудиторияның қатысуымен семинар-тренинг, кездесу өткізу жоспарлануда.

Өткен жылы жоба аясында түрлі мәселе бойынша 500-ден астам азамат жүгінген. Олардың ішінде ең көп кездескені: отбасындағы жанжал, қызғаныштан туындаған қақтығыс, ішімдікке салыну, қаржылық қиындықтар, тұрақты және жеке баспананың болмауы, материалдық жағдайдың төмендігі, жұмыссыздық секілді мәселелер.

Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының бастамасымен отбасында туындаған дауды медиация институтының әлеуетін дұрыс пайдалана отырып шешу мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен медиацияны түсіндіру жұмыстарына бағытталған ұзақ мерзімді «үшжылдық» жобасы жүзеге асырылуда.

Әйелдер істері және отбасылық-­демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Қарлығаш Саркенова 2022 жылдың қорытындысы бойынша соттарға 780 мың азаматтық іс пен материал келіп түскенін жеткізді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 10,1%-ға артық.

Өз кезегінде «Отбасылық табыс орталығы» қоғамдық қорының жоба жетекшісі Роза Бекішева 300-ге жуық азаматты қабылдағанын, оның 47-сі медиация көмегімен өз мәселесін шешкенін айтты. Яғни медиация – кез келген дауды медиатордың қатысуы арқылы реттеу деген сөз.

Елорданың татуластыру орталығының басшысы Лейла Зинашева қаладағы статистиканы келтірді.

– Біз соттан тыс және сотқа дейінгі даулардың түрлерін ақысыз қызмет көрсету арқылы шешеміз. 4 қаңтардан бастап отбасындағы жанжалдар бойынша 803 іс, алимент мәселелері бойынша 353 өтініш, бірлесіп алынған мүлікті бөлу бойынша 397 өтініш қаралды, – деді ол.

Жиын барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық, жалғызбасты аналар, бұзылған некелер мен суицид санының көбеюі секілді өзге де тақырыптар талқыланды.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button